Өнер мен әдебиеттің сан түрлі жанры бір бойынан табылатын дарын иесі, ақын, жазушы, драматург, манасшы, айтыскер ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Баянғали Әлімжановтың бүгін туған күні.
«Қазақтың мен де ақкөңіл баласымын» деп жырлаған ақын Баянғали ағамызды мерейлі 65 жасымен құттықтап, шығармашылық шалқар шабыт тілейміз!
Баянғали Тақанұлы Әлімжановтың өмірі мен шығармашылық жолы туралы және бірнеше шығармасын оқырмандарымыздың назарына ұсынамыз.
Өмірбаяны
Әлімжанов Баянғали Тақанұлы 1954 ж. 16 қазанда Ақмола обл. (бұрынғы Көкшетау), Еңбекшілдер ауданы Степняк қаласында, қарапайым еңбекшілер отбасында дүниеге келген.
Әкесі Әлімжанов Тақан (1921-1996ж) Ұлы Отан соғысының мүгедегі, соғыстың басынан аяғына дейін қатысқан. Анасы Әбішева Бәтима (1918-1988 ж.). Екеуі де зейнетке шыққанша кеңшарда жұмыс істеген.
Б. Әлімжанов Степняк қаласындағы Абай атындағы орта мектепті (1971 ж.), ҚазМУ-дың қазақ филология факультетін бітірген. (1977 ж.) 1987 ж. дейін Алматы қаласында тұрған. Сәбит Мұқановтың мұражайында ғылыми қызметкер, «Лениншіл жас» \ қазіргі «Жас алаш», «Кітап жаршысы», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде тілші, «Қазақфильм» киностудиясында деректі фильмдер мен хроника бөлімінің редакторы, «Балдырған», «Жұлдыз» журналдарында проза, сын бөлімдерінің редакторы болып қызмет істеген. 1998 ж. Көкшетау қаласына көшіп, 2001 ж. дейін Шахмет Хұсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында сахна шебері болып қызмет атқарған. 2001 жылдан қазіргі уақытқа дейін шығармашылық жұмыста.
2006 жылдан бері Паң Нұрмағамбет киностудиясының көркемдік жетекшісі. Нұр-Сұлтан қаласында тұрады.
Шығармашылығы
- Поэзия.
Баянғали Әлімжанов лирикалық, философиялық өлеңдер мен елуге тарта поэма, оқиғалы жырлардың авторы.\ «Қорасан қарақшының қолмергені», «Тәксидегі тағдырлар», «Қиянатқа қарсылық», «Ғарыш қазағы», \Тоқтар Әубәкіров туралы.\, «Жұмабек батырдың жұлдызы», \Ж. Тәшенов туралы\, »Олжабай батырдың өркені», «Гүлбанудың биіктігі», «Бекет атаның үйі», «Марал ишанның аманаты», «Өткеннің өнегесі», «Молда мен НКВД», «Әпшу мен аупартком», «Жел сыбырлаған шындық», т.б.\ Оның өлең-жырлары жеке кітап болып басылған \«Ауылдың ақ самалы», »Аңыз бен аспан», «Өмірдің өзі», «Қиянатқа қарсылық», «Қорасан қарақшының қолмергені», « Шексіз ғалам, мен сенің бір бөлшегің…\ Үш томдық шығармалар жинағының бірінші томы.\ «Ғарыш пен қазақ». \ , тарихи тұлғалар туралы көптеген жинақтарға енген және республикамыздың беделді журналдары \»Аманат», »Жұлдыз», «Таң-Шолпан», «Дарабоз», «Жаңа Сарыарқа», «Көкшетау», «Қазақ тарихы», «География» журналдары, «Жидебай» альманағы.\ мен газеттерінде жарияланған. \«Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Жас алаш», «Заман Қазақстан», «Айқын», «Жас қазақ үні», «Алматы ақшамы», «Арқа ажары», «Жас Арай». т.б.\
Б. Әлімжанов көптеген ән текстерін жазған. «Ғажайып күй» әні \әуені Нұрлан Әлімжанов, орындайтын «Азия» тобы\ бүкіл елімізге әйгілі болды. Б. Әлімжановтың балаларға арналған өлең-жырлары «Шыршадағы шытырман» деген атпен жеке кітап болып басылған.
2. Драматургия.
Баянғали Әлімжанов жиырмаға жуық пьесалардың, көптеген шағын сахналық шығармалардың авторы.
Комедиялар — «Құдалық», «Қожанасыр», «Қайран кемпір-шалдар-ай!», «Еркегі бар болғыр», «Қазақы сайлау» , «Қаптан шыққан қара қыз», «Суицид алаңынан репортаж».
Драмалар — «Жас қазақ», «Ойран.\секта\. «Біржан салдың шідері», «Жар мен жарғы».
Трагедия – «Дариға қыз».
Балаларға арналған пьеса — «Жолбарыс пен пони», «Алтын ноқта», «Жалмауызды жеңген бала», «Сырғанақ».
Ол Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын сахнаға лайықтап жазған.
Б. Әлімжановтың пьесалары Қазақтың мемлекеттік Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық жастар театрында, Ақмола, Павлодар, Семей, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Шымкент облыстық театрларында, Абай \Абай ауд. ШҚО.\ Қорғалжын \Ақмола обл.\, Ақжайық \БҚО.\, Аралағаш \СҚО\, Дәнеш Рақышев атындағы Жаркент \Алматы обл.\ халық театрларында сахналанған.
Пьесалардың біразы автордың «Жынды Қаратайдың қасіреті», «Ауылдың ақ самалы», «Қиянатқа қарсылық» атты кітаптарына енген. Ал, «Қазақы сайлау» «Алаш үні» газетінің бес номеріне жарияланған. «Құдалық» «Сарыарқа» журналына, »Жас қазақ» «Көкшетау» журналына басылған.
