Басты бет » Жаңалықтар » Әлеужелінің әлем-жәлемі (видео)

Әлеужелінің әлем-жәлемі (видео)

Әлеужелі деп отырғанымыз, әлеуметтік желі. Иә, сол әлеужелі жастарды желімше тартып барады. Желілердің беті әлем-жәлем, мән-мағынасыз, керек десеңіз дөрекі әзілдерге толы. Тіпті, әзіл деп те айтуға келмейтін сайқымазақ көріністер жаулап алды.

Сурет ғаламтордан алынды

Қазір үлкен де, жас та, жасөспірім де әлеуметтік желінің құрсауынан шыға алмай қалды. Ол – ақиқат. Ел енді сол желінің «желін» өзіміз мәдениетті түрде өз ыңғайымызға бұрып, неге тәрбие құралына айналдырмасқа?! Парақшасында жүз мыңдаған, миллиондаған жазылушылары бар блогерлер түрлі сала мамандарымен тікелей эфирде сұхбаттар ұйымдастырып, түрлі жастар пікірталастарын, жастар арасындағы, жалпы қоғамдағы келеңсіздіктерді жоюға бағыттап, ағартушылық мақсатқа, тәлімді ой айту алаңы ретінде неге пайдаланбаймыз?! Алайда өкініштісі сол, көпшілігі оны пайда табудың құралы ретінде ғана қарап, жеңіл хайп пен жарнаманың базарына айналдырып алды.

Бос ыржаңға салып, мәнсіз вайндар түсіргенше, көпшілікке ой салатын, жастарды ұлтжандылыққа, патриоттыққа тәрбиелейтін, ұлттық құндылықтарды, тілді насихаттайтын видеолар түсірсе құба-құп болар еді. Қазір не көп, қоғамда келеңсіз жағдайлар көп. Жастар неге соған назар аударып, шешу жолдарын қарастыруға ұмтылмайды.

Сурет ғаламтордан алынды

Әлеуметтік желі ойыңа келгенді жасап, аузыңа келгенді айтатын орта емес. Инстаграмшылар мен тиктокшылар күлдіреміз деп бүлдіріп жатырғандарын түсінер ме екен? Тик-токтың «жұлдызы» боламыз деп жын ұрғандай неше түрлі сайқымазақ әрекеттер жасап жүрген есерсоқтарды да көз көріп жүр. Хайп пен лайк үшін неге болса да баратын жастар көбейді.

Мына бір мысалға назар аударыңыз! Соңғы уақытта жастар арасында туған күнде туған күн иесінің бетіне торт жағу, жағу емес-ау торт лақтыру әдеті белең алып барады. Тағаммен ойнау, ас лақтыру не деген сорақылық десеңізші?! Ал соны жасап жүргендер өз әрекеттеріне өздері мәз. Жастар бір-біріне жасауды қойып, енді әке-шешелерінің бетіне торт лақтырып ойнайтынды шығарыпты. Төмендегі видеоны көрсеңіздер масқаралықтың көкесі дерсіз!

Журналист Гүлмира Әбіқайдың Фейсбук парақшасынан алынды

Өзінің Фейсбук парақшасында осы видеоны жариялаған белгілі журналист Гүлмира Әбіқай одан әрі жазба қалдырып:

«ҚАЙРАН, ШЕШЕ

— Мен неден қорқам?

— Миын тик-ток жеп қойған жастардан қорқам.

Күлкі емес жылау керек бұған» депті. Пікір жазушылар да бұл жағдайды масқаралыққа теңеуде: «Ұятсыздар, осылай істеуге бола ма екен, есалаңдар, лайк жинаудың жаңа тәсілі деп ойлағандар оңбайды» десе, енді бірі «Жылайтын нәрсеге күліп жатқан оспадарсыз ұрпақ, ойсыз буын өсіп келеді. Анасы ма екен, әлде қалжыңдайтын жеңгесі ме екен?! Не болса да тәтті нанның обал-сауабы жібермес. P.S. Осы қылық нені білдіреді өзі?! Қайдан шыққан дарақы қылық?» деп жазып жатырғандар жетерлік. Расымен де, не боп, кімге айналып барамыз осы?! Ойланасыздар ма сол туралы?

Жалаңаш денесін көрсетіп, нанмен ойнайтындар жүр инстаграмда. Ал біздің телеарналар оларды талқыға салып, солармен әңгіме-дүкен құрып, ойларын тыңдайды. Қазір бәрінің ойлайтыны хайп пен рейтинг жинау болып кетті ғой. Не дерсің енді бұған!

Пранк дегенді де жасаушылар көбейіп, бірін-бірі қорқыту, алдау, тағдырмен, өмірмен ойнау да бұл заманның «хиті» болып тұр. Жақында бір белгілі әншінің туған күнінде достары пранк жасаймыз деп, ұлын ұрлап, әлгі әкені жыларман күйге түсірді, «жанын көзіне көрсетті» десе де болады. Осы қаншалықты дұрыс деп ойлайсыздар оқырман!

******

Осындайда, Ұлы Абайдың әйгілі «Сегіз аяғындағы»:

«… Басында ми жоқ,
Өзінде ой жоқ,
Күлкішіл кердең наданның.
Көп айтса көнді,
Жұрт айтса болды —
Әдеті надан адамның.
Бойда қайрат, ойда көз
Болмаған соң, айтпа сөз…

…Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық
Аздырар адам баласын.
Таласып босқа,
Жау болып досқа,
Қор болып, құрып барасың.
Өтірік шағым толды ғой,
Өкінер уақытың болды ғой…» деген жолдар еріксіз ойға оралады.

Венера Мұратқызы

Пікір жазу