«Жас келсе, іске» демекші, 21 жастағы Асыл АлдабергенТүркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалған болатын. «Azattyq Ruhy» сайтының тілшісі Түркістан облысы әкімінің су жаңа кеңесшісі Асыл Алдабергенге хабарласып, жаңа қызметі жайлы сұраған екен.
Жас жігіт түркістандық шенеуніктерге халық сенімін арттыруға көмектеспек. Ал бір күнде күллі елге танымал болып шыға келген ол өзінің әке-шешесі ешқашан мемлекеттік қызметте болмағанын, екеуі де Шымкент қаласында жеке кәсіппен айналысатынын айтты.
«Түркістан қаласында тудым. Әке-шешем шенеунік емес. Жеке секторда істейді, кәсіппен айналысады. Қазір әке-шешенің ықпалымен, ақшамен жұмысқа тұратын заман емес», – деді Асыл Алдаберген.
Шөкеевке кеңес берумен қоса, ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Хакім Құшқалиевтің көмекшісі қызметін де қатар алып жүр екен.
«Көмекші қызметім агенттікпен мақұлданған, соның штатында бекітілген. Хакім Дүйсешұлының жанында құқықтық мәселелермен айналысамын. Бірақ офицер шенім болмағандықтан, ол да штаттан тыс жұмыс. Мені сол кісінің арқасында қызметтерге алып жатыр, туысы шығар деген де күдік туатын шығар. Бірақ ол Атырау облысының тумасы. Былтырдан бері ғана танимын. Үлгеріп жатсаң, көмекші бол деп өзі ұсыныс айтты», – деп түсіндірді.
Асыл Алдаберген «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесіндегі жұмысын қатардағы менеджер болып бастаған.
«Аймақтық жобалық кеңседе 2019 жылдың ақпан айынан маусым айына дейін менеджер болып істедім. Одан кейін сол агенттік ұсынысымен жобалық кеңсенің жетекшісі қызметіне тағайындалдым. Себебі, соған дейінгі жұмыс көрсеткіштерім жақсы болды. Ұсыныс түсті, мен қабылдадым. Біздің жұмысымыздың нәтижесі біріншіден, аймақтағы жемқорлықтың азаюынан, содан кейін атқарған жобаларымыздан көрінеді. Қазір де сол кеңседемін», – деді ол.
Бірақ жас жігіт әлі жоғары оқу орнын аяқтамаған. Мектепті Шымкент қаласында үздік бітірген.
«Мен оқуды биыл бітіремін. Себебі, академиялық ұтқырлық бағдарламасымен екі жыл Италияда оқыдым. Сол себепті «отработка» болып, оқуым 5 жылға созылып кетті. Бастапқыда Қазақ-Британ технологиялық университетіне (ҚБТУ) түскенмін. Отбасылық жағдайларға байланысты кейін Қазақ сәулет-құрылыс академиясына ауысуға тура келді», –деді оқуы туралы Асыл Алдаберген.
Ол еңбек жолын 18 жасында бастағанын айтады.
«Адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне дейін «А-2» деген ЖШС-да жұмыс істедім. Ол жерде мемлекеттік сатып алуды жүргіздім. Бірақ ол кәсіпорын ешқашан мемлекеттік тапсырыстарды орындаған жоқ. Басқа еш жерде жұмыс істемедім», – деді ол.
Асыл Алдабергеннің айтуынша, қазіргі уақытта билік институттарына халық сенімін арттыру үшін барлық облыстардағы жобалық кеңселер басшылары әкімдердің штаттан тыс кеңесшісі болып жатыр екен. Кеңесшілікке шенеуніктердің емес, қоғам өкілдерінің тартылуы да сондықтан. Қазір бұл тәжірибе Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қалаларында бар. Штаттан тыс кеңесшіге айлық төленбейді.
Ал «Адалдық алаңы» – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен мемлекеттік органдар бірлесе жүзеге асыратын жоба. Мақсаты – тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлқын қалыптастыру, жемқорлық мәселесін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы шешу, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету жолындағы шараларды ұйымдастыру.
Абай Сейфулла,
Нұр-Сұлтан
https://azattyq-ruhy.kz/