Басты бет » Жаңалықтар » Балалар әдебиетінің бүгінгі бейнесі

Балалар әдебиетінің бүгінгі бейнесі

Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Бұл Президенттің сөзі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал кітап оқу дағдысы бала кезден қалыптасады. Бердібек Соқпақбаев, Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әліден кейін балалар әдебиеті елеусіз қалғандай. Балдырғанның санасына ұлттық құндылықтарды сіңіретін көркем әдебиет неге кенжелеп қалды? Бүгінгі балалар әдебиетінің беталысы жақсы деуге келмес. Ғаламтордан жылдам ақпарат алып үйренген бала кітап оқуға құмар да емес. Әдейі балаға арнап жазатындар да аз. Оның ішінде қазақ тіліндегі көркем әдебиет қат дүниеге айналды. Елордадағы орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасындағы құнды дүниелер қатарында баяғы Соқпақбаевтың шығармалары тұр. Қазақ тіліндегі кітаптың үлесі 60 процентке жетіпті. Алайда басым бөлігі – аударма.

Жанна Байдарбекова, аға кітапханашы:

Аударма кітаптарымыз өте көп. Балаларға оқитын кітап жоқ деуге болмайды. Бірақ бар, оның өзі аударма. Қазақ тілінде қазіргі шығып жатқан қазақ жазушыларының сүйсініп оқитын шығармалары аз.

Венера Гайнуллина баланы кітап оқуға жастайынан баулу керек дейді. Ол үшін қысқаша ертегілер және түрлі боямақтармен қызықтырған жөн. Мемлекеттен қайтарымсыз грант алған Венера қазақша боямақтар жасайды. Бала суретті бояп қана қоймайды…

Венера Гайнуллина, жеке кәсіпкер:

– Суретті бояп отырып, ойынның қалай ойналатынын оқи алады. Сол бойынша қазақтың ұлттық ойындарын қайта жаңғырту, балаларға таныстыру мақсатында бастадық. Кейін Ыбырай Алтынсаринның әңгімелерінен, Абай Құнанбаевтың аудармаларынан боямақтар әзірлеп шығардық.

Ертегі мен боямақ балдырғандарға арналған. Ал одан ересек баланы немен қызықтырамыз? Президентттің өзі бұл мәселені көтеріп, оқу мәдениетін қалыптастыру қажеттігін айтты. Халықаралық зерттеу қорытындысы оқушылардың оқу сауаттылығы дағдысының дамымағанын көрсеткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Баланың оқуға деген қызығушылығы, қоршаған ортаны кітап арқылы тануы мектеп қабырғасында қалыптасу керек. Ал кітапхана оқушының сол ынтасын оятып, оны қызықты кітап әлеміне жетелеуі қажет.

Өкінішке қарай, баланы кітап әлеміне жетелейтіндей шығармалар азайып кетті дейді жазушы Қаржаубай Сартқожаұлы. Кезінде жасөспірім балаларға арнап көркем проза жазған жазушы дүкеннен әдеби кітап таппайтынын айтады. Ол жазған біраз дүние оқырманның көңілінен шыққан еді. Алайда ғалым әдебиетті емес тарихты таңдапты. Өзі бұл саладан қол үзгенімен, басқа жазушыларды ынталандыру керек деген ойда.

Қаржаубай Сартқожаұлы, филология ғылымының докторы:

– Жақсы жазатын ақындар көп. Оны жоққа шығаруға болмайды. Ал жазушылар аз. Неге? Біріншіден мемлекет тарапынан ынталандыру жоқ. Балалар әдебиетіне бір баспада белгілі сомада қаржы белгілеу керек. Жазушыларды насихаттау керек.

Балалар әдебиетін табыс көзіне айналдырғандардың ісі тапшылыққа әкелді. Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов осылай дейді. Оның айтуынша, осыдан біраз жыл бұрын жарыққа шыққан кітаптар қайта басылып жатыр. Бірақ дүкен сөресінде неге жоқ?

Мереке Құлкенов, Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары:

– Жұрт қазақ кітабы шықпай жатыр деп ойлайды. Мысалы, «Менің атым Қожаны» апарып тапсырсаң, олар оның үстіне 70 процент баға қояды. Біздің соңғы 70 жылдағы мықты-мықты жазушылардың кітаптары шығып жатыр. Оған әңгіме жоқ. Бірақ осыны таратуда Үкімет қандай жағдайды ойлау керек деген мәселе бар.

Жазушының айтуынша, Үкімет балаларға арналған кітаптардың бағасын бақылауда ұстауы керек. Бала оқитын дүние қолжетімді болғаны дұрыс. Екіншіден, сол кітіапты шығартын баспаларға нақты қолдау қажет. Онан соң, жазушыларды ынталандыру маңызды. Жазғысы келетіндер көп, алайда жағдай жасалмаған.

Мереке Құлкенов, жазушылар одағы төрағасының орынбасары:

– Қамқорлық жасау керек. Солардың кітабын бірінші шығарып, стимул беру қажет. Мысалы, мемлекеттік сыйлық жылда беріледі. Бірақ балалар әдебиетіне деген номинация ешқашан болған емес. Балаларға арнап жазған дүниелерге 2-3 есе гонорар көп қою керек. Стимул күшейеді. Бұрын солай болған.

Иә, балалар әдебиетіне қолдау керек. Өйткені тіл ұстартудың басты құралы – осы кейінгі ұрпаққа алған дүниелер.  

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Марат Диханбаев

Дерек көзі: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/433274-balalar-debietini-b-gingi-bejnesi

Фото https://alashainasy.kz/

Пікір жазу