Басты бет » Жаңалықтар » Ж. ХАДЖИЕВ АТЫНДАҒЫ ІІІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕАТРЛАР ФЕСТИВАЛІ: ІЗДЕНІС ПЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ

Ж. ХАДЖИЕВ АТЫНДАҒЫ ІІІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕАТРЛАР ФЕСТИВАЛІ: ІЗДЕНІС ПЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ

      Тірі ағза саналатын театр өнеріне деген қызығушылық, саф өнерге деген құрметтің артып келе жатқандығы бүгінгі қоғамда айқын сезіліп келеді. Смартфонды серік еткен жас буын да, көгілдір экраннан көз қуантарлық дүние көре алмаған қариялар да бір сағат жан тыныштығын театрдан іздеуді әдетке айналдырды. Кино өнері пайда болғанда, театрдың қызметі аяқталады деп пікір білдірген ғалымдар да тірі ағзаның тіршілік сағаты адамзат ғұмырымен жалғаса беретіндігін мойындағандай. Сол өнерге селкеу түсірмей еңбектеніп келе жатқан әлемнің түкпір-түкпіріндегі театрлар қоғам тынысы мен заман шындығын шама шарқы келгенше сахнадан ұсынуда. Осыған дейінгі бесжылдықта елімізде өтетін театр фестивальдері республикалық деңгеймен шектелетін. Бүгінде, дүниежүзілік театрлар фестивалін өткізуге қауқарлы Қазақстанның әр аймағында әр ай сайын түрлі деңгейдегі додалар ұйымдастырылуда. Саны артпай, сапасын өлшей алмайтынымыз тағы бар. Қатары көбейген сайын өзіндік ерекшелік пен қайталанбас форма табылуы да театр өнерінің өсуіне зор ықпалы болары сөзсіз.

      Хош, қазақ өнеріндегі еншісін алып, көрерменімен көзбе-көз өмір сүретін театр өнерінің кезекті Халықаралық дәрежедегі фестивалі өтті. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, тәуелсіз  «Тарлан» сыйлығының иегері, режиссер ЖАНАТ ХАДЖИЕВ есімі мен өнерін ұлықтаған Ұлытау өңіріндегі фестивальдің орны ерекше. Мақсаты айқын, мәні зор.

1

Қазан айының 15-19 күндері аралығында Серке театрында сегіз театрдың басын қосқан айтулы шара бұрынғы фестивальдерден өзгерек болды. Бағалаушы болмасақ да, бақылаушы ретінде жезді өлкеге шақыртумен ат басын бұрған едік. Алғаш аяқ басқан жеріміз емес, арқаның ақжүрек адамдары мен өнерге құрметі шексіз ізденімпаздар ортасына екінші рет жолымыз түсті. Сонымен не көрдік, көңілге не түйдік, көзі қырағы көрерменімізге айтарымыз не? Аз-кем.

  Алғашқы күн. 15 қазан. Фестиваль шымылдығын «Ұмытыңдар оны…» (реж.: Ж. Жұманбай, авт.: Г. Горин) қойылымы ашты.

2

Герострат  – Мақсат Рахмет «Ұмытыңдар оны…» трагикомедиясы

Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының репертуарына осы жылдың қаңтар айында ғана енген қойылымның алғаш бәйгеге түсуі. Талқылау әрі ойды нақтылау ұнады. Қазылар алқасын таңдауда аталмыш фестиваль ұйымдастырушыларынан үлгі алуға кеңес беремін. Кейбір атағы дардай театр фестивальдеріне қосып қоятын шенеуніктен (экс-орынбасар) қайбір терең талдау дәметеміз. Бұл театр бәйгесінде қазылық еткен, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Нұр-Сұлтан қаласы Жастар театрының көркемдік жетекшісі Н. Жақыпбай, УФА мемлекеттік Өнер институтының доценті, өнертану кандидаты А. Сагитова, Театртанушы, доцент, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Өнертану» факультетінің деканы М. Жақсылықова, Театртанушы, доцент, М. Әуезов атындағы Әдебиет және театр институтының «Театртану және кино» бөлімінің меңгерушісі А. Мұқан және Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, театр суретшісі М. Сапаров болды.

