Басты бет » Жаңалықтар » Бекжан ТҰРЫС: «ТАЛАНТ ПЕН ТАНЫМАЛДЫЛЫҚ ЕКЕУІН ШАТАСТЫРЫП АЛДЫҚ»

Бекжан ТҰРЫС: «ТАЛАНТ ПЕН ТАНЫМАЛДЫЛЫҚ ЕКЕУІН ШАТАСТЫРЫП АЛДЫҚ»

 М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрынының талантты актері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері,  «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, сахна сайыпқыраны, көпшілікке «Ұят болмасын», «Жетпіс жеті күн», «Еркектің аты  – еркек»  теле-бағдарламалары арқылы кеңінен танымал Бекжан ТҰРЫСпен емен-жарқын дидарласудың сәті түсті. 

image-22

– Аға, Сіздің Алматы облысы, Ұйғыр ауданына қарасты Шошанай ауылының тумасы екеніңізді естідік. Сол Шошанайдан шыққан шоқтығы биік дарынды әртістің кешегі балалық шағы қалай өтті?

– Әркімнің туған жері өзінің темірқазығы. Балалық шағым Шошанай ауылында өтті. Отбасында он баламыз, соның тоғызыншы перзентімін. Ата-анам қарапайым колхозшылар, әкем соғысқа барып қайтқан, ал анам тылда еңбек етті. Ойын баласы болғандықтан, тентектігіміз де болды. Кішкентай күнімнен кітап оқығанды сүйетінмін, әлі күнге дейін қолымнан кітап түспейді. Әдебиетті жақсы көрдім. Біздің жас кезімізде интернет, телефон деген жоқ, тек кітап оқитынбыз. Кітаптың адамға берері көп. Өнерге құштар болдым. Өзімнің туған жеңгем өнерпаз болатын. Халық театрында жұмыс жасады. Бір күні әкем жеңгеме «Әнге әуес, күйге құмар баланың жаны сұлу, таза болып өседі. Өнердегі тазалықты жақсы көреді» деп Мұхтар Әуезов айтпақшы, мына баланы өнерге тәрбиеле» деген болатын. Сол жеңгем мені өнерге тәрбиеледі. «Шықсаң да қанша биік деңгейге, жан жетпейді сырыңды ұғар жеңгеге» демекші, менің өнерлі жеңгемнің орны бөлек.

Төртінші сыныпты оқып жүргенімде қолыма алғаш домбыра алдым. Өлең айтқанда елдің бәрі разы болып, сахнадан жібермейтін. «Тұрыстың немересі, Асаубайдың баласы сахнаға шықпай, біз кетпейміз» дейтін ауылдың үлкендері. Бала кезімнен-ақ өнерге құштар болдым.

     Шынымды айтсам, қой баққанды жақсы көретінмін, ондағы ойым, қазақтың кең байтақ даласын сахнаға айналдырамын. Таңертең қойды жайып жібергеннен соң өзім актер, өзім режиссер, Қыз Жібек, Төлеген болып, астымдағы атпен әрі-бері шапқылап, бірнеше рөлдің образына енемін. Актер болсам деп армандадым. Елубай Өмірзақов, Әнуарбек Молдабеков сынды ағаларымның өнеріне тәнті болып, сол кісілерге қатты еліктедім.

– Актерлық өнерге қалай келдіңіз?

– Алматыда өткен шарада өнерімді көрген бір үлкен кісі «мынау кім, бұл қай бала? Көркем университетінде (ол кезде университет М. Әуезов атын әлі ала қоймаған уақыт – ав.) оқуға тиісті бала ғой» деп маған кеңесін берді. Сонда 23 жаста едім. Сөйтіп, Шолпан Жандарбековаға келдім. Ал үшінші курстан бастап Әзірбайжан Мәмбетов театрға, қара шаңыраққа алдырды. Содан бері театрдамын. Театрдың төл баласымын десек те болады.

Қырық жасымда ең алғаш бенефис кешімді бердім. Ертерек болған шығар, алайда қырықта ес кіреді-ау, осы. Қазақта «40-қа дейін әйел адам әрін бермесе, ол – қасиет, 40-қа келіп ер адамның есі кірмесе, ол – қасірет» деген дана сөз бар. Ес кіріп, ес жинап, өнердің қыр-сырын түсіндік. Жалпы өнердің жеке адамның басына емес, ұлтқа қызмет ету керек екенін түсіне бастадым. Өнерге деген адалдықты ұғындық. Ұстаздарым маған адал болуды, өнердің баспалдағын  адал аттауымды, театрды қалай сүю керектігін  үйретті. Олардың осы кеңестеріне қиянат жасай қойған жоқпын.  Өз ісіме адал болдым.

72

– Кезіндегі «Ұят болмасын», «Жетпіс жеті күн», «Еркектің аты – еркек» атты теле-бағдарламалар әлі күнге дейін көрермен жадында. Расында да, аталмыш бағдарламалар әзілге құрылса да, астарында тым терең мағына бар бола-тұғын. Аға, көгілдір экрандағы қазіргі бағдарламаларға көзқарасыңыз қандай?

– Қазір сондай бағдарлама бар ма, өзі? Елді ойландыратын, жұртты толғандыратын, ұлтты рухтандыратын дүниелер жоқ. Кілең айқай-шуға құралған, біздің келешегімізге кемел, болашағымызға бедел бола алмайды. Осының бәрі жанымызға батады.

Өнер көп салаға бөлінеді, оның ішінде ең сымбаттысы – театр. Кей әншілер «өнердің жолы – қиын жол» дейді. Олар өнердің  қандай  қиын жолын көрді? Осыларды әкеліп, сахнаға салып, театрға үш күн қойса, безіп кетер еді. Сонда олар өнердің ауырлығын түсінер еді. Өнердің ішіндегі ең ауыры, қиыны, күрделісі – біздің актерлық өнер. Көшеден келіп киноға, сериалдарға түсіп өздерін «актер, актрисамын» деп жарнамалайтындарды көргенде, шыны керек жүйкем шыдамайды. Өйткені ол актерлық мектептен өткен жоқ, актерлық мектептің қандай болатынын білмейді. Оның сыры тереңде екенін, оның жолы кедір-бұдыр екенін түсінбейді. Көрерменді бір күлдіртіп, бір жылату үшін өмірдің көп саласынан бас тарту керек. Біреудің өмірін жаңартамын деп жүріп, өз өміріне қауіп тауып алады. Жұдырықтай жүректен осылардың бәрін өткізетін актерлар, режиссерлар. Өзімнің кәсібімді қатты сүйгендіктен айтамын. Қазір бізде, әнші-актер, әнші-актрисалар қаптап кетті. Сол себепті көгілдір экранды қосқым да келмейді.

Хас өнерді менсінбей, жат өнердің жұлынына түсіп, жандары жаттанып кеткен өнер. Ылғи батысқа еліктеп кетті. Батыстан арылатын күн болды ғой. Ертең халықтың алдында не айтамыз? Біздің де өзіміздің ерекшелігіміз, ұлттық құндылығымыз, болмысымыз бар емес пе? Неге біз соны көрсетпейміз? Кез келген өркениетті елдің әдебиеті мен мәдениеті биік тұруы керек. Біз біреудің қаңсығын алып, таңсық жасап жүрміз.

Өнер адамдарында «киноға түссем, тарихта қалсам, мен өткеннен кейін сол экраннан көріп отырса» деген бір-ақ нәрсе бар. «Ойпырым-ай, біз қайда барамыз, ұлттық өнеріміз, тәрбиеміз, біліміміз бар еді ғой» деп мүжіліп, бас ауыртып жүргендерді көрмейсіз. Мүлдем жоқ демеймін. Бар адамдарды тұншықтырып тастайды. Мұны саясатпен байланыстыруға болмайды. Керісінше саясаттан тысқары адам, нағыз саясаткер сол. Бұл – азаматтық парыз.

162c961729c29ca70b5a9aed9cdfb7ae

– Сіздің театр сахнасында елуге тарта рөл ойнағаныңыздан хабардармыз. Бала мен дананы да, жас пен қарияны да сомдаған образдарыңызды  жұртшылық жылы қабылдауда.  Соның ішінде, әсіресе, қарттардың рөлін «қатырып ойнайсыз». Бұл образ жан дүниеңізге қаншалықты жақын?

– Үлкендердің қолына су құйып, батасын алып өскен ауылдың баласымын. Бүгінде елімнің алақанында еркелеп жүргенім – ауыл ақсақалдарының, ел ықыласының арқасы. Менің атам Тұрыс тоқсан сегіз жасқа келіп дүниеден өткен жан. Сол кісінің жанында жүрген ақсақалдардың әңгімелері бүгінгідей ұсақ емес, кесек-кесек болатын. Бір ауылды уыздай ұйытатын ақсақалдар еді. Бір қарияның кесімді сөзі елді, бір кемпірдің кесімді сөзі келінді тәрбиелейтін. Мінекей, осындай қариялардың қасында жүріп, ақыл-кеңестерін үйренгендіктен, «қарттардың» рөлі жаныма жақын. Қазіргі кезде қариялар қалмай, ақсақалдарға зәруміз. Жағымпаздықтың жарапазанын айтып жүрген қариялар бар. Жалпы, «Ұят болмасында» бір қарияның, ал театрда 7-8 қарияның образын жасаған екенмін.

