Басты бет » Тіршілік ырғағы » Жадыра Шамұратова. Серіктің батпырауығы

Жадыра Шамұратова. Серіктің батпырауығы

shutterstock_100884040

(новелла)

Жаңа жылдық мерекенің абыр-сабыры басылып, ана жер, мына жерден тұтанған от шашу да таусылып, су жүретін тұрбалар да, терезелерді естілер-естілмес қып ұрған жел де, пәтерлердегі ауа айдағыштардың гуілі де, шатырлардың шиқылы да әлдеқайда жоғалып, көпқабатты үйлер түнгі кеңістікте баурап алар сиқырлы ертегіге құлақ қойғандай бірауық тынып қалған. Бірнеше күн бойы құрсаулаған аяздан кейін ауа сәл бусанғандай болып, көз жетер жерді түгел құшағына басқан қалың тұман айналаны өзінің шексіздігімен ерекше бір жұмбақ күйге батырғысы келетіндей. Бүкіл дүние осы бір мүлгіген күйде бұрын-соңды болмаған әлдебір ғажайыпты күтіп тұрғандай. Көше шамдарының тасасында қарауыта көрінетін тоғыз қабатты үйдің ортаңғы қабатының ғана шамы сөнбепті.

Шағын ас үйдің қабырғасына шырша пішінін келтіріп безендірілген жылтылдақ мишура мен терезеге жапсырылған қар түйіршіктерінің суреті, үстел үстінде ыбырсыған кәмпит қораптары, раковинадағы жуылмаған миксер мен ұн жабысқан табақша бұл үйде де жаңа жылды тойлаудың ырымын жасағанын көрсетер еді. Орындықта отырған күйі бұрыштағы газплитадан көз алмай ойланып отырған келіншектің жүзінің солғындығы мен жанарындағы ауыр ой ғана оның ішкі дүниесінің ешқандай мерекені күтпегенін, ең болмаса өзге әйелдерденқалмай салондарда кезек күтіп тырнағын әрлеп, шашына лак шаштырып жасанбағанын байқатады. Көзін газ плитадан алмаған күйі екі саусағынының арасына қыстырған шылымын сорып отырып, «осы соңғы шылым болсын, енді болдым, тастау керек» деп ойлады. Өзіне осымен нешінші рет уәде бергенін ойлағысы келмеді. Күні бойы тыным көрмегеннен әбден шаршағанын енді біліп отыр. Соңғы кездері ұйқысы қашқан келіншек газды қосып қойып ұйқыға кету, сол ұйықтаған күйі оянбау туралы ойларының да қатты шаршағандықтан күш ала бастағанын сезеді. «Құдай сақтасын, газплитаны қосып қойып ұлын құшағына қысқан күйі ұйықтап кетуді, сол ұйықтағаннан оянбауды қайдан ойлап жүр өзі, тфу, не болған өзіне… жоқ, қайдағы ұйықтап кеткен…ұйықтамайды…адам жүйкелесе қайдағыны ойлай бастайды екен ау, о несі ей, ауру бала бағып отырған жер бетінде жалғыз өзі секілді таусылып… ұлын өмірге әкелді және оған мейірімді ана болуы тиіс».

Өз-өзінен балалап, қаптаған қаңғыбас ойлар қамалап келе беретіні несі екен. Міне, тағы бір ой кимелейді. Тап қазір бұл өзі кім? Бір кезде, осыдан көп жыл бұрын біреудің үкілеген жалғыз қызы болып еркелегені, алғыр оқушы, ізденгіш студент, жауапты маман болғаны рас, бірақ, оның бәрі өткен шақ. Енді… ешкім емес, мұны басқа бөтен адамдардан ажыратып жатпайтын Серіктің мамасы ғана. Және солай қала береді. Осы сәтте келіншек басқа қалада тұратын қыздарын көргісі келді. Кеше телефонмен сөйлессе де олардың даусын естімегелі біраз жыл өткендей сезілді тура. «Екі әпкесі де жалғыз бауырлары үшін деп жаңа жыл мен туған күнінде сыйлық жасауды ұмытпайды, шешелерінің көңілін көтеру үшін тырысып жатады, бауырмал жүректеріңнен айналдым ау». Айымның кірпігіне шық тұнды. Енді төсекке қисаюдың мәні де жоқ, аздан соң Серік те оянар. Сосын… кешегіден аумайтын тағы бір күн, арғы, бұдан бір ай бұрынғы күннен еш айырмасы жоқ тірлік басталады. Айым бетін суық сумен жуып алып, айнаға үңілді. Көзі мен ернінің айналасындағы әжімдері көбейе түсіпті.

***

Ақырын басып ұлының бөлмесіне кірді, Серік ұйқы құшағында. Осы жатысында бұдан сүйкімді, бұдан момақан, бұдан тәтті бала бар ма! Ұлының қол-аяғы ұзара түскен бе, бойы өсейін деген ғой, жарығым сол. Құдай-ау, көзін жартылай ашып, бір қолын басының астына салып жатып ұйықтайтыны аумаған әкесінің әдеті. Әкесі де өстіп бір қолын басының астына қойып, бір қолымен мұны құшақтай жататын, жас келіншек орнынан қозғалмақ болған сайын ері құшағына қыса түсетін. Ойына қайдағы-жайдағы түсіп, күрсініп қалғанын өзі де байқамаған келіншек ұлының ашылып қалған көрпесін қымтай түсейін деді де, кереуеттің шетіне созған қолын тартып ала қойды. Оянып кетер. Ұйықтасын. Түнде екеуі алып бара жатқан шаруалары болмаcа да, Серік әр каналды бір ауыстырып, Айымның өзі шкафтарды жинастырып ұйқыға тым кеш жатқан. Ұлының әр жерде шашылып қалған киімдерін аяқ жақтағы үстелге іліп жатып, ішінен «құлыным ау, ботам ау сол, шаршаған екен өзі» деп еміреніп қойды. Бұл кезде көше шамдары сөніп, ерсілі-қарсылы ағындаған көліктер көбейіп, қараң-құраң еткен адам қарасы да көзге жиі шалынып, қала ұйқысынан оянып жатыр еді. Ол үй ішіндегі тыныштықты соза түскісі келді.«Серіктің таңғы асын пісіріп қояйын. Жаңа жөргектер әкеліп қою керек екен ау» (бұл жолы үлкен баланың өз бетінше дәретке отырмайтынын онша уайым етпеді, жүзінде тек ұлының аман жүргеніне шүкіршілігі ғана жазулы тұрды)… Серігім, ақ Серік қой ол».