3

 Хош, бұл қойылым жайында алғашқы әсеріммен премьерадан кейін-ақ ой бөліскен едім. Бұл жолы сол ойларыма аз-кем түзетулер жасадым, өзімше. Қойылымның сәтті сахналануының алғашқы себебінің бірі – драматургияның көркемдік деңгейінің жоғарылығы. Фестивальге әкелінген барлық дерлік қойылымдағы алғашқы кемшілік – драматургияның әлсіздігі мен дұрыс таңдалмауы болды. Бұл тұрғыдан алғанда «Ұмытыңдар оны…» алға шықты. Тиссаферн – өздігінен шешім қабылдап, елді басқаруға жалғыз өзінің құдіреті жетпейтін Эфес қаласының әміршісі. Өз басының абыройы үшін катігез харекетке баратын да, әу баста жіберген қателігі үшін өмірлік опық жеп өтер кейіпкер де сол. Тиссаферн ролінде – Сағызбай Қарабалин. Әміршінің әлсіз психологиясын, Софокл сындылардың сөздерінсіз ақылы арыға жетпейтін таным-түсінігін дәл бере білді. Осының нәижесінде Тиссаферн ролі үшін  «ЕКІНШІ ПЛАНДАҒЫ ҮЗДІК ЕР АДАМ РОЛІ» номинациясы бұйырды.

      Сахналық бейнені жасауда сыртқы іс-әрекетпен ғана емес, ішкі психотехника арқылы сезімін жеткізу жағы сәл кемшін болғанымен, ізденісін көрсеткен Герострат роліндегі Мақсат Рахмет те көпшіліктің көңілінен шықты. Өзіндік жұмыс ретінде дүниеге келіп, театр репертуарын толықтырған жұмыс қазылар тарапынан да бағаланды. Нәтижесінде «ҮМІТ» – жас актер М. Рахметте.

     Екінші күн. Шығыс Қазақстан облыстық драма театры ұсынған «Сергелдең болған серілер» (реж.: С. Акелеев, авт.: Б. Мұқай)  қойылымы көпшілік назарына ұсынылды. Өзекті мәселені арқау еткен қойылым, қоғам шындығын көрсеткісі келген көріністер. Бірақ, барлығы дерлік мәселені маңдайға ұру (лобовой) және сахналық эстетикадан гөрі тұрмыстық  (бытовой) сахналар басым.

4

«Сергелдең болған серілер» (реж.: С. Акелеев, авт.: Б. Мұқай) комедиясы

       Спектакльдің серілер көрдік, бірақ сергелдең болды ма ол белгісіз. Заманауи спектакль қою үшін заманауи шығарма болу міндетті емес. Жазылғанына ғасырдан астам уақыт өткен «Қарагөзден» де заманауи спектакль шығарған режиссер бар. Демек, ол үшін драматургия деңгейі жоғары болуы қажет. «Өмірзаядай» роман жазған жазушыға басымды игеніммен, «Сергелдең болған серілер» пьесасын жазған драматургке таңдана алмадым. Әйтпесе, екеуі бір адам еді. Комедияны «ең оңай» жанр деп есептеуімізді қоймасақ ешқашан ұтпаймыз. Иненің жасуындай жасандылықты көтермейтін жанрды арқалаған спектакльде тек ойын көрдік. Рольге кеше-бүгін бекітілген артистер секілді сенімсіз ойын. Сахналық жасандылық. Талабы таудай театр жастарының шығармашылық ізденісін арттыруға жұмыстар жасалмаған. Қысқасы, шығыстықтар әлі де театр өнерінің шексіз мүмкіндігін пайдалануда шектеліп жүргендерін көрсетті. Бір қойылыммен бүтін театрды бағалаудан аулақпыз. Дегенмен, додаға қосар дүниелері талқыға түсерін білген соң үздікті бәйгеге қосу керек еді. Ал, расымен үздігі осы болса, әлі көөөөп жұмыс жасалынуы қажет. Және бұл кезек күттіктермейтін мәселе.
А. Умуралиев атындағы Бішкек қалалық драма театры француз драматургі Ж. Ануйдің «Оркестр» (ауд.: С. Володина) пьесасының негізінде сахналаған «Сфорцандо» (реж.: Т. Захарова, авт.: Ж. Ануй)  спектаклін ұсынды.