– Сахнада жүрген әртістердің бәрі дарынды ма?

– Театрда жүргендердің бәрі талантты, ақылды, данышпан деп айта алмаймын. Кейде сахна саңлақтары деп айтып жатамыз ғой, алайда сахнаға шыққандардың бәрі саңлақ емес. Ол жерде де әр түрлі адамдар бар. Талант барлық жағынан талант болу керек. Бізде қазір талант пен танымалдылық екеуін шатастырып алдық. Екеуі екі бөлек. Ақын Фариза апамыздың «Қадір қалмай талант пен өнердің, Өмір өтіп барады өлеңдетіп, Адамдар жүр жердегі адамды, Күннен-күнге өздері төмендетіп». Сол сияқты өздерін өзі төмендетіп жүр. Бүгінгі таңда өнерді қалжаға, ғылымды саудаға айналдыруда.

– Театр табалдырығын «көкелерінің» көмегімен аттап «дарын сымақ» болып жүргендерден, дәлірек айтсақ «арамшөптерден» құтылу мүмкін бе?

– Қазір, сондай «арамшөп» қаптап кетті. Содан құтылу жолы қандай екенін білмеймін. «Үлкенсің-ау» демейтін көкірек көтеретін кеуде деген керемет. Әйтеуір, «көсеу ұстағанның бәрі – көсем, көсіле шапқанның бәрі – шешен». Әркімнің өзінің тәрбиесіне, санасына байланысты. Тәрбиесіз өскен талантқа ақылдың керегі жоқ.

– Театр сыншыларына көңіліңіз толады ма?

–  Енді, жоқ деп айта алмаймын, сыншылар бар. Бірақ, біздер айтылған сынды қабылдай алмаймыз. Сын айтқан адамды талап жейміз, тұншықтырамыз. Содан кейін бүгінгі сыншылар қорқақтайды. Батыл қадамға бара бермейді. Өйткені оларды қорқытып, үркітіп қойған. Сол сын айтылмағаннан кейін ғой, бәрінің кеудесі ала қаптай. Ал, сын айтылмаған жерде рухани тоқырау басталады. Біздер қазір әсіре, өсіре мақтауға әбден үйреніп алғанбыз. Актердың кемшілігі сол. «Әйтеуір бізді мақтаса екен» деп отырамыз. Көзі қарақты, сауатты, талғамы биік адамдар сын айтса, біздер соған қосылуымыз керек.

Біз сөйлеген кезде «сын айтылмай, мін түзелмейді, мен сынды көтеремін» дейміз. Мұның бәрі жалған.  Жәй, әншейін сөз. Сын айтыла қалған жағдайда, бір-біріне өкпелеп, жеп жатырған адамдарды көрдім. Өнердегі тоқырау осыдан басталады. Баяғыда Әшірбек Сығай ағамыз «сын естімеген актер, жаңбыр көрмеген жаратылыс сияқты» деп айтатын.

– Бекжан аға, «рухани жаңғыруды» қалай түсінесіз?

– Рухани жаңғыру – санадағы сілкініс. Мәселен, менің шешем немерелерінің кіндігін перзентханадан сұратып алып, топыраққа көмеді. Қазір қараңызшы, қаншама сәби перзентханада туылады, солардың кіндігін кімдер кесті? Ол кіндік қайда тасталып жатыр? Сұрауы жоқ, қан-жынға араласып құрдымға кетуде. Ал ертеңімізді ойладық па? Міне, кіндіксіз туылған балалардың қазіргі хал-жағдайы бізді қандай дәрежеге жеткізіп отыр? Бесік көрмеген будан өсіп, қалыптасып шықты. Солар төбеде отырып алып төбедей төрелік айтқысы келеді. Кіндігіңді туған топыраққа байлап, бақидың жолына бағыштаған бабалардың ұлт болуында  үлкен пәлсапа бар.  Мінекей, рухани жаңғыру қайда жатыр, сона-а-ау кіндікте жатыр. Осыны біз білеміз бе? Білмейміз. Рухани жаңғыру «атойлап» құр жүгіру емес. Санаңды сілкіп, бәрін өзіңнен баста.

– Күнделік жүргізесіз бе?

– Анда-санда көңілім құлазыған уақытта жүргіземін. Ішіп-жегенімді емес, маңызды мәселелерді, салмақты ойларымды жазып отырамын.

– Бекжан Асаубайұлы, әсерлі әңгімеңізге рахмет!  Елдің сүйіктісіне айналып, халықтың қадір-құрметіне бөлене беріңіз!

 Әңгімелескен

Самал ЖАМЕТ

Пікір жазу