«Құдалық» спектаклі Ақмола облыстық театрында 1998 жылдан бастап, үздіксіз он жыл бойы үлкен табыспен жүрген.\режиссері Мұратбек Оспанов.\ «Қайран кемпір-шалдар-ай!» Ақмола театрында 2002 жылдан \ реж. М. Оспанов, «Отыз тістен шыққан сөз» деген атпен\, Семей театрында 2005 жылдан бері жүріп жатыр. \реж. Қуат Сыздықов\ Бұлардың бәрі де ең кассалы қойылым болды.
Сонымен қатар, 2014 жылы «Ойран» \реж. Иманәлі Сапаров.\ Оңтүстік Қазақстан облыстық Ж. Шанин атындағы театрда, «Қаптан шыққан қара қыз» («Ең сұлуым – Меңсұлу» дегент атпен) «Жалмауызды жеңген бала», «Алтын ноқта» Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы театрда, «Біржан салдың шідері» \ реж. С. Шәймерденов.\ Ақмола облыстық Ш. Хұсайынов атындағы театрда сахналанып, жүріп жатыр.
3. Проза.
Баянғали Әлімжанов «Қиқыматтың хикаялары» \1982ж.\, «Қарасай батырдың тұқымының толғауы», \»Жұлдыз» журналы, 1983ж. «Ұя» кітабы, 1985ж.\, «Қиқыматтың қиссасы» \»Жұлдыз», 1989ж.\ атты сатиралық повестердің, ауыл өмірі туралы әңгімелердің авторы. Ол әңгімелер республикалық, облыстық газет-журналдарда, «Жынды Қаратайдың қасіреті», «Қиянатқа қарсылық» кітабында жарияланған.
Б. Әлімжанов 1932 жылғы трагедия туралы «Ашаршылық жылғы махаббат» атты киноповестің \»Көкшетау» журналы, 2008 ж.\, «Жалмауызды жеңген бала» атты ертегі мен балаларға арналған әңгімелердің авторы.
Орыс тілінде жазған «Победа чемпиона Айхана» деген киноповесі
«Көкшетау» журналында жарияланған. \2013ж. № 4.\ Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Аблай хан и его батыры» атты повесть-аңызды да орыс тілінде жазған. \ «Көкшетау» журналы, №2 , 2014ж.\
4. Айтыс.
Б. Әлімжанов 1984—2005 ж. арасында 216 рет айтысқан, республикалық, облыстық деңгейлерде өткен айтулы тойлардың бәрінде дерлік өнер көрсетіп, жиырма екі рет бас жүлдеге ие болған; талай дүркін жүлдегер атанған. Қанжығалы Бөгенбай батырдың 300, Шұбыртпалы Ағыбайдың 190 және 200, ақын Сараның 115, Мағжан Жұмабаевтың 100 және 110, Ілияс Омаровтың 80, Көтібар Бәсенұлының 240, Есет Көтібарұлының 190, Тама Есет батырдың 325 жылдығына арналған айтыстардың, Сырым батырдың 250 жылдығына орай Ташкентте өткізілген Қазақстан – Өзбекстан, «Манас» жырының 1000 жылдығына орай Бішкекте өткізілген Қазақстан – Қырғызстан ақындары айтысының, Семей полигонының жабылуына арналған, «Невада Семей» қозғалысы аясында өткен Халықаралық акция айтысының жеңімпазы.
Оның айтыстары республикалық, облыстық теледидар мен радиодан үздіксіз беріліп, шетелге дейін таралды, газет,журналдарда, көптеген айтыс жинақтарында жарияланды.\»Қазіргі айтыс», 1-том. Астана.\ «Алаш пен Манас. Қырық айтыс» деген атпен жеке кітап болып шықты. \Новосибирск, 2004ж. 400 бет.\. Ғалым, әдебиетшілердің зерттеу обьектісіне айналды, түрік және қырғыз тілдеріне аударылды.
Ақынның өмірдің түрлі жағдайларында тауып айтқан өткір сөздері, әзіл өлеңдері «Әзіл шуағы» \Көкшетау, 2004 ж.\, «Деген екен» \Новосибирск, 2005 ж.\ кітаптарына топтастырылып, көптеген республикалық, облыстық, аудандық газет, журналдар көшіріп жариялаған.
- Жыршы-жырау.
Б. Әлімжанов «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Ер Тәуке»,«Арқалық батыр», «Жанақ пен Рүстем төре», «Сүйінбай мен Тезек төре», «Бақтыбай мен Тезек төре», « Әсет пен Кемпірбай», «Өзім туралы» \Қасым Аманжолов\ т.б., қазақтың ескі жырларын көп жылдардан бері ел ішінде жырлап келеді. Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын ең алғаш ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап жырлаған. Сонымен қатар, өзінің «Байғозының жебесі», «Балуан Шолақ пен Иманжүсіп», «Керей ер Жәнібектің көңілі мен көк дөнені», т.б. толғау, дастандарын жырлайды. 2001 жылы Қызылорда қаласында өткен республикалық «Ғасырлар үні» атты жыраулар конкурсының үшінші, 2003 жылы екінші жүлдегері. 2011 ж. Өскеменде өткен республикалық конкурстың бірінші жүлдегері. Тарақты Байғозы батырдың 300 жылдық (2005 ж. Қарағанды обл.), Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 150 жылдық (Павлодар, 2008 ж.) тойына арналған жыршы – жыраулар конкурсының Бас жүлдегері.
Баянғали орындаған жыр, дастандар Қазақ радиосы мен телеарналардың Алтын қорына жазылып, сақталуда. Аудио, видео дискілерге шыққан.
- Манасшы.