5

 Фестиваль тәжірбие алмасу мектебі деген дұрыс шығар. Бірақ, ұжым, тіпті болмағанда бір артист өзінің шығармашылық деңгейін анықтайтындай бәйге болуы тиіс. Сыни пікір мен талқылауды былай қойғанда, өзге театр ұжымдарының қойылымын салыстырмалы түрде зерттемесе артистің қабілет қарымы бәсеңдеп штампқа айналуы мүмкін. Ал, аталмыш театр ұжымының кәсіби шеберліктерін шыңдауға деген ықыластары мен ізденістері ерекше қарқынды. Соғыстан кейінгі кезеңдегі оқиғаны арқау еткен спектакль атауы сфорцандо- дыбыстың күшейуін білдіретін музыкалық термин. Демек, соғыс – ауыр, соғыстан кейінгі кезең одан да ауыр, әрі оқиғалар күшейе түседі. Шағын курорт ішінде болатын музыканттар оқиғасын көрсете отырып, дәуір шындығын көрсетеді.  Театр фестиваліне  жан-жақты дайындалып, береріңнен аларың көп болып келуің қажет. Осындай ойдың үдесінен шыққан ұжым қырғыз елінің театры. Оларда шеберлікке қазықталған болмыс бар. Әрбір қойылымды кәсіби деңгейде бағаларлық шығармашылық өсу, жекелеген артистердің бейне жасау шеберлігі бар.

Үшінші күн «Адасқан бақ құсы» (реж.: Е. Төлеубай, авт.: Иран-Ғайып) спектаклін Семей қаласының Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық-драма театры ұсынды. Кемшілікті айтатын кез-келген адам табылады. Ал, кемшілікпен күресудің жолын айту театртанушыға парыз. Қойылымды жаңа көргендей таңданудың қажеті жоқ. Кінәліні іздесек те табу оңай. Бірақ, номинацияға ілікпеген бұл театр қойылымының драматургиялық шығарма таңдауда қателескенін, содан соң барып режиссураның осалдығын айтуға болады. Ал, актерлік ойын туралы сөз қозғау ерте. Себебі, сахнада актерлік ойын көрінген жоқ. Өзекті мәселені маңдайға ұру, таптаурын әдістер, астарсыз реплика. Эстетикалық көркемдік сақталмаған. Ақын дарынды ақын болуы мүмкін. Бірақ, ол дарынды драматург болуға кепілдік емес. Драматургия кез-келгенге жалын сипататын оңай жанр да емес. Талғамы биік, ойы терең режиссер кездеспесе бүкіл актерлік ансамбльге обал жасайды. Иә, кәдімгі обал деген қазақша сөз. Көрерменге арналған спектакль деген күннің өзінде ұсынғандарын көрерменге шайнап беруді қою керек.
Таза нан ұсынса жегіңіз келеді ал, шайналған нанды әкелсе қоқыс туралы ойлап тұрасыз. Авторлық позиция, азаматтық көзқарасты,
мінездер ерекшелігін ашу жағы кемшін. Жалпы,  көңілге қарап кемшілікті көмкеріп, өшіруге ықпал жасағаннан, өсуге деген бір күш жігер сыйлау артығырақ және дұрыс. Билік пен халық тақырыбы жер бетінен тіршілік тоқтамайынша жойылмайтын тақырып. Ол мәселені кішкентай ғана детальмен  кез-келген қойылымға кірістіріп те формасын табуға болады. Бір тақырыппен шектеліп, тұтас қойылымды тек  патша мен тобырдың азабы мен озбырлығына арнаудың қажеті шамалы. Көрерменге ойлануға мүмкіндік бермейтін хәлге жеттік. Түйін: «Нынешние зрители более образованы, более информированы, а актер не имеет права быть глупее своих зрителей».  [А.М]

        Өзбекстан Республикасынан келген «Турон» мемлекеттік әскери театрының «Улан» қойылымын тамашаладық.

ұлан

Фестиваль бағдарламасына ұсынған «Шынарым менің, шырайлым» қойылымын көреміз деп үміттенген біз музыкалық драма жанрындағы спектакльді тамашаладық. Өз жанрның ерекшеліктерін сақтағанымен спектакль деңгейіне көтерілген деп айту қиын. Концерт-спектакль дегеніміз дұрыс шығар. Өзбек театрына деген көзқарасымызды түбегейлі өзгертеді деп сенген едік. Актерлік бейненің өсуі, әрекет кемшін болды. Ұлттық деталь болуы, сақталуы керек шығар. Бірақ, кәсіби шеберлікті көрсету бөлек деңгейде болуы керек.

