Басты бет » Жаңалықтар » СТУДЕНТТІҢ ЖҰМЫС ІСТЕГЕНІ ДҰРЫС ПА?

СТУДЕНТТІҢ ЖҰМЫС ІСТЕГЕНІ ДҰРЫС ПА?

Студенттің жұмыс істегені дұрыс па? Жалпы студент не үшін жұмыс істеуі мүмкін? Бәлкім бар зейінін оқуға, білім алуға қойғаны дұрысырақ шығар? Студент деген кім? Ең алдымен соны анықтап алайықшы.

 

Студент – ізденуші (student, ағылшынша). Студент – білім талап етуші (toolib, арабша). Енді өзіңесұрақ қойшы. Сен өміріңнің маңызды жылдарын ізденуге, білім талап етуге арнауға дайынсың ба? Дайын болмасаң, онда бәлкім оқымай-ақ, жұмыс істегенің немесе кәсіппенайналысқаның абзалырақ шығар? Ал дайын болсаң, онда оқудан басқа нәрсені, мысалы, жұмыс істеуді ойлап қайтесің? Бар көңіліңді ізденуге, білім талап етуге бұрмайсыңба? Меніңше, студент атанған екенсің, атыңа лайық боп, білім алуды ғана уайым қылуың керек. Жұмыс істеп үлгересің әлі. Егер ата-анаңның сені қаржыландыруға шамасы жетпесе, түсінем. Онда оқып жүріп, жұмыс істегенің орынды. Бірақ олай болған күннің өзінде басқа шешім бар. Ол жайлы соңында айтам. Ал ата-анаң жағдайыңды жасапжатса, жұмыс істеудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Иә, түсінем. Сен де құрбы-құрдастарың сияқты жұмыс істеп, ақшаның дәмін татқың келеді.Оқып жүріп, жұмыс істеудің қандай зияны бар екенін жеткізіп көрейін. Ақша таба бастайсың. Қалаған киіміңді киесің. Қалаған рестораныңда тамақтанасың. Күшті ғой. Сосын анаңа туған күніне су жаңа айфон сыйлайсың. Ол оны көршілеріне көрсетіп, сені мақтан тұтады. Өзіңді қадірлі перзент сезіне-сің. «Ата-анамның алдындағы борышымды өтеп жатырмын» деп ойлайсың. Несі жаман? Жаман жерін айтайын. Сенде «оқымасам да, ақша таба алам, сол арқылы кез келген проблемамды шеше алам» деген ой туады. Сөйтіп, сен білімге немқұрайлы қарай бастайсың. Білім алуға деген ықыласың азаяды. Көңілің суиды. Енді саған қайдан білім қонсын? Ал білім – өте сараң зат. Оған өзіңді 100%-ға арнамасаң, саған ештеңесін бермейді. 100%-ға арнаған күннің өзінде 1%-ын берсе, соның өзі – жеңіс. Ал ақша ондай емес. Оған өзіңді 100%-ға арнамасаң да, оны таба аласың.

Білімді бермейді, білімді алады! Жас кезде білім алудың бір сағат «азабына» шыдамаған адам өмір бойы надандықтың азабын татып өтеді. Алғашқы екі курста іргелі (фундаментальный) білім алу маңызды. Тек универдің білімімен шектелу аздық етеді. Қосымша өзіңде ізденуің керек. Қай универде оқығаның емес, қалай ізденгенің маңызды. Мысалы, мен алпауыт ҚазҰУ-дың грантында оқымасада, қарапайым «Тұран»-ның журналистикасын ақылы оқып бітіріп, қазір халықаралық медиа компанияда істеп жатқан бір жігітті білемін. Ол қазір сол ҚазҰУ-ды бітірген журналистерден табыстырақ һәм кәсібирек. Қысқасы, қай универде оқысаң да, оқуға берілгенің сондай, жұмыс жайлы ойлануға уақытың да, күшің де қалмауы керек қой. Студенттік жылдар өміріңде ең көп кітап оқығаншағыңа айналсыншы. Мысалы, болашақ саясаттанушы саясат жайлы үздік 300 кітапты, болашақ филолог шетел әдебиетінің озық 300 шығармасын, болашақ қаржыгер қаржы жайлы 300 еңбекті оқып шығуды мақсат етсінші. Артық білім кітапта. Осыншама кітапты оқып бітірген студенттің ой-өрісі, білім деңгейі қандай болатынын елестете бер. Ол әлемдік деңгейдегі маманға айналадығой. Студент кезіңде ағылшын тілін меңгеріп алшы. 4 жылда қалған өміріңе азық болатын, сені ақшаның көзіне айналдыратын осы біртілді меңгере алмасаң, ұят!