Баянғали Әлімжанов қазақтан шыққан бірден- бір манасшы. Манастың мың жылдығына арналған Халықаралық манасшылар \Қырғызстан, Бішкек 1995ж.\ конкурсына қатысып, арнайы жүлдеге ие болды. Әлем халықтары эпостарының Бірінші дүниежүзілік фестиваліне (Бішкек, 2006 ж.), Түркі тілдес елдердің Халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фестиваліне (Қызылорда 2006 ж.), «Эпикалық мұра – Алтай елдерінің байырғы мәдениеті» атты халықаралық ғылыми – мәдени- творчестволық шараға (Талас, Қырғызстан, 2007 ж.), «Әлем халықтарының эпосы – Жаңғар ұрпақтарының жерінде» атты ІІІ Халықарлық фестивальға (Элиста, Қалмақстан, 2009 ж.), манасшылардың І халықаралық фестиваліне \Телекөпір – Бішкек – Талас – Ош, 2013 ж.\ қатысушы.
Мәдени шараларда, түрлі жиындарда көпшіліктің алдында, теле, радиодан Манас жырынан үзінділерді жиі айтады. Баянғали айтқан Манастың тараулары қазақ радиосының Алтын қорына, аудио, видеодискілерге жазылған.
- Кино.
Баянғали Әлімжановтың бастамасымен 2006 жылы Астана-Көкшетауда Паң Нұрмағамбет киностудиясы ашылды. Оның идеясын қалтқысыз, құлшына қолдаған белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері Марат Нәбиев киностудияның құрылтайшысы және бас демеушісі болды. Содан бері Паң Нұрмағамбет киностудиясында «Ән мен анаша» \2006-2007 ж.\, «Аран» \2010 ж.\, «Айхан» \2011ж.\, «Асау толқын» \2012 ж.\ атты толық метражды төрт көркем фильм, «Ұлы даланың қырандары» сериясымен алты деректі фильм түсіріліп шығарылды.\Т. Кәкішев, А. Нұрқатов, И. Сауэр, Т. Елубаев, Көкше өнерпаздары туралы.\ Бұл фильмдердің барлығының да сценарий авторы және қоюшы режиссері – Паң Нұрмағамбет киностудиясының көркемдік жетекшісі Баянғали Әлімжанов. Киносценарийлерді қазақ және орыс тілдерінде жазады және субтитрлерді орыс тіліне өзі аударады.
Б. Әлімжанов «Аран», »Айхан», »Асау толқын» фильмдерінде басты рольдерде ойнаған.
Сонымен қатар ол «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген «Жыраулар»\1983ж. Реж. Ораз Әбішев\, «Палуан» \1984 ж. Реж. Георгий Емельянов\, «Асылдың сынығы» \1985жыл, ақын,майдангер Көкен Шәкеев туралы. Реж. Данияр Айманов\ деректі фильмдердің сценарийін жазған.
Б. Әлімжановтың шығармалары орыс және қырғыз тілдеріне аударылған.
8. Әдеби сын, зерттеу мақалалары.
Баянғали Әлімжановтың әдеби сын және зерттеу мақалалары 1970-90 жылдары республикалық баспасөз бен «Уақыт және қаламгер», «Жастар жастар туралы» сияқты жинақтарда жиі жарияланып тұрды.Әсіресе, оның көшпенділердің шешендік өнері мен Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» және Мұқағали Мақатаевтың «Реквием» жырлары жайындағы мақалалары кеңінен танымал болды. Сол жылдары ол журналист ретінде де белсенді еңбек етті. Қазір де Б. Әлімжанов БАҚ өкілдеріне әдебиет пен өнердің, қоғамның сан алуан мәселелері туралы қазақ және орыс тілдерінде жиі сұхбат беріп тұрады.
9. Мәдениет қайраткері.
Б. Әлімжанов өткен ғасырдың 80-жылдары республикалық телеарнадан \қазіргі «Қазақстан»\ «Халық қазынасы», «Бес ғасыр жырлайды» сияқты хабарларды жүргізіп, қазақтың жыршы-жыраулық өнерін насихаттаған. Ол қазақ тілі мерекесіне \Астана\, Кенесары ханның 200 жылдығына \Көкшетау, 2002ж.\, Алпамыс батырға \ Астана, 2006ж.\, Қобыланды батырға \Ақтөбе, 2008ж.\, Мұрын жырау Сеңгірбекұлының 150 жылдығына \Астана,2009ж.\, Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдығына \Ақтөбе обл. Темір ауданы, 2010ж.\, т.б. арналған республикалық жыршы-жыраулар конкурстарын ұйымдастырушылардың бірі және жүргізушісі болды.
Баянғали Әлімжанов бір эпосты бірнеше жыршы, әр жастағы, әр мектептің өкілдері бірлесіп, бір-бірін қайталамай, жалғастыра жырлау идеясының авторы. Осы ретпен «Алпамыс батыр» жырын Астанада, Қызылордада бес жыршы \семейлік Дүйсенғазы Нығметжанов, алматылық Ақан Әбдуәлиев, қызылордалық Майра Сәрсенбаева, ақтөбелік Перуза Нарман, қарағандылық Дидар Қамиев\ жүргізуші Баянғали Әлімжановтың басшылығымен түгел айтып шыққан. Осыған ұқсас, Ақтөбеде он шақты жыршы «Қобыланды батыр» жырын жырлаған.
- Кітаптары.
Б. Әлімжанов жиырма кітаптың және ондаған ұжымдық жинақтардың авторы. Жеке кітаптары:
- «Қиқыматтың хикаялары». /«Жалын» баспасы, Алматы, 1982 ж.\
- «Ұя». \»Жазушы» баспасы, Алматы, 1985 ж.\
- «Жынды Қаратайдың қасіреті». \Омбы, 2000 ж.\
- «Ауылдың ақ самалы» \ «Елорда», Астана, 2003 ж.\
- «Алаш пен Манас.Қырық айтыс». \Новосибирск, 2004 ж.\
- «Әзіл шуағы».\Көкшетау, 2004 ж.\
- «Деген екен». \Новосибирск, 2005 ж.\
- «Аңыз бен аспан».\ «Қазақ тарихы», Алматы, 2010 ж.\
- «Өмірдің өзі…» \ Фолиант, Астана, 2014ж.\
- « Қиянатқа қарсылық» Үш томдық таңдамалы шығармалар жинағы. \1072 бет. Астана, «Фолиант» , 2014ж. \
- «Мақалалар, сұхбаттар. Интервью, факты» Көкшетау, «Келешек», 2014 ж.