       Х. Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры Қ. Қасымов режиссурасымен сахналанған Х. Мюллердің «Филоктет-Медея» трагикомедиясын ала келді.

6

Фестивальдің төртінші күніне табан тірегенде көрген бұл спектакльден режиссердің жеке ізденісі бірден көзге түседі. Камералық спектакль. Көрерменін залға айналдыра отырғызып, оқиғаның тап қасында отырғандай сезіндіретін Филоктет пен Медеяның трагедиясы сол заманның ғана емес, адамзат тіршілігінің әр ғасырының үндес мәселесі. Негізгі өзегі – ар мен ұятты құрбандыққа шалған әйел-еркектің қай-қайсысы болмасын қалайда жеңіліс табатыны… Спектакль суретшісі – М. Мәмбетов. Антикалық кезең мен сол дәуірде туған шығармаларды сахналау шебері Қ. Қасымовтың трагедия жанры деп алған қойылымында роль шеңбері сақталмаған. Сондықтан да болар, трагедия бар, ал трагедияға жеткізетін оқиға жоқ. Сахналық костюмдерде эстетикалық көркемдік кемшін. Дегенмен, фестиваль аясындағы көрген қойылымдардың ішіндегі режиссерлік көзқарас,  шешім көрген бірден-бір спектакль деуге болады.
М. Вахидов атындағы Тәжікстан мемлекеттік  жастар театры ұсынған «Знамя Ковы» (авт. реж.: Н. Меликов) тарихи драмада режиссура, шахнамелік көзқарас сақталған. Режиссер Нұрқанат Жақыпбай: «мен бұл кезге дейін бірде-бір рет тәжік театрының спектакльдерін көрмесем де, өзімнің режиссурамды көргендей болдым» деп пікір білдірді. Спектакльді көрмес алдын бұрын-соңды ұжымын көрмеген театрдың тыныс-тіршілігі мен жетістіктерін жіпке тізгендей жазып алып, бар ықыласымды қойғаныммен, қазылар «жақсы» деп бағалағанымен, мен тереңіне бойлаған қойылым бола алмады.

       Фестивальдің соңғы күні Жезді өлкенің жүрегі С. Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының «Шыңғыс ханның ақ бұлты» спектакліне куә болдық.

7

Эпикалық драма жанрында сахналанған қойылым режиссері – Т. Жанботаев. Театр репертуарындағы бірнеше спектакльді сахналаған режиссердің кезекті жұмысы жезқазғандық көрермендердің ерекше көңілінен шығып, фестиваль аясында көрсетілген қойылымда ине шаншар орын болмады. Спектакльді тұрып көрген театртанушы үшін қуаныш болмаса, ешқандай қайғы емес. Спектакльге ойыссақ, Ш. Айтматов шығармашылығы ешкімді бей-жай қалдыра қоймайтын өткір шығармашылық. Туындыға сахналық нұсқа (инсценировка) жасаған режиссер Т. Жанботаев. Жазушы, драматург Р. Мұқанованың «Мен М. Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесіне инсценировка жасаудан бас тарттым. Себебі, Әуезовке бір сөз қосу үшін деңгейім онымен бір болуы қажет» деген бір сөзі бар. Бұл сахналық нұсқа жасаушылардың бәрінің құлағына алтын сырға деген сөз. Жас режиссер ұсынған спектакль экспозициясы күш-жігері мен ар-ұяты екі жақта сынға түсер сахнамен бастау алады. Айтылар ой терең болғанымен тым ұзақ реплика, түсіндірме, баяндама қалпында көрерменін алғашқы әсерден айырып алуға қадамдар жасалынады. Шыңғыс хан роліне – С. Бұлғақбаев.  Кәсіби шеберлігі бір төбе, өмірлік жиған қоры бөлек әңгіме аға буын артистің ойын үлгісі аталмыш спектакльдегі барша серіктестеріне үлгі боларлық деңгейде. Ең бірінші жетістік – қойылым былтырғы жылы сахналанған «Қара орамал» композициясынан көркемдік деңгейі әлдеқайда жоғары, режиссерлік көзқарасы бар дүние. Тік айтылатын ойлар мен аллегориялық бейне ақ бұлттың семиоткалық әдіс-тәсілін қарастырмауы спектакльдің көркемдік деңгейін түсіруге ықпал етіп тұр. Фестиваль аясындағы спектакльдер ішінен жас буын артистердің ерекше ізденісі мен психофизикалық дайындығы басым деп осы ұжымды ерекше айтса болады. Әсіресе, Шыңғыс Ханның жасөспірім кезеңі және ондағы сахна сайыстары қалыпты деңгейден жоғары. Егер жас буынды жігерлендірер номинацияны табыстауды ұсынса жас артист Н. Бейісбековті ұсынған болар едім. Қойылымдағы бір артист үлкен жүлдеге ие болса, бұл режиссердің еңбегі емес деп кім айтты? Сондықтан, спектакльдің салмағына сай еңбектенген, ізденген артистерге қолдау, өз кезегінде ынталандыру парыз емес міндетке саяды дегім келеді.

