Басты бет » Жаңалықтар » Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті

Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтті

Италияда 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі басталды. Бұл ел қысқы Олимпиаданы үшінші рет қабылдап отыр.

Төртжылдықтың басты додасы Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Кортина бұған дейін 1956 жылғы Олимпиада ойындарын өткізген, ал 2006 жылы жарыстар Туринде ұйымдастырылған еді. Араға 20 жыл салып, Олимпиада қайтадан Италия жеріне оралды.

2026 жылғы Олимпиаданың ашылу рәсімі бұрын-соңды болмаған ерекше форматта өтпек. Салтанатты шара тек Миландағы әйгілі «Сан-Сиро» стадионында ғана емес, сонымен қатар Кортина-д’Ампеццо қаласында да ұйымдастырылады. Дәстүрлі спортшылар шеруі Милан мен Кортинадан бөлек, Ливиньо мен Предаццо қалаларында да өтеді. Ұйымдастырушылар мұндай шешімді әрбір спортшы Олимпиаданың бір бөлігі екенін әрі оның айрықша атмосферасын толық сезінуі үшін қабылдаған.

Ашылу рәсімінде екі олимпиадалық алау жағылатын болады. Оның бірі Миланда, ал екіншісі Кортина-д’Ампеццо қаласында орналасқан.

Салтанатты кештің басты тақырыбы — Armonia (Гармония). Бұл спортты, өнерді және инновацияны біріктіретін үйлесімділік ұғымын білдіреді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Armonia – құндылықтарды бейне, дыбыс пен сезім арқылы жеткізу қабілеті. Бұл — Италияның шынайы болмысын, оның өнерін, шығармашылығын танытатын ерекше сапар.

Шоу Италияның көркем әлемін әсерлі етіп көрсетеді: Леонардо да Винчи мен ұлы өнертапқыштардың мұрасынан бастап, заманауи дизайн, музыка мен сән-салтанатқа дейінгі элементтер қамтылады. Бұрынғы Олимпиадалардағы ауқымды қойылымдарымен танымал Марко Балич креативті топ пен режиссерлерді басқарады.

Рәсім барысында 2025 жылы өмірден өткен әйгілі сәнгер Джорджо Арманиге арналған еске алу бөліміне де ерекше орын беріледі. Оның Emporio Armani (EA7) бренді ұзақ жылдар бойы Италияның Олимпиада және Паралимпиада құрамаларына спорттық киім әзірлеп келген.

Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының намысын 36 спортшы қорғайды. Миланда еліміздің туын шорт-трекші көрсететін Денис Никиша алып шығады. Ал Ливиньо қаласында Қазақстан құрамасының ту ұстаушысы — фристайл-могул спортшысы Аяулым Әмренова.

Олимпиаданың ашылу рәсімі Qazsport, Qazaqstan, Jibek Joly және «Хабар» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Фото: Сали САБИРОВ