Бұл есімді баланың әжесі әкесіне серік болсын деп қойған еді. Айым тұрмысқа жасы жиырма алтыға жақындағанда шыққан, бірінен соң бірі дүниеге келген екі қыз үйдің ішіне жылылық пен шуақ ала келді. Арада жылдар өтті, облыс орталығының бір ауданында басқа ұлының қолында тұратын енесі: «Қыздар бойжетеді, сосын бір-бір үйдің отын жағуға кетеді, бір ұл тауып ал, ертең күйеуіңмен екеуден екеу шошайып отырамысыңдар» дегенді келіннің құлағына келген сайын салатын.«Осыкүнгі әйелдер бір-екі баладан кейін тоқтап қалады, өйтіп жүрме, айналайын, Аянжанның артынан бір қара ілессін» деуді ұмытпайтын енесі телефонмен сөйлескен сайын. Енесі айта бергесін бе, Айымның өзі де осылай ойлай бастаған. Оның үстіне үйдегі екі қыз өсіп бойжеткен сайын жас сәбиді аңсай бастағандай ма ау, жөргек иісін сағынғандай ма ау… Бірақ, ол сәби енесі қалағандай ұл бола қойса жақсы ғой, е-е, мейлі, Құдайдың бұйыртқаны болады да.

Күндердің күнінде күйеуінің де мойны босап, бір сәт айналасына, әйеліне назар аударып… мұның арты екеуі үшін де қайтадан екінші көктем орнағандай сырлы шаққа ұласқандай болып, тура он алты жыл бұрынғыдай, бір-біріне қайта ғашық болғандай сезімді бастан кешсін. Осынау қайта жаңғырған құштарлық сезімнен кейін Айымның тәбеті тұздалған қиярға шапты емес пе. Екеуінің де қуанышында шек жоқ еді. Енесі де «түсімде мал қораның сыртын қойып, ішін де ақтап жатыр екенмін, құдай шебер, тіпті бір қарасам, мал соятын пышақ саудалап жүрмін, тура мынадай (кемпір шынтағына дейін түрініп жіберіп, қолымен өлшегендей көрсетті) ұзын, бір керім өткір, ұзын сапты күміс пышақ екен, түсім жақсы, тіпә-тіпә, бұл еркек балаға көрінгені, бұйырса, Аянжанымның ұлы болады» деп қуанған. «Ой, біздің апамның көретін түсі де ерекше ғой, әйтпесе мал соятын ұзын сапты күміс пышақтың өзі архаизмге айналып кеткен жоқ па» деп рахаттана күліскен күйеуі екеуі. Құданың құдіреті, 20 аптаға толғанда УЗИ-де іштегі шарананың ұл екенін айтты. Қыздар да бауырларының өмірге келуін асыға күтті. Ойпырмай, жасы қырыққа іліккенәйелге екіқабат болу ерсі, онша жараспайды, әрі денсаулығына күш түседі дегенді кім айтып жүр, Айым бұл кезде жүзіне арай жүгіріп, ажарланып, толысып, күйеуіне еркелей қарап, кербез қалып тауып, шаршамаса да болдырып жүргендей аяғын әрең алып, күйеуінің қалжыңдарынаеркелей бұртиып, ертең жарық дүниеге балпанақтай ұл әкелем деген ішкі қуанышы қиялын тербеп, жанын жылытып, бір жаймашуақ күйді бастан кешкен. Адам өзі баланың қадірін осы жаста біле түсе ме, бөпесі үшін кішкентай башмақтарды да өз қолымен тоқыды, сырмалы кеудешенің өрнегін де ерекше әдемі салған.

Дәрігерлер босану жасы ұлғайған деп мұның парақшасына түртіп қоюды ұмытпаса да Айымның босануы соншалықты ауыр болған жоқ, тек бәрі тағатсыздана күткен шақалақтың туған бойда дұрыс тыныс алмағаны ғана шошытты. Барлық медициналық тәсілдерді қолданып баланы тірілтіп алған дәрігерлер оны үйге бірден бермеді, бірнеше аптадан соң барып бесік тойы жасалып, келуімен үй ішін қуантқан сәби шынымен сүйкімді еді. Әкесі айналшықтап ұлының қасынан шықпайтын, әжесі пенсиясын алған сайын Серікжанға деп алған киімдер мен ойыншықтарды алып жететін. «Серікжан жөтеліп қалмасын, балконды жап, Серікжан оянып кетпесін, теледидардың даусын бас»! Бәрінің жаны сол баланың үстінде. Енесі де келген сайын «аумаған Аянның кішкентай кезі,ол да тап осылай көзінен жас шықпай жылайтын, кәнсертін созып отырып алатыны әкесіне қалай тартқан десейші!» деп сүйсінетін. Құшағына қысып, шолп-шолп сүйіп алатын. Сол кезде оқыс қимылдан ба, бала шар ете түсетін. Айым жарты жылдан соң Серіктің қайтадан өзінен-өзі дем жетпей тұншыға бастағанын байқады. Тіпті бірде қатты жылаған бала көгеріп, көзі қылиланып кеткендей көрінген. Қайтадан аурухана табалдырығын аттап, қажетті ем-шаралар жасалды. Серікке сегіз ай толғанда невролог Айымғабаланың дамуында кідіріс болуы мүмкін екенін айтты. Ал, арада бірнеше айлар өткенде Серіктің жүйке жүйесінде енді байқалған бұзылыстың келешекте қаншалықты қиын болатынында кәдімгідей ауа райын айтқандай қылып айта салды. Осылайша Серіктің ауру тарихына ментальдық бұзылыстың ауыр түрі деген диагноз жазылды. Айтып жатқан сөзіне соншалықты салмақ бермей-ақ, маңызды күйге енбестен жеп-жеңіл айта салғасын ба, Айым да дәрігердің айтқанынжүрегіне жақын алмады. Шынында қай ана баласын ауру деуге қия алады? Айымның да екі беті томпиған, қоңырқай шаштары бұйраланған, аққұба өңді сүйкімді сәбиін сырқаты бар деуге ойы бармайтын.