        Осылай отандық бес театр мен көршілес үш елдің ұжымдарының басын қосқан айтулы шараны 19-қазан күні салтанатты түрде қорытындыладық. Фестиваль не берді деген сауалдан бұрын мұндай шараны ұйымдастырған кімдер дегенге жауап іздеп көрейік. Жезқазған театрының аға буын артисті, ҚР Халық артисі Досжан Жанботаев бастаған театр ұжымы фестиваль басынан соңына дейін бәйгеге келгендерді емес, ет жақын туысын көргендей төрт күн төріне шығарып күтті. Жетудің өзі бір «ғанибет» Жезқазған қаласының жұртшылығы мен театрдың әрбір қызметкері әр аймақтан келген ұжымдардың өнерін ыждақаттылықпен тамашалады. Бүгінге дейін театр фествиальдері мен гастрольдің сапарларға шықпағанына жеті жылдан асып кеткен театрдың өзге ұжымдардың еңбектерін көруге деген ықыластары ерекше. Қарағанды облысы мен Жезқазған қалалық басшылығының театр өнеріне деген құрметтері мен сахна өнеріне деген қолдауларына таңданбасқа шара қалмады. Өз кезегінде театрдың барлық мүмкіндігін қарастырып, оңтүстік астанамызға гастрольдік сапармен келуін және мәдени астана көрермендерінің пікірі мен ықыласын сезінудің өзі Серке театры ұжымы үшін үлкен серпіліс болар еді. Құрылғандарына екі жыл өткенде 1974 жылы Алматы қаласына есеп беру гастрольдік сапарын өткізген театрдың 45 жылдан бергі жұмысы
мәдени орта қалыптасқан алып қалаға әкеліп қойылардай деңгейде емес пе?  Ол күндерге де жетеміз деген ниеттеміз.

    Театр ұжымдары өз шама-шарқы келгенінше өзекті мәселердің шетін шығаруға тырысты. Қорытынды осылай:

  • 1. «ҮМІТ» аталымы – Мақсат Рахмет (Герострат ролі үшін)
    «ҮЗДІК ЭПИЗОДТЫҚ ӘЙЕЛ АДАМ БЕЙНЕСІ» – Абдусаламқызы Жайнагүл (Бішкек театры)
    3. «ҮЗДІК ЕКІНШІ ПЛАНДАҒЫ ЕР АДАМ РОЛІ» – Сағызбай Қарабалин (Тиссаферн ролі үшін)
    4. «ҮЗДІК АКТЕРЛІК АНСАМБЛЬ» – А.Умиралиев атындағы Бішкек драма театры
    5. «ҮЗДІК РЕЖИССУРА» – Теміржан Жанботаев («Шыңғысханның ақ бұлты спектаклі үшін)
    6. «ҮЗДІК МУЗЫКАЛЫҚ СПЕКТАКЛЬ» – Турон мемлекеттік әскери театры (Өзбекстан)
    7. ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ АРНАЙЫ СЫЙЛЫҒЫ – Х. Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан драма театры ұжымы
    8. Ж. ХАДЖИЕВ АТЫНДАҒЫ АРНАЙЫ СЫЙЛЫҚ – М. Вахидов атындағы Тәжікстан жастар театры.

Аз уақыт болса Арқа жерін дүбірге бөлеген дода өз жалғасын тауып, мәртебесі арта бергей деген тілектеміз! Ж. ХАДЖИЕВ АТЫНДАҒЫ IV ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕАТР ФЕСТИВАЛІНЕ жақсы күндерде, жағымды жаңалықтармен жетіп, Жезқазғанды әу бастағы «Театр Меккесі» атағына жеткізер күн бұйыртсын!

                                             т

Бейбіт Әлкеева,

театртанушы

 

 

Пікір жазу