Ағылшын тілін бір үйреніп алсаң, доллар теңгеден қалай озса, жылдан-жылға сен де қатарыңнан солай оза бересің. Жұмыс жайлы үшінші курстан кейін ойлана бастағаның дұрыс. Жұмыс тапсаң да, ол оқып жатқан салаңа қатысты және ниетің бірінші кезекте ақша табу емес, тәжірибе жинау болуы керек. Ақша тапқың кеп баражатса, жазғы демалыс бар. Сол кезде жұмыс істеуге болады. Жалпы ереже мынадай ғой: не оқы, не жұмыс істе. Бірақ бір уақытта екікеменің басын ұстасаң, суға кетесің. Есімде, бір жазғы демалысымда оңтайлы жұмыс шығып, екі айда $800 тапқан едім. Кейін солақшамды бір жылдық киім-кешегіме, кітаптарға, қосымша курстарыма (араб тілі, мамандығым бойынша бір курс) жұмсадым. Қосымша стипендия да алатынмын. Ақшам әдетте артылып қалатын. Білесің бе ақшаға қатысты ең бірінші меңгеруің керек машық не екенін? Ең бірінші ақшаны табуды емес, оны жаратуды үйренуің керек. Студенттік шақ – осы бір машықты меңгеруге керемет мүмкіндік. Аз ақшаны көп нәрсеге жеткізуді үйрен. Студенттің ақшасы мынадай деңгейде болуы керек деп ойлаймын: бір жағынан аш қалмай, екінші жағынан қарны тоймай жүруі керек. Себебі тоқ адамға білім қонбайды. Жақсы, стипендия алмаса, жұмыс істемесе, ата-анасы жағдайын жасамаса, студент өзіне қажет ақшанықайдан табады? Бұны ағалар өз жауапкершілігіне алуы керек. Сен аяққа тұрып алдың, жұмыс істейсің, кәсібіңді дөңгелетіп, ақша тауып жатырсың. Білім жолына түскен іні-қарындастарың бар. Енді солар оқудан басқа ештеңені уайымдамай, өмірінің ең маңызды 4 жылын алаңсыз білім алуға арнауы үшін жағдайын жаса. Мысалы, ауылыңнан шыққан ынталы һәм білімге ғашық жастарды тап та, бірнеше досыңмен бірігіп, ортаға ақша тастап, ай сайын солардың пәтерін, азық-түлігін төлеп тұруды өз міндетіңе ал. Болмайтын нәрсеге де кетіп жатыр ғой сол ақша.

Студенттер – садақа беруге ең лайық жандар. Олар – елдің ертеңі. Сенің осынау садақаң елдің дамуына салған қомақты инвестицияң болмақ. Ойлашы, ағалар осылай қаржылай қамқорлық жасап отырса, ал іні-қарындастар ықыласпен білім алса, қандай ғажап! Кейін осы жастар өз ісінің маманы болып, өзін ақшаның көзіне айналдырып, табысын еселеп, енді өз студент іні-қарындастарын қолдайтын болады. Сөйтіп, бай һәм білімді елге айналып шыға келеміз.