- « Қорасан қарақшының қолмергені» Поэма. Көкшетау, «Келешек» баспасы. 2014 ж.
13 . «Дариға қыз» Трагедия. Көкшетау, «Келешек», 2014 ж.
- Шексіз ғалам, мен сенің бір бөлшегің… Өлең, жырлар мен поэмалар. Шығармалары. 1-том. «Фолиант», Астана, 2015 ж.
- Театр терезесіндегі сәуле. Пьесалар. Шығармалары. 2-том. Фолиант, Астана. 2015 ж.
- Күлкімен көмкерілген ой. Әңгімелер мен повестер. Шығармалары, 3-том. Фолиант, Астана, 2015 ж.
- «Разрешите жить!» Повесть. Орыс тілінде. «Келешек», Көкгетау, 2015 ж.
- «Аблай хан и его батыры.» Повесть -легенда. «Фолиант», Астана, 2015 ж.
- «Ғарыш пен қазақ». Өлеңдер мен поэмалар. «Таймас», Алматы, 2015 ж.
- «Шыршадағы шытырман» Балаларға арналған өлеңдер. «Таймас», Алматы, 2015 ж.
ҚАЗАҚТЫҢ МЕН ДЕ АҚКӨҢІЛ БАЛАСЫМЫН
Аңсаған адамдардың жарасымын,
Арнаған туған елге бар асылын,
Қиялы көп болғанмен, зияны жоқ
Қазақтың мен де ақкөңіл баласымын!
Кейде тоқ, кейде болдым жүдеу-жадау,
Керек пе сөз көбейтіп бәрін санау?
Апырм-ай, мен де осындай болсам дейтін
Тұлға көп адамзатта қадау-қадау.
Ешкімнің биігіне таласпаймын,
Өзімнің жолым жатыр тарау-тарау!
Жалғанда жаманшылық қуыспаған
Адамдар ақ пейілді туыс маған,
Алла деп ақ сөйлегем домбыра алсам,
Жалтақтап және ешкімнен ығыспағам.
Түсіме кіріп ұлы бабаларым,
Жолбарыс жон арқамнан уыстаған!
Су кетпесін мөп-мөлдір бұлақтардан,
От кетпесін тұтанған шырақтардан,
Белдерің бүгілмесін еңсең түсіп
Арқаңа тірлік артқан сұрақтардан.
Ұзақ та мәнді болсын ғұмырларың
Қазақтың өлеңіндей шумақталған!
Мәңгілік жырлай берсін дала тынбай,
Жырларын өсе берсін бала тыңдай.
Көргенде жарқын жүзді адамдарды
Аппақ нұр жүрегіме толатындай,
Сол нұрды көбейсін деп дүниеге
Себемін қарлығаштың қанатындай!
КӨККЕ АТЫЛҒАН КӨКБӨРІ
Қайтпай келген
Ештемеден беттері,
Диірменді
Үйіргендей лептері,
Вертолетпен аңға шықты бір күні
Бір топ дөкей
Дию құсап көктегі.
Ен далада
Еркін жүрген еркелеп,
Түз тағысын қуалады
Желкелеп.
Тар-тар етіп
Заманасын тарылтты
Төбесінен
Төніп алып вертолет.
«Мықты болсаң,
Көздемей-ақ нақтап ат!»
дейді,
Кезек сақылдатып автомат,
Жұтады кеп арасында вискиден
Мергенсің деп бірін-бірі мақтап ап.
Оқпен тесіп көк желкесін,
Бүйірін,
Қанға бояп
Кең даланың қиырын,
Жанталаса қашқанымен
Құтқармай,
Қырып салды
Көкбөрінің үйірін.
Адам неге
Қанға құмар?
Айтарға
Тіл жетпейді…
Ал өздері байқар ма?
Жылыстады
Жараланған көкбөрі
Қары қалың
Ұңғыл-шұңғыл ойпаңға.
Ай-күндері
Туғандай боп оңынан,
Қызыл қанды
Сорғалатып қолынан,
Шайқалақтап,
Сай қуалап,
Қиқулап,
Көкбөрінің
Қуды келіп соңынан.
Жерге тақап,
Бір қырындап,
Ағындап,
Арлы-берлі
Өтеді атып,
Тарылдап…
Қансыраған
Жалғыз бөрі
Күрт тоқтап,
Қарды қауып
Алды бір сәт дамылдап.
Содан кейін
Көкке көзін қадады,
Ашу-кегі
Аспан, жерге тарады.
Өлім тілеп
Өлерменге өштескен
Ырылдады ол
Борандатып даланы!
Кеудесіне
Сыймай соғып жүрегі,
Тырнақтары
Қарға қарыс кіреді.
Көктемірді
Бір тигізші қолыма,
Деп тәңірден
Жылап тұрып тіледі!
Бұлтқа асылып
Шығып алған басына,
Тарылдақты
Келтірші деп қасыма,
Шырқырады
Шыбын жаны шын тілеп
Азуларын қаршылдатып,
Ашына!
Түкірігі
Тесіп өткен от-пері,
Саған қылар
Қайрат, амал жоқ па еді?
Көктен түскен
Көктемірге кектеніп,
Көкке шапшып
Атылды кеп көкбөрі!
Айналмалы
Қалақшасы зырылдап,
Бастарына
Қонғандай-ақ бүгін бақ,
Өр аңшылар
Мазақтайды қасқырды
Қаны қайнап
Шапшып тұрған ырылдап.
Кім біледі
Қандай түлен түртіпті,
Әлде бәлкім
Аң киесін үркітті?!
Құлап түсті
Қас қағымда салдырлап
Қалағымен
Қағып кетіп күртікті.
Азуларын қайрай берді көкбөрі,
Ашу-кегі қайнай келді көкбөрі.
Қарға батқан
Қас жауына мініп ап
Көктемірді шайнап өлді көкбөрі!..