Айлар өте берді. Серік өзге балалар секілді шешесін көргенде қуанбады, екі қолын жоғары көтеріп талпынбады, өзіне еміренгенді, алдына алып әлдилегенді де жақтырмайтын. Жасқа толғанда жүре бастады, бірақ басқалар күткендей мама деп те, папа деп те айтпады, «а-а-ааа,а-а-ааа» дейтін күн ұзаққа. Кейде тынбастан бақыра береді. Әкесін көргенде қуанып уілдемек түгілі… оның көзі ешкімге түспейтін. Сәби ешкімге емес, өзінің ішіне, басқаларға жұмбақтау өз әлеміне ғана көз салатындай. Осыны байқаған сайын Айымның көңілі әп-сәтте жүдеп қалатын. Бұдан әрі баласының жайы не болмақ, бұларды не күтіп тұр, Айым үшін мұның бәрі белгісіз. Бәрінен үрейлісі, бәрінен қорқыныштысы белгісіздік екенін сонда білді емес пе? Енесі де бұрынғыдай елжірегенді қойып, Серіктің қасында ұзақ қалмауға тырысатындай, «тым еркелетіп ырбаңдатып жіберіпсің, өзі әлжуаз, аурушаң, Аянжан бала болып ауырып көрген жоқ еді» деп күңкілдеп қалғанын бұл елемейтін. Ойбау ау, тіпті Айымның айтылған әр сөзге мән беріп, астар аңдып отыратын мұршасы болды ма десейші, бар ойы сәбиі тұмауратпаса, ауырмаса, мазасы кетіп жыламаса екен дейді.Серіктің аяғы шықты дегенше үйден маза кеткендей болды. Серіктің қолына түскенін бүлдіріп, қирататын әдетінен зәрезап болған әке-шешесі пәтерін тәртіпсіз жануары бар адамдар секілді жабдықтап-жасақтай бастады. енді үйдегі барлық заттың орны өзгерді, дүние-мүлік жаңа тәртіппен қойылды, бәрін жоғарыға, баланың қолы жетпейтін жерге қоятын әдетке қыздар да үйренді. Әйтпесе… қолы жеткен дүниенің бәрін лақтырып, бір-біріне соғып, күл-талқанын шығарып, іске алғысыз қылып тастайтын болды.

– Ол неге үнемі бақыра береді?- деп сұрады Айым невролог дәрігердің қабылдауында болғанда.

– Мұндай балалардың өз әлемі бар,олар сыртқы әлемменбайланыста болғысы келмегендіктен өзінің миында болып жатқан нәрселерді басып, үзіп тастағысы келеді. Өйткені, сырттағы орта оның жүйкесіне тиеді, осы кезде біреуі басын қабырғаға соғады, біреуі бақыра бастайды.

– Енді… не болады?

Қалай десем екен… Сіз оны жақсы көруге тиіссіз. Ата-ананың махаббаты ғана баланы бақытты етеді. Аутистердің арасынан үлкен ойшылдар, атақты ғалымдар, ұлы адамдар шыққанын білетін шығарсыз.

Айымға баласының атақты ғалым болғаны қажет емес еді. Данышпан болмай ақ қойсыншы. Серігі кәдімгідей күлетін, жылайтын, анасын іздейтін, әрнені бір сұрап тықылдап жүретін бала болса екен. Айым осыны армандады.

***

Күн шуағын молынан төккен, кешкі мезгілінің өзі май тоңғысыз жылы мамырдың басы еді. Бірауық таза ауа жұтсын әрі ойнасын деп Айым да баласын алып аулаға шықты, өзге балалар да шүпірлесіп ойнап жатыр екен. Қарап тұрған адамның көңілі қуанатын көрініс, кішкене үш қыз бірінің шашын бірі өріп, ауыздарын томпайтып әңгімелесіп қояды. Күлкілері қандай! Сыңғыр-сыңғыр, былдыр-былдыр. Бір мезетте тепкішегі бар мәшинесімен әуре болып жүрген көк күртелі үш жасар бала аспанға қарап, «қалаңдал, қала, самолет»! деп айқайлады. Р-ды айта алмаса да сөздері анық. Шаттана дауыстайды. Қолын шапалақтап қуанады. Бала самолет көзден ғайып болса да сол жаққа ұзақ қарап тұрды. Әткеншектегі кішкентай қыз өзін тербеткен шешесіне «жоғары, тағы, тағы қаттырақ тербетші» деп жатты. Тек Серік қана ешкімге назар салмастан өзімен-өзі отыра берді. Ол ешқашан әлденеге таңырқап, бір рет те болса да саусағымен әлденені нұсқап шешесіне көрсеткен емес. Балалар онымен ойнамайтын. Өйткені Серік ешкімді байқамайтын, ештеңеге көңіл аудармайтын. Баланы айналып-толғанып,ана мен баланың арасында болатын өзара жылы қарым-қатынас орнатам деу бекершілік еді, ұлының әңгімеге, ойынға шақырғанға назар салмайтынына Айымның көзі жетті, осыған көңілімен көндіге бастады, өзге аналар секілдіұлын ертемен балабақшаға апарып, кеште сағынып қауышудың орнына енді тек ұлын көзден таса қылмай, бақылап отыруы тиіс екенін ұққанда уайымы одан сайын қалыңдап, бірнеше жасқа қартайып кеткендей болды.

***

А-а-аа, а-а-ааа… Ұлының ұйқыдан тұрғанын күтіп жүрген Айым оны құшағына басып, айналып-толғанды. Оның айналғаны – сырттай тыңдап тұрған адамның өзін елжіретіп, кеудесіне ерекше шуақ құятындай. «Айналып қана кетейін, жан ботам. Жүрегім. Күндіз-түні жарқырап тұратын кіп-кішкентай күнім ау, сол». Осы сөзді айтқанда оның жүзінде манағы солғындығынан із қалмай, жанарында ұлына деген мейір тұнып, осы сәт үшін өмірге риза болған бір қанағат сезімі тұрды. Анасының мейірленгеніне де, екі бетінен құшып сүйгеніне де назар салмаған бала ұйқысын аша алмағандай қабағын кіржитіп, пырс-пырс етіп жылай бастады. А-а-аа… Ана үшін баласының даусынан жағымды үн болуы мүмкін бе өзі.«Қазір, ботам, жуынамыз, сосын таңғы ас ішеміз» -деген шешесі ұлын жуынатын бөлмеге қарай жетектеді. Оған деген иогуртты дайындап, ботқаны да ұлының сүйікті ыдысына салды. Күнде бір мезгілде, бір ғана көк түсті ыдыстан ас ішу оның бұлжымас әдетіне айналған. Қашаннан солай еді? Айымның есінде жоқ. Ұлының бірсыдырғы күндері өтіп жатқан бөлмеде үш теледидар бар, сегіз жасар ұл әуелі соның біреуіне жанарын аударады, сосын екіншісіне бұрылады, сосын үшінші экранға… Осылай оның күні өтеді. Ортада газеттер қалай болса солай шашылып жатыр. Бұл Серіктің газеттері. Айым газет сататын дүңгіршектен мерзімі өткен газеттерді толтырып әкеліп қояды. Серік кейде өзінен өзі үрейленіп, мазасы кетіп, көңіл-күйі әлемтапырық күйге түскенде осы газеттерді жыртып, ұсақ бөліктерге бөліп, қиқымдап тастаған кезде барып сабасына түсіп, сабырлы күйге енеді. Дәрігер оның бұл мінезін аутоагрессия деп атайды. Бұл мінез Серіктің бойынан кейде қатты, кейде бәсең көрінеді. Кейде Серіктің өзінің басын өзі ұрғылап, өзінің аяғын өзі сындырмақ болып ашуға мінетіні бар. Баланы оған ұнамайтын, оған жағымсыз көрінген жерден сүйрелеп алып шығуға да болар еді, бірақ, соңғы кезде Айымның ұлын сүйрелеуге әлі келмеуге айналды. Өзі құралпы балаларға қарағанда ірі денелі, толықтау ұл күн өткен сайын күш алып барады. Ертең бұл зіңгіттей жігіт болғанда қайтем, алпамсадай еркекке айналғанда мені қаңбақ құрлы көрмейді ау деген ой келіншекті жасыта түседі. Серікте қауіп деген ұғым жоқ. Егер көшеде кетіп бара жатқанда әлдебір шалшықты көрсе, ештеңеге қарамастан соған жүгіреді, дәл қасынан көлік өтіп жатса да ештеңеге қарамайды.

Осы сегіз жыл ішінде Айым нешеме ой кешпеді дейсіз, суыққа қалтырай тоңып, жаңбырға жаураған күзгі жапырақтың күйін кешкен жарым көңілін нендей күйге билетпеді дейсіз. Кей түндері кірпік ілмей шығуды, ұйықтамастан келесі күндерді қарсы алуды үйренді. Құрбыларынсыз, туыстарынсыз өмір сүруге де адам көндігіп кетеді екен. Үлкені басқа шаңырақтың адамына айналған, кішісі Алматыда оқып жатқан қыздарын ойласа өзін олардың алдында кінәлі сезінетіні бар. Оған себеп те жоқ емес. Қазір ол нағашы әже атанды, үлкен қызы тұрмысқа шығып, жиен сүйдірген. Бірақ, Айымның оған баратын да, кішкентай жиеннің қасында бірауық отыратын да уақыты мен мұрғасы жоқ. Қыздарының жағдайын телефонмен сұрап отырғаны болмаса, олардың ішінде қандай мұңы, анасына айтар қандай сыры барын да білмейді. Оның күні ұлының қасында өтіп жатыр, Серікке ғана көңіл бөледі. Серік үшін жақсы шеше болғысы келіп, соған талпынған сайын қыздары туралы ойлау есінен шығып кететіндей. Әйтеуір, қыздарына келгенде күші, қуаты қалмайтындай. Ол бар қуатын Серікке жұмсайды.

Бір оқиға есінен кетпейді. Ол кезде кіші қызы Шынардың үшінші оқитын кезі. Сол кезде каникулға шықты ма әлде туған күні ме еді, қазір анық есінде қалмапты, әйтеуір, бір күні кіші қызын еркелетіп, онымен бірге ойнап, әдемі көйлек сатып әкеліп, айналып-толғанып сол күнді керемет өткізген. Сонда ғой кішкентай Шынардың: «Анашым, сен сондай кереметсің! Сен сондай… әдемісің, анашым»! деп бұған балалық ықыласын білдірген. Айым осы сәтте кішкентай қызының соншалықты елжіреген көңілін көріп жылап жібере жаздады, Серікке ғана көңіл бөліп, Серікті ғана аялап, соған ғана мейірімін төгіп жүріп қыздарын ұмытып кеткені өзінің жанын ауыртты, сол сәтте өзіне іштей серт бергендей болды, бұдан былай қанша шаршаса да, қиналса да қыздарының алдында үнемі әдемі, көңілді болып жүруі керек! Серік деп жүріп, тіпті, күйеуімен бір төсекке жатпағалы да бес жылдан асыпты ау… Әлде алты жыл ма… Сол салқындықтың қалай басталғаны ғана кешегідей есінде. Серіктің басқа балалардан ерекшелігі көзге анық көріне бастағанда Айым күйеуіне ақырын ғана дәрігердің қойған диагнозы туралы айтты.

– Сонда сенің балаң псих па? Өмір бойы осылай қала ма? — деген сонда күйеуі. Бұл сөзді ұмыта алмас.

– Серік сенің де балаң.

– Ммм…

– Ұлым дүниеге келді деп қалай қуанғаныңды, тойлағаныңды ұмыттың ба?

–…

– Эйнштейн, Дарвин, бәрі де осындай болған. Бұл ауруды тек дәрімен емдей алмайсың, оған ата-ананың махаббаты керек… Айым осылай деп айта бастап, сөзін әрі қарай жалғай алмай жылап қалғаны есінде.

***

Айым жуынатын бөлмеде ұлына тіс шаюды кезекті рет үйретіп жатқан кезде біреу қоңырауды басты. Тіпті үсті-үстіне баса түседі. Төменгі қабаттағы көршісі екен.

Менің келген себебім – балаңызды кішкене тәртіпке шақырсаңыз деп едім. Түні бойы батареяларды бірдеңемен ұрып, еденге тарс-тарс еткізіп ойыншықтарды лақтырады, кейде тоқтамай жылайды. Түсінесіз ғой, бұл үйдің қабырғасы тым жұқа,бәрі естіледі, балаңыз бір жыласа қоймайды, үйге кісі-місі келгенде де ыңғайсыздау, тым ерке болып кеткен ау.

– Кешіріңіз. Мазаңызды алсақ кешірім өтінеміз. Менің балам аздап ерекшелеу бала, — деп күлді келіншек. Өзі күлгенімен беті қозғалмады.

– Ерекше деген… қалай ол? Қазір бәрі баласын артық туған, ерекше көретін болды ғой. Көршісі ептеп мысқылдағандай болды.

– Аздап ауытқушылығы бар. Аутизм дейді ғой, естуіңіз бар шығар… Осыны айтқанда әйелдіңішінен бірдеңелер үзіліп жатқандай болды. Сөйтті де қайтадан жасанды жымиды.

– Кешіріңіз, — деді көршісі. Ол бір сәтке өзінен-өзі ыңғайсызданып, қызарып кеткендей болды. — Айып етпеңіз. Мен білмедім.

Одан кейін де Серік талай рет еденді дүңкілдетіп, батареяны тарсылдатып, мазасын алса да, көршісі қайтып қоңырау басқан емес.

***

Айым дамылсыз соғылған телефон қоңырауын естісе де басып тастады. Телефон тағы дыңылдай жөнелді. Тағы басып тастады. Бұл хабарласушының енесі екенін көріп отырса да телефонды алғысы келмеді. Не бетімен хабарласады екен? — деп ызаланды ішінен. Бір кезде уотсапқа хабарлама келді. «Айналайын, Айым шырағым. Амансыңдар ма? Жаңа жылдарыңмен, айналайын. Серікжан қалай, маған әлі өкпелеп жүрмісің? Алжыған кемпірді кешір… айналайын. Жаңа жылда өкпені ұмытайық. Серікжанымды сағындым, көрейін деп едім» деп жазыпты.

Енесімен арадағы өкпені қайдан ұмытсын? Ұмыта алмас!Немересі дүниеге келгенде сол бойда семіз қойды сойып алып, арқасына құрт-май толы сөмкені арқалай жеткен, шілдеханада немеремнің тойында немді аяйын деп жиған-тергенін тойбастар қылып таратып берген, мейірімі тасып-төгіліп жататын ақкөңіл енесін күндердің күнінде өзгере қалады деп бұл ойлады деймісің. Адам мінезі тереңіне бойлау мүмкін емес мың сан қатпардан тұратынын Айым білсе де, өмірдің біразын көрген кәрі адамның қиындықта бұларды ақылымен, білігімен демеудің орнына аяқ асты мінез танытып, өз немересінен жалт бұрылғанының себебіне үңілген де емес, соған тырыспағаны да анық. «Өзінің туған немересін өзекке теуіп, енді келіп сағындым дейді ғой» деп өкпелеген күйі Айым ішінен лықсып көтерілген ашумен жүріп әп-сәтте ас үйді мұнтаздай етіп жинап тастағанын байқамады.

«Мына балаңды дұрыстап қарат, аузынан суы ағып, өзімен өзі жүреді, бұл не болады, біздің әулетімізде мұндай ауру ешқашан болмаған, шамасы нағашыларынан шығар» деген бірде енесі. Айым үндемеді, енесінің сөзі көңіліне келсе де қарсы жауап бергісі келмеді. Енесі соңғы келгенінде де үйдің астаң-кестеңі шығып жатқан. Ыдысындағы тамақты қолымен қағып жіберіп лақ еткізіп төгіп тастаған Серік дамылсыз айқайлап бақыра берді, келіншек не енесіне қонақжайлық көрсетерін, не баласына қарарын білмей састы. «Осы үйге келсең жөндеп шайыңды да іше алмайсың, Аян да азып, шүңкиіп кетіпті, оған қарап жатқан сен жоқ, есі-көгің мына бала, өздеріңді қор қылмай бұл баланы кемтарлардың бәлнесіне апарып тапсырсаңшы. Сағынсаң барып тұрарсың» деген енесі сызданып отырып. Өзі жүйкелеп жүрген Айымның қаны басына шапшып, лезде шекесі ысып кеткендей болды. Ашу Айымға ештеңе ойлатпады. «Ауру болса да өз балам, ешқайда тапсырмаймын, егер көргіңіз келмесе бұл үйге келмеңіз!» деп салды. Енесі ештеңе деместен шығып жүре берді.

Айым бір сәтке болсынұлын арнайы мекемеге апарып тастай алмас еді. Ойбау ау, ондай мекемеде мұның баласына кім қарайды дейсің?Мұндай науқасы бар балаға үнемі психотерапия керек екенін, дәрісін уақытылы бермесе болмайтынын енесі қалйша түсінбейді? Дәрігерлерге бару, арнайы мамандардың сабағына қатысу… Айымның өмірі түгелімен өзгерді.

Күйеуінің де жүйкесі сыр беріп, соңғы кезде кез келген нәрсеге бола шыртылдай бастағанын аңғаратын. Басында Айымға күйеуі де баласының жағдайын іштей уайым етіп, қайғыратындай көрінген, бірақ келе-келе оның Серіктей ауру баласы барына ұялатынын, тіпті қорланатынын байқады. Бірде Серіктің әкесі баласының ештеңеге көз салмай, бөлмені мақсатсыз кезіп, кейде стол астына кіріп өзімен-өзі ыңылдап отырған кейпіне қарап отырып үмітсіздікке толы дауыспен: «Осыны интернатқа берейік. Ол жерде психиатрлар онымен айналысады. Мен өмірімді ауру баланы асыраумен өткізгім келмейді» деп қалды. Осылай деді де жалт етіп бұған қарады. Айым күйеуінің жаңа ғана өзі айтқан сөзінен өзі шошып кеткенін көрді. Бірақ, айтылған сөзді қайтара алмайсың. Осыдан кейін-ақ, күйеуі мен әйелінің арасында бой бермес алып, тастай суық қабырға-қамал тұрып қалды. Айымның Серік туралы, оның бүгін не істегені, не үйренгені туралы әңгімесін тыңдауға Аянның зауқы болмайтын. Кей күндері жұмысын сылтауратып келмей қалатын болды. Күндердің күнінде… ештеңені түсіндірместен, ештеңе деместен заттарын жинап кетті де қалды. Айымның сол минуттарда күйеуіне ештеңе дей алмағаны, қапелімде аузына сөз түспегені несі? «Неге кетесің, өз балаңнан, өз әйеліңнен неге бездің»? дегенді айтса, аяғына жармасып, жолын бөгесе, біреу оның артық деп сөгер ме еді мұны? Баяғыша еркелей келіп мойнына асылып, күйеуін ежелгі құштарлық сезіммен құшып тұрып, «бізді тастамашы, сенен басқа кіміміз бар?» деп көзінің жасын бұласа мұның жан дүниесіндегі дауыл күйеуінің көңіліндегі толқынды қозғамас па еді? Тіпті ашуланып, «Ауру баладан қашқаның ба, әлсіз әйелдің мойнына артып, өз балаңнан қашып бара жатқан қорқақ екенсің»! деп тұлан тұтып, зәрін шашса да соған қақысы бар еді ғой. Жоқ, Айым заттарын жиыстырып жатқан күйеуіне мелшиіп, ешқандай эмоциясыз қарап тұрды емес пе? Тек есік жабылғасын барып еңіреп тұрып ұзақ-ұзақ жылаған, жылап отырып өзінің соңғы кездері күйеуіне салқын қабақ танытып, келдің ау, кеттің ау деместен, тап бір келісім-шартпен ғана бір үйді бөлісіп жүрген ежелгі таныстардай тіршілік кешкенін есіне алған, өзінің құшағы ыстық, көңілі кең әйел болудан қалғанын мойындаған. Бәрін қойшы, Айымның бәрінен бұрын қыздарына не айтарын білмей қиналғаны ай. Кіші қыз әкесін бөлек жақсы көретін, әкесі десе жаны бөлек-тін, оған қалай түсіндірмек, үлкен қыз күйеуінің алдында жер болды ау, құда-құдағи не ойлайды деп те уайым кешті. Одан бері де ештеңе өзгерген жоқ, кішкентай Серік өзінің басқалар үшін түсініксіз әлемінде бұрынғыша өмір сүріп жатыр. Жаңа жыл алдында Серіктің әкесі телефон шалды. «Қалған көңіл – шыққан жан» десе де, пәтерді ұлының атына жазып қалдырғаны бар, ай сайын ақшалай көмектесіп тұратыны бар, соны ескеріп Айым да күйеуімен барынша сабырлы сөйлескісі келеді.

– Бала қалай?

– Жаман емес, бірқалыпты.

– Айым…

– Айта бер.

– Саған өтінішім бар еді…

– Ия…

– Мен үйлендім, естіген шығарсың. Алда-жалда көріп жатсаң оған біздің ауру баламыз бар екенін айтпай ақ қойшы.

– Кімге? Сенің әйеліңе ме?

– Ия…

Айым не дерін білмеді.

– Айтпай ақ қой. Ол мен туралы басқаша ойлап жүрер.

– Не ойлайды? Сені тек кемтар бала туғыза алады екен деп пе?Айым ызалана күліп жіберді.

Сол күні Айым үшін өмір тым сұрықсыз болып көрінген. Күйеуінің сөзін ойлай берді, «баланың бар бейнеті мойыныңда ғой, қиналып жүрген шығарсың ау» деген бір сөз жоқ, қара басын ғана күйттеген сатқын»!

Күйеуімен сөйлескеннен кейін жүйкесінің әрбір талшығы өзінен-өзі ширығып, енді болмаса үзіліп түсердей болып, көңіліне сұр бұлт орнаған сол күні Серік те тым шектен шығып кетті. Отырған бөлмесінің әптер-тәптерін шығарып, теледидарға ойыншықтар лақтырып, басын қоймай шайқап, берген тамағын төгіп, төгілгенді қабырғаға айнала жағып, шешесінің жүйкесін әбден сынамақ болғандай. Ақыры шыдамай кеткен Айым оны басынан ұрып жіберді. «Қашан сен басқалардай болар екенсің»! Шешесінің шапалағынан кейін Серік еденге құлай кетіп бақыра бастады. Ол жылаған жоқ, бірақ, жануарлар секілді дыбыс шығаруын қоймады. Сананы шаршатарлық бұл көрініс бірнеше минуттардан асып, тіпті сағатқа ұласты. Осы кезде барып Айым бұлай жалғаса берсе арты қиынға айналатынын түсінді, жанталасып өзінше амал іздеді. Ол енді тек қана аутизм туралы оқыды, қайтсем ұлымды қатарға қосам деген ой кешумен болды. Аутистік спектр бұзылысы дегеннің не екенін Айымнан сұраңыз. Ол бәрін айтып береді. Соңғы кездері әлеуметтік желіге кіріп, онда да бір-екі минутқа бөгеліп, Серіктің бірдеңені қиратқанын, өзінің әбден шаршағанын жазатын. Неге екенін, осыны жазғысы, танымайтын біреулерге мұңын шаққысы келетін. Айымның ол жердегі тіркелген достары да аутистердің шешелері болатын. Олар өзара басқа елде аутистерді қалай емдейтінін, қандай әдістің нәтиже беруі мүмкін екенін талқылайтын. Айыммен әңгімелессең тек аутизм туралы айтады, оның өмірінде осыдан басқа ештеңе қалмаған.Кейде ұлына қарап отырып, неге тым болмаса аутизмнің жеңіл, болмаса орташа дәрежесі болмады екен? деп те бас қатырар еді. Түсінде ұлын балабақшадан алып келе жатады, бір қараса Серік тақпақ айтып тұр екен дейді, біресе екеуі сабақ жазып отырады. Бірақ мұның бәрі түсінде ғана. Ал, өңінде бәрі бәз-баяғыша. Ұлының есейсе де жерге домалап бақырып жылайтынын, ашуланса өзінің басын өзі ұрып, өз бетінше дәретке отыруды үйренбейтінін көріп-көріп, сол көргенінен қатты қажып кеткенде… не ойламайды дейсіз… Ал, егер енесі мен күйеуі айтқан сол жерге Серікті апарып тастаса ше? Тіпті емдетуге бергеннің өзінде аутизмнің мұндай ауыр түрін алмауға арнайы мекемелердің мың сан себептері де жетіп артылатынын, оған арнайы маман да, қаражат та бөлінбегенін Айым біледі. Мұндай балаларға басқалай қызмет қаралмаған.Ол бір сәтке өзінің сондай бір шешімді қабылдағанын елестетіп көреді де өзінен өзі шошып кетеді. «Ұйқымды қандырармын, тамағымды ішермін, жұмысыма кірісермін, бірақ бұдан жаным тыныштық табар ма»?

Қарап отырса, кіші қызы да бойжетіп есейіп қалыпты ау. Соңғыда каникулға келгенінде бұған айтқаны оның ақылды екенін көрсетпей ме.

– Мам, сенің бірауық демалуың керек, Серікті өзім қарайын, санаторийге барып бой жазып келсеңші.

– Мен бе? Жоға… Серікті қалдырып қалай демалмақпын?

– Жоқ, мама, адам үнемі стрессте жүруіне болмайды. Ол өзіне зиян. Жүйкесі тозып кетеді.

– Стресс дегенің Серік пе?

– Жоқ, мам, мен жай шаршап жүрсіз ғой деп жатырмын. Қызы шешесінің көңіліне келетін сөз айттым ба деп шыр-пыр болды.

– Бұл стресс менің маңдайыма жазылған. Одан құтылғым да келмейді. Менен басқа кімге керек бұл бала. Сен де қарай алмайсың, үйренбегенсің.

Осыны айтып қызының көзіне қараған кезде қызының шешесіне жаны ашығанын, жанары жасқа толып кеткенін көрді.

***

Айым өзі көрген барлық жерде, қоғамдық орындарда Серік секілді балаларды, олардың ешкім алдын ала болжап болмайтын әрқилы мінез-құлықтарын қабылдай алмайтынын, балалары сап-сау ата-аналардың да көзқарастарында аутист балаларға салқындық барына көзі жеткен. Ұлымен екеуі дүкенгекірген кезде дүкеншінің мұның ұлының әройыншықты бір қозғағанын жақтырмай, жиырыла қалатынын байқайды. Бірде Серік өзіне ұнаған әлдебір ойыншықты тартқылай бастағанда сатушы өзінен-өзі «тиіспе! деп шар етті.

­– Ол жай ұстап көріп жатыр ғой, неге айқайлайсыз?

– Сосын сындырып тастаса ше?

– Сындырса өзім төлеймін!

– Аха, төлейсіз! Білем ғой қалай төлейтіндеріңізді!

«Одан да баласын дұрыс тәрбиелемей ме»? – дегенді естіді Айым шығып бара жатқанда.

Бірде кезекті рет дәрігерге барып, автобусқа мінген кезде Серік өзінен-өзі байыз таппай «а-а-а-ааа» деп айқайлай бастады. Айналасына көз тоқтатып жатпастан автобус терезесін кішкентай жұдырықтарымен соққылайды. Екі қолымен соққылап тұрып тынбайды, «а-а-ааа». Оған көліктегілердің бәрі таңырқай әлде шошына қарады. Осы тұрысында Серік олар үшін зообақтан қашып кеткен жабайы аң секілді еді. Бала ауыз жабатын емес. Оған мұның дұрыс емес деп қалай түсіндірерсің. Шешесі «қой енді» деп жұлқылаған сайын бала қышқырып, аяғымен жерді теуіп, одан сайын ызаменайқайлай түседі.

– Псих какой -то, — деді бір егде жастағы әйел жаратпаған түрмен.

– Бұл психикалық ауру емес! Айымның даусы қатты шықты. Оны өзі де байқады.

– Ия, бұл психикалық ауру емес, орталық жүйке жүйесінің бұзылысы!

– Хмм. Оның не айырмасы бар? Бәрібір балаң кеміс қой. Жұрттың көзіне көрсетпей, тым болмаса үйде ұстасаңшы, – деді кәртеміс әйел.

***

Серікті есік алдына алып шыққан Айым өзінің телефонына үңілем деп, өзімен-өзі отырған ұлының отырған жерінен тұрып кеткенін байқамай қалды. Орнынан ұшып түрегеліп, айналаны шола бастағанда жаңа ғана қасында отырған ұлының тайыншадай ірі қоңыр-сұрғылт түсті итті құшақтап тұрғанын көрген Айымның жүрегі зырқ етті. Иттің иесі өткенде есіктің қоңырауын басқан көршісі еді. «Қап, мына баланы ай, итке қабылар ма екен?» Ұлын құтқармаққа жанұшыра ұмтылды. Бірақ, ұлы иттен айрылатын емес. Айым баласын иттің қасынан көтеріп әкетпекші болды. «Қорықпаңыз, тәте» деп жұмсақ дауыстады жігіт, — «Ол балаға тимейді». Итінің қарғыбауын қолына орай орындыққа отырып жатқан көршісіне бұл ала көзімен ата қарады. «Біз шыққанда бірге тап болуын қарашы». Оған әлдене деп аузын аша берген еді, көрші жігіт бұған ымдап, амандасудың ишарасын жасады да, көзімен ит пен баланы нұсқады. Аты ит болғанымен бұл дене тұрқы ірі келген кәдімгі неміс овчаркасы еді. Ит баланың ересектер байқай бермейтін әлдебір ерекшелігін байқағандай оған бір мейірмен жақындап, онымен ойнағысы келген сыңай байқатып құлағын тікірейтті, осы тұрысында ол да жаңа бір ойынды күтіп тұрғандай көрінді. Арқасымен жерге жата қалып баланы қуантқысы келгендей. Осы кезде Серік тізерлей отырып иттің ішін сипады. Бұл иттің жанына жаққандай, бір мезет баланың тізесіне басын сүйеді. Көршісі Серікке жылыұшырай қарап, Айымға былай деді:

– Менің итім балаларға үйренген, қажет болса балаңыз ойнасын, кейде бұл жақсы көмектеседі.

Айым көршісіне қатты сөйлеп тастамақ болды да, оның көзінен жанашырлықты байқады.

– Қауып алмасын, – деді Айым итке сақтана көз тастап.

– Қаппайды. Тек бала аса мазасын алмаса болды.

– Серік, ақырын. Абайлашы…

– Менің итім балажан. Анада қарындасымның кішкентай қызы келгенде де онымен балаша ойнаған. Итпен дос болатын балалар ақылды болады.

***

Серік жуынатын бөлмеде отырды. Пластик қалыптарға су құйып ойнау оның ең бір жақсы көретін ісі. Әр құйған сайын көзі жарқ ететіндей, суды шалпылдатқан сайын жаны рахаттанатындай, әлде Айымға солай көріне ме. Осыны байқағаннан кейін қолы қалт еткен кезде интернетті ақтарып, аутистерге судың ерекше әсер ететінін, судың көмегімен оларды емдеуге, көңіл-күйін біршама жақсартуға болатынын оқыды. Сол күні өзінен-өзі көңілі көтерілгені ай. Әлденеден үмітті көңілі бір жақсылыққа сенетіндей. Бір бүйірінде жүретін, көңілін үнемі алаң қылған әлдебір шаруасының шешімін тапқандай сезімде жүрді. Алматыда арнайы дельфинарийдің бары оның үмітті көңіліне шам жаққандай еді. Мына тұрған жер емес пе, Серік екеуі бірнеше рет дельфиндерге барды, баласы алғашқы күні оның не екенін анық ұқпаса да, ол жердегі баяу музыканың өзі оған жайлы әсер етті. Ол күні Серік бір рет те жыламады, мазасы да қашпады. Көптен үйден шықпай, бірсыдырғы күндерден мезі болған ба, Айымның өзінің де көңілі бөлініп, сол жерде балаларын сеансқа әкеліп жүрген әйелдермен танысып, шүйіркелесіп, бір жасап қалғандай болды. Бастапқы күндері бала дельфинді тек алыстан бақылаумен болды. Үшінші әлде төртінші барғанда дельфин су жиегіне жақындап келіп, суға сүңгіген сайын және су бетіне шыққан сайын жағымды ерекше дауыс шығарып, Серікті өзімен ойнауға шақырғандай болды. Серік оған мәз болып қарап тұрды. Бетіне су тамшылары ілініп қалған аққұба бала осы сәтте ерекше сүйкімді еді. Осы тұрысында оны басқалардан ерекше деп айта алмас едің. Айым ұлын дамылсыз суретке түсірумен болды. Тағы бір барғанда Серікқорықпай жақындап дельфинді сипап көрді, тіпті онымен түсініксіз тілде былдырлап сөйлескендей болды ма ау, әйтеуір, өзінің ойнап жүрген қызыл-жасыл добын лақтырғанда баланың жүзі ерекше албырап тұрған еді. Тіпті дельфиннің қатарына тұра қалып онымен бірге жүзбекке тырысқанын қайтерсің. Бұл көрініс Айымды ерекше толқытты. Ұлының айналасына шаттана көз салғанын да, дельфинге қарағандағы мәз болып күлгенін де Айым осыған дейін көрмеген еді. Осы көрген әсерлі сәт бақыттың көзге көрінбес нәзік сәулесін жүрегіне шым-шым еткізіп дарытып, бір сәттік қуаныштан өзінің де жаны толқып кеткендей болды. Ұлының жанарында нұр ойнап, қуанған, жүзі бал-бұл жанған сәтін суретке түсіріп тұрып, сол суреттітап қазір күйеуі мен енесіне салып жібермек болғаны да бар. Бұрын мама деген жалғыз сөздің өзін түсініксіз айтатын, бөтен адамдардан, айналадан қорқатын бала бірнеше күнде жүзуді үйренді, дельфинді құшақтап, тіпті сүймекші болып та әуреге түсті. Бес-алты сеанс алғаннан кейін Серіктің көзі өзіне түскенін көрді Айым.Сегіз жасар ұлжарқыл пайда болған жанарымен анасына әