Басты бет » Жаңалықтар » Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Әс­керде әлімжеттікке, бұзақылыққа, ру­шылдыққа, жершілдікке орын жоқ

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Әс­керде әлімжеттікке, бұзақылыққа, ру­шылдыққа, жершілдікке орын жоқ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетін берген сұхбатында елдің қорғаныс саласы туралы айтты. Бейбіт күнде жас сарбаздардың қаза болуы, Қарулы Күштердің бүгінгі ахуалына тоқталып өтті.

Фото: Ақорда

– Мен әскери борышын өтеуге ша­қырылған сарбаздардың жарақат алуы мен қаза болуына қатысты оқиғаларды өр­кениетті елге жат, теріс үрдіс деп са­най­мын. Бейбіт заманда мұндай жайт­тар болмауға тиіс. Бұл туралы барлық күш­тік құрылым басшыларымен жуыр­да өткен кеңесте де айттым. Қорғаныс саласына жауапты мекеменің басшылы­ғын тәрбие жұмысын дұрыс қадағаламай отырғаны үшін сынға алдым. Армия жас­тарға қолдау көрсетіп, оларды елі­міз­дің нағыз азаматы ретінде тәрбиелеп шығаруы керек. Командирлер әскери қызметшілерге үлгі-өнеге болуға тиіс. Әс­керде әлімжеттікке, бұзақылыққа, ру­шылдыққа, жершілдікке орын жоқ, он­дай жайттарға жол берілмейді. Мұ­ның бәрін өзім жеке қадағалап отыра­мын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы ахуалды түзеу үшін шұғыл ша­ра­лар қабылдау жөнінде бұйрық бергенін, алайда қайғылы оқиғалар әскери бө­лімшелердің бәрінде болып жатпаға­нын атап өтті.

Фото: nege.kz

– Тексеру жұмыстары, жалпы, әскер­дегі тәртіп қатаң сақталатынын көрсет­ті. Танымалдыққа ұмтылған кейбір бло­герлер әскердегі шынайы ахуалға мүл­дем жанаспайтын сөз таратып жүр. Олар армияны сарбаздар күн сайын дер­лік қылмыскерлердің құрбанына ай­налып, қаза табатын жер ретінде көр­сеткісі келеді.
Шын мәнінде, сарбаз болу – өзіңді да­мыту үшін тың мүмкіндіктерге ие болу деген сөз. Әскери борышын өтеп қайт­қан жастар жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін оқи алады.
Олар әскерде жүргенде сұранысқа ие мамандықтарды меңгереді. Келісім­шарт­пен жұмыс істейтін әскери қызмет­ші­лер мен офицерлер әлеуметтік жағы­нан барынша қорғалған.
Армияда темірдей тәртіп болуға тиіс. Сарбаздар ант бергенде айтатын «Әске­ри қызметтің ауыртпалықтары мен қиын­шылықтарын табандылықпен кө­теремін» деген сөзден әскери өмірдің қа­таңдығын айқын аңғаруға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, әскери қызметтің абырой-беделін кө­теру және еліміздің қорғаныс қабіле­тін арттыру – мемлекеттің басты басым­ды­ғының бірі. Қарулы Күштерімізді тех­нологиялық тұрғыдан жаңғырту жұ­мысы қарқынды жүргізіле бастады.

– Был­тыр Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілген әскери шеруді шетелдік саясаткерлер мен әскери қайраткерлер жо­ғары бағалады, бұл іс-шара армия­мыз­дың заманауи қару-жарақпен және техникамен, соның ішінде Қазақстанда жасалған өнімдермен толық жабдық­тал­ғанын, сондай-ақ әскери қызметші­лері­міздің дайындығы өте жақсы екенін айқын көрсетті. Әскери бөлімшелеріміз ел ішіндегі және халықаралық деңгейдегі жаттығуларда тамаша нәтижеге жетіп жүр. Қазақстанда колледждерден бастап университетке дейінгі білім және ғылым мекемелерін түгел қамтитын ұлттық әскери мектеп қалыптасты.
Жуырда Тараздағы мамандан­дырыл­ған әскери мектепке бардым. Онда әлеу­­меттік жағынан осал топтағы отба­сы­лар­дан шыққан балалар оқиды. Бұл – жақ­сы бастама. Мен осы мектепке аты аңыз­ға айналған батырымыз Бауыржан Мо­мышұлының есімін беру туралы ше­шім қабылдадым. Облыс орталығының бәрінде осындай мектеп ашу туралы тап­сырма бердім. Бұл білім мекемелерін­де бүкіл еліміз мақтан тұтатын сардар­лар мен генералдар тәрбиеленіп шыға­ты­нына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.