ҚИЯНАТҚА ҚАРСЫЛЫҚ
1
Жазсам ба, әлде
Жазбасам ба
Бұл жырды,
Толғанумен
Талай уақыт жылжыды.
Дейді бір үн
«Компьютердің заманы
Кім оқиды
Кітаптағы мылжыңды?!»
Өткен қайтып орала ма
Жазғанда,
Сот жоқ деген
Жеңімпазға,
Озғанға.
Мақсатың не,
Қай мұратқа жетпексің,
Ғасырлардың
Қасіретін қазғанда?!
Ғұмыр…
Уақыт…
Секілді ме қас қағым,
Еске аламын
Бұлағымның бастауын.
Кеше ғана
Қара сирақ бала едік
Қара жолдың
Аспанға атқан ақ шаңын.
Ақ самайлы
Ата болдық бүгінде,
Арынды шақ
Алыстаған ақ сағым!
Қайран өмір…
Қайнап жатқан қанбазар,
Жанталасқан
Жеткенінше жанға ажал.
Қара өмірдің
Қазынасы қайда екен,
Қиял қумай,
Тіршілікке сал назар.
Пәни,
Бақи,
Екі бірдей дүние,
Құдай берген
Несібесі мол базар.
Сол базарға
Қылмай шүкір, қанағат,
Адам неге
Бір-біріне берді азар?
Жер жаралып,
Адам адам болғалы
Одан асқан
Болды ма екен зор дажал?!
Қалай,
Неге
Тәубасынан жаңылды,
Әр заманда
Зәрін төгіп
Қағынды?
Ауық-ауық
Ауытқыған ауыр ой
Ауып келіп
Ауыртады жанымды.
Тарихтағы
Қатпар-қатпар
Қиянат
Қайнатады,
Мұздатады қанымды!
Орман,
Тау мен
Мұхиттағы,
Түздегі
Обырлық пен
Озбырлықтың іздері,
Жүрегімді
Тіліп-тіліп өтеді
Үздік-создық
Қиянаттар тізбегі.
Өр елдердің
Өркен жаяр өскіні
Өртке оранып
Өкінішпен өшті үні.
Ой жүгіртсең
Өрнегіне тарихтың,
Керуен-керуен
Қиянаттар көшкіні.
Бір тыным жоқ,
Жанталасқан жер талас,
Жалт-жұлт етіп
Көзді алдаған төр талас.
Тіршілікті
Тауысқанша тартысып,
Өлген соң да
Тоқтамайтын көр талас!
Талай қауым
Қиянаттан жоғалған,
Зорлықпенен
Қоғам бар ма оңалған?
Дәл өзіңдей
Тірі жанды жылатып,
Адам,
Қалай
Қорықпайсың обалдан?!
Талай дана
Жаны уланып,
Ойланған,
Талай тағдыр
Жалғыз оққа
Байланған.
Біздің дәуір
Мұз дәуірден басталып,
От дәуірге
Өрт дәуірге айналған!
Жер бетінен
Жоқ қылғанда көп елді
Кәне,
Кімнің
Көсегесі көгерді?
Адамзатқа
Бәрін берді табиғат,
Ал адамзат
Табиғатқа не берді?
Бергені сол
Жансызға да
Жандыға,
Қорлық,
Зорлық,
Қырып, жою…
Даңғыра…
Бүкіл әлем
Тартылысы сияқты
Күллі адамдық
Қиянат та заңды ма?
Жалмаушылық жалауы боп
Жарғысы,
Баю үшін
Жұмылса да бар күші
Оңбай жатса.
Әлі күнге бұл өмір
Қиянаттан
Қор болғанның қарғысы!
Деген кімдер
Күш жеткенге зиян ет,
Қызармай ма
Жұрт жылатқан мына бет?
Тілемей ме
Қиянаттан күйгендер
Жылдамырақ
Келсе екен деп
Қиямет!
Қырып-жойған
Күш жеткенді балталап
Қанды жеңіс
Тойға айналып салтанат,
Ей, адамзат,
Келесің-ау ұялмай
Мыңжылдықтар
Қиянатын арқалап!
2
Күдікпенен
Кешке батып
Таңда үмітпен шығар күн.
Қайшылығын,
Құпиясын
Дүниенің ұғар кім?
Неге адамдар
Бір-біріне
Жасайды екен қиянат?
Түсінбеймін…
Түсінбей-ақ
Өтетұғын шығармын!
Салтанатпен
Сапқа тізіп
Баратындай базарға,
Мундирлерін
Жалтылдатып
Жұлдыз шашып назарға,
Барабанын
Дауылдатып,
Алаулатып жалауын,
Адам ұлын
Топ-тобымен
Айдаған кім ажалға?!
От добымен
Орталарын
Опырғанда шашылған,
Қызыл қанның
Дәл есебін
Қалам жүрмес жазарға.
Әскер сайлап,
Сұмдық ойлап
Төгіп елдің байлығын,
Құмар неге
Өзге жұрттың
Көрін терең қазарға?
Сол қуатты
Мейірімге,
Ізгілікке арнаса,
Жоқшылықтан
Арып-ашып,
Адам
Азып-тозар ма?
Жер бетінде
Үйсіз-күйсіз
Болмас еді
Ешбір жан,
Жойылса егер
Армиялар
Арсенал мен
Казарма!
3
Қанша жанның
Қанын төгіп сорлатқан,
«Бұл қалай?» деп
Сұрай қалсаң солдаттан:
«Басшылардың
Орындауға бұйрығын
Салтанатпен
Қойғам, – дейді, – қолды антқа.
Ат деп бұйрық
Берілгенде, амал не
Шегінетін
Жер қалмайды менде артқа,
Жауды жоқтап
Жыламаймын алайда
Мен оқ атсам
Маған қарсы ол да атқан,
Оның көзін мен жоймасам,
Ол менің,
Сүйегімді
Ақ сөңке ғып сарнатпақ.
Сондықтан да
Айтқаның жөн бұл сөзді,
Басшыларға
Жау іздеген жан-жақтан»
Таба алмадым
Бұл сауалдың жауабын,
Неге сонша
Қабағына қан қатқан?
Адам ұлы
Мыңдаған жыл тарихта
Бірін-бірі
Қырып-жойып зарлатқан?!
Ақырзаман
Алдында да, апырмай,
Қинамай ма
Ардың жүгі зіл батпан?!
Бұйрық – бұйрық,
Орындалмақ қалайда,
Бұлжымайтын
Темір тәртіп солай ма?
Біреуді ат деп
Бұйрық берсе бастығың
Қылмыскер боп
Қанға бату жарай ма?
Ол да өзіңдей
Ата-ананың баласы,
Көздеп тұрып
Бұйрықтан да ары ойла…
Тоқта, солдат,
Мылтығыңды түсір де,
Нысанаңда
Кім тұрғанын абайла!
Атаңды да
Атасың ба ат десе,
Отанды да
Сатасың ба сат десе,
Ажал оғын
Аямастан елге атып
Қырып тастап
Күнәға әбден бат десе?!
Болам деме
Уақыт өтіп таза адам,
Арылмайсың
Нахақ қаннан, назадан,
«Біз бұйрықты
Орындадық тек қана»
Деген сөзің
Құтқара алмас жазадан!
Адам қалса
Астында қар көшкіннің,
Жоқ боп кетсе
Боранында көш құмның,
Амал қанша,
Тағдыр дейміз осындай
Опасы жоқ
Мына жалған бес күннің.
Өзегімді өртейтіні,
Адамзат,
Өз-өзіңді
Неге өлтіріп өштің мың?
Бір патшаның
Пәрменімен пәршелеп,
Талай елді
Өле-өлгенше өш қылдың.
Өзге жұртты
Езіп-жаншып, билеуді
Заң жүзінде
Дұрыс дейтін естің кім?
Басып кір деп
Бұйыруға басқа елге
Правосы
Болмау керек ешкімнің!
Өз еркінше
Өмір сүрген әр елдің
Адамдарын,
Азаматын әлемнің,
Қырып-жой деп
Бұйыруға әскерге
Хақысы жоқ
Президенттің,
Корольдің!
Көнелерден
Көкейкесті күйді ұқтым,
Сұрауы бар
Әрбір соқыр бұйрықтың.
Бар адамзат
Ар сотына тартады
Барлығын да
Қолы қанды биліктің!
4
Ар үкімі
Жүрер ме екен күштіге,
Тәкаппарлар
Тәубасына түсті ме?
Үлкен-үлкен
Ұлттар отыр үй салып
Аз ұлттардың
Аймағының үстіне!
Қалай болды
Ел біреудің отары?
Түбі отардың
Тау қопарар қаһары.
Отар деген
Бұтар сөзге сыяр ма,
Ол да өзіңдей
Адамдардың отаны!
Әділеттің
Таразысы тапсыншы,
Адамзаттың
Таңы тыныш атсыншы.
Қандай сөзбен
Боямалап қойсаң да
Басқыншының
Аты – бәрібір
Басқыншы!
Қол жіберген
Жер түбіне қиялап,
Деп үйретіп
Балапанды ат, ұяны ат
Көсемдерді
Көмкерсең де күміспен,
Баса көктеу
Қиянат қой,
Қиянат!
Мың құбылтып
Құйтырқыға салғанбыз,
Қиянатты
Мақтап,
Ақтап алғанбыз,
Қызыл қанды
Кешіп тұрып белшеден
Бір қызарып,
Ұялудан қалғанбыз!
Аз халықтар
Қансыраса қорлықта,
Адам деген
Атқа лайық болдық па?
Жаным күйіп
Шырылдайды жүрегім
Үлкен-кіші
Қиянат пен зорлыққа!
Азғырады
Аздырады сенсеңдер,
Әзәзілге
Негізделген өлшемдер.
Қиянаттан
Қор болғандар күйініп,
Демей ме екен:
«Иә, қиямет,
Келсең кел!»
Жұта берген
Тоймай жұртты зындандар,
Жауға кеткен
Маңдай термен жиған мал.
Отқа оранып,
Күлі кеткен көкке ұшып
Көк сарайлар…
Ақ отаулар…
Вигвамдар…
Тәубәсі жоқ
Тырнақтың да, тістің де,
Көзі соқыр,
Көңілі тас күштің де.
Үлкен-үлкен
Мемлекеттер гүлдеп тұр
Үндістердің
Сүйегінің үстінде!
Тау мен орман,
Иен далада ерке өскен,
Сөзге сеніп,
Жан қиюға серттескен
Үндістердің
Ақырғы ұлы көсемі
Монтесума
Дос болыпты Кортеспен.
Алтын тәжін
Сыйға тартқан сол досы
Басын жұтып
Үндіс оты ерте өшкен.
Көгерген жоқ
Конкистадор сонымен
Кортестің де
Көкірегін көр тескен!
Өкініштен
Өртенсе ердің өзегі,
Өртегенге
Келер кердің кезегі.
Өліп кеткен
Өр үндістің кегіндей
Беріп кеткен
Темекі мен мерезі.
Кекті көсем
Келімсекке тік қарап,
Кеудесіне
Қадап кеткен сөзі еді:
«Менің рухым
Сенен биік, мәңгілік
Зеңгір көкті
Емін-еркін кезеді.
Жаныңды улап,
Жындандырып күн сайын,
Жүйкеңді жеп,
Жүрегіңді езеді!
От қарумен
Судай шашып қанымды,
Тартып алдың
Байлығымды,
Барымды.
Сүйегімді
Табанға сап сындырып,
Қорқауларға
Қор қылсаң да тәнімді,
Баса-көктеп
Жерімізді алсаң да,
Жеңе алмайсың
Менің азат жанымды!
Малайлыққа
Мойынсұнбас өлермен
Менің рухым
Өлмейді от жебеңнен,
Құнын сұрап
Қанын даулап елімнің
Төнемін де
Тұрамын тек төбеңнен!»
5
Кетер ме естен,
Өшер ме тіпті
Құрбан боп кеткен
Зиялы аттары?
Орданы өртеп,
Ұлысты жойып,
Орманды отап,
Ұяны атқаны?
Ойран сап ойға
Жанымды жейді
Мыңдаған жылдың
Қиянаттары!
Жауабы қандай,
Обалы кімге?
Зауалы қашан,
Сауабы кімге?
Басталды неден,
Аяғы қайда?
Ұрлайды ұйқы
Сауалы түнде.
6
Кім біледі,
Тым шалықтап
Тастық па,
Жүргендейміз
Айықпайтын мастықта.
Сабыр,
Тәуба,
Қанағатты ұмытқан
Не демекпіз
Көп данышпан бастыққа?
Тек әйтеуір
Ағыл-тегіл той көрсем,
Елді ойлаймын
Құрбан болған аштықта.
Осал емес
Өңкей басшы кемеңгер,
Кемеңгерлер
Бұрынғы өткен берендер.
Онда неге
Нәрсіз қалып далада,
Аштан өліп,
Опат болды өрендер?!
Тағы соқса
Сондай содыр саясат,
Айла тауып
Оған төтеп берер ме ел?
Өзіңді-өзің
Құтқармасаң, түбінде
Біреу келіп
Құтқарады демеңдер.
Осы жайлы
Көрейікші ойланып,
Жылы жерде
Жал мен жая жегендер.
Қозғамасақ
Біз тарихтың терісін,
Болашақта
Оң бола ма өрісің.
Әдейілеп
Ұрындырды-ау аштыққа
Үлкен елдер
Бітпей келген кегі үшін.
Миллиондап
Қырды ма екен
Халықты,
Ел жойылса
Босап қалар жер үшін?!
Ашаршылық
Адамзаттың жарасы,
Қу сүйекке
Толған қазақ даласы.
Талай ғасыр
Тіршілік қып өлмеген
Құба жонда
Құлан қуған бабасы,
Ер халықтың
Құтқаруға өзді-өзін
Қалай ғана
Келмей қалды шамасы?
Темір құрсау,
Шынжыр тормен басқыншы
Шырмап алып
Таусылған ғой шарасы.
Барлық малды
Сыпырып ап өкімет,
Қурап қалған
Қазан, ошақ, қорасы.
Қайтеді енді
Малмен ғана күн көрген
Аштан өлмей
Көшпендінің баласы?
Батырлығын
Бар әлемге білгізіп,
Бабалары
Өткен билік жүргізіп,
Қайран елім,
Қалай ғана жат жұртқа
Миллиондап
Қойды өзін қырғызып?
Бодан болып
Бөгде жұртқа бағынып,
Жандаралға
Жан қалар деп жағынып,
Құдайсыздар
Қауымына ілесіп,
Өз жолынан,
Тәубасынан жаңылып,
Кім біледі,
Күнәһарлық қылды ма
Күн көсемге
Тас құдайдай табынып?
Көрнектісін
Кәмпескелеп айдатып,
Киелінің
Назасына шалынып,
Астаң-кестең
Аума-төкпе заманда
Ақыл-естен
Айырылып, қағынып,
Ақырында
Ұрынды кеп аштыққа
Арандатқан
Айлакерлер жабылып!
Ақылдының
Шектен шығып қулығы,
Аңқау елді
Аштан қырса сұмдығы,
Тағдыр бірақ
Оңдырған жоқ оларды
Кездестіріп
Қанды көбік жындыны!
Десек тағы
Ақыл-ойлы, саналы,
Көп ұлттардың
Көкірегі жоғары,
Керек қылмас
Қасіретін басқа елдің
Уақыты жоқ…
Жанталасқан қоғамы.
Миллиондап
Аштан өлді халықтар,
Қане, кімге
Нахақ қанның обалы?
Өшкен елді
Кім түгендер баспа-бас?
Есте сақта,
Ескерткішін тасқа бас!
Елестетші
Қалғандарды көзіңе
Айдалада,
Аяздарда
Аштан аш!
Тойынғандар
Жойылғанды ұғар ма,
Басқа түссе
Сондай іске шыдар ма?
Боздақтар-ай,
Қандай күйде болды екен
Ақтық демі
Кеудесінен шығарда?!
Кетпес, сірә,
Көшкен өмір текке құр,
Жетер бәрі
Түп-түбінде шекке бір,
Есеп берер
Күннің күтіп кезегін
Құрбандардың
Өлмес рухы көкте жүр!
7
Өткен тарих… Ұрыстікі?
Сауық-сайран? Жұмыстікі?
Босқа кеткен уақыт деген
Дұрыс? Бұрыс? Прустыкі?
Тірі жанмен теңеспеген,
Өктемдікпен өңештеген,
Тәкәппарлар кердең қағып
Ешкіммен де кеңеспеген.
Содан ба екен Шопенгауэр
Дүниені елес деген.
Елді билеп алдауменен,
Жерді илеген жалмауменен,
Шындық айтқан саналыны
Асып, атып, қорлауменен,
Дүлей билік қай мұратқа
Жетпек екен ойранменен?
Содан ба екен атам қазақ
Дүниені жалған деген!
Соқтыруы құйынды отқа
Қанқұйлыға қиын боп па,
Орнатамыз әділдік деп
Езіп елдің миын ботқа,
Қилы-қилы тағдырларды
Құрта салу қиын боп па?
Мұнай қуған мұндарларың
Үймелейді тиын-боққа.
Тайраңдаған жалмап-жайпап
Мұндайларға тыйым жоқ па?
Қасіреттің тереңінде
Тұнған сыр бар өреліге.
Қан майданға балалары
Кетерде ана өбеді де:
«Жауды аямай жеңіп қайт» – деп,
Тілеп, бата бергенінде
Дәл өзіңдей аналарды
Зарлатып кел дегені ме?
Ой жүгіртіп көрді ме екен
Қызыл қанды төгеріне,
Қырып-жойып басқа жұртты,
Баласы аман келеріне,
Белшесінен қанға батып
Бақыт, қызық көреріне,
Әділет деп, ақиқат деп
Шыныменен сенеді ме?
Ардан аттап өткен дөйлер
Жер тағдырын шешкендей ме.
Тіршіліктің түп-тамырын
Қас қағымда кескендей ме.
Дажал бомба жасағанда
Нені ойлады Оппенгеймер,
Хиросима, Нагасаки
Күл боп ұшып кеткендей ме.
Жойылудың шет-шегіне
Шерлі адамзат жеткендей ме?!
8
Ат ойнатып
Тыныш елдің жеріне,
Бөліп-жарып
Түр-түсіне, тегіне,
Ары қарай
Не болады, ал енді
Өшпенділік
Жеткен жоқ па шегіне?!
Жер серіктер
Кеңістікте неғып жүр?
Жұрт шошынып
Шыбын жаннан безіп жүр.
Планетаны,
Шырмап алған вирустар,
Ракеталар
Арлы-берлі кезіп жүр.
Іштен тынып
Полигондар, атолдар,
Дайын жатыр
Жарылғалы атомдар.
Бөлінбесті
Бөлшектеудің зардабын
Бір-ақ сәтте
Тартқан жоқ па жапондар?!
Супермендер,
Спецназдар бүгінде
Бөлеп-ақ тұр
Жердің жүзін дірілге.
Бірі жарып,
Бірі мінген кемені
Тұнық суды
Лайлап айлы түніңде,
Қанша халық
Харап болды тұншығып,
Теңіздердің,
Мұхиттардың түбінде!
Не көрінді
Кеуде соғып, есіріп,
Адамға адам
Соншалықты өшігіп,
Уға бөккен
Жаралы жер бетінде
Басқа шаруа
Бітті ме әлде шешіліп?
Жер сілкініп,
Дауыл соғып, күн ысып,
Мұзың еріп,
Озон жатыр тесіліп.
Өзіңе өзің
Қиянат қып келесің
Бір-біріңнің
Өміріңді өшіріп.
Өзіңді өзің
Жем қылмақсың қалайша
Өзің ашқан
Сұмдықтарға қосылып?
Күйіп-піскен
Көңілдегі кегіңді
Компьютерге,
Киберлерге көшіріп?!
Милау қылып
Даңғазамен даңғырлақ,
Әніңді улап,
Мәніңді ұрлап,
Жанды улап,
Пайғамбарды
Мазақ қылып малғұндар,
Құдайға да
Тіл тигізіп «қалжыңдап»,
Арсыздықтың
Шектен шыққан түр-түрін
Экраннан
Лақтырады ырбыңдап.
Аз емес қой
Балалар да ақкөңіл
Саған еріп
Азып-тозған тырбыңдап.
Өздерін де,
Өзгені де аямай,
Сөзге келмей
Зиян жасап,
Қан қылмақ!
Зомбылықтан,
Зомбилаудан заманды
Зұлымдықтың
Зәрі жерге таралды.
Жау-жарағын
Жалақтатқан «жақсылар»
Жөндейміз деп
Қырып-жойды «жаманды».
Жүгенсіздік
Жоймасын де Жер шарын,
Адамзат боп
Ойла одан да аманды.
Жер-Ананы
Сақтау үшін жұмылып,
Жарасыммен
Жұмса қайрат, амалды.
Айтыс, тартыс,
Жолыңды ізде,
Тек қана,
Ей, адамдар,
Өлтірмеңдер адамды!
Зәузатыңнан
Өшер ме екен қан дағы,
Қандай болар
Көрешегің алдағы?
Қайта оралып
Соғар түбі өзіңді
Жұртқа істеген
Жамандықтың салмағы.
Қияметке
Кетпейді деп қиянат
Айтушы еді
Біздің елдің шалдары!
Жетіп тұр ғой
Жер мен көкке зейінің,
Неге сонша
Тарылады пейілің?
Ай-әлемді
Құтқарса тек құтқарар
Иман, үміт,
Ізгілік пен мейірім!
Тағылықтан
Тамыр жайған мұз ғұрып,
Тартса-дағы
Мың құйтырқы, жүз қылық,
Адам қылып
Сақтап қалған адамды
Өмір мәні,
Көңіл нәрі – ізгілік!
Тіршілікті
Қалтыратса ызғырық,
Қатыгездік
Айлағында жүздіріп,
Құбыжық боп
Мүлде құрып кетер ме ек
Жер бетінде
Болмаса егер ізгілік!
9
Сырыңды айтшы, дүние,
Сырғанап қайда барасың?
Зауалға батқан заманның
Таптың ба опа, дауасын?
Шыныңды айтшы, адамзат,
Асығып қайда барасың?
Ажалдан басқа алдыңда
Асуды қандай табасың?
Түсінбей қойдым, амал не,
Немене жұрттың қуғаны?
Алдамшы елес секілді
Даңғаза мақтан думаны.
Шүкірлік қылмай тәңірге
Табысты қуған толағай,
Адамнан асқан бар ма екен
Араны толмас қомағай?!
Жер-Ана – ортақ үйіміз,
Кім оны сонша улады?
Не болар екен алған соң
Ақырғы түйір уранды?
Тәубаға келу қиын-ды
Ұмытқандарға құдайды.
Қайтеді екен жұтқанда
Ең соңғы тамшы мұнайды?
Тынар ма екен көңілі
Ақырғы дәнді сатқанда,
Қуырып отқа Жер шарын
Ең соңғы жанды атқанда?
Тыйылар ма екен жын ойнақ
Дүние – жарық сөнгенде?
Қиналар ма екен жанды ойлап
Қиямет қайым келгенде?
Уайымдап Жердің тағдырын
Қандай деп алда көресі,
Сабырмен тәуба қыласың
Ие деп құдай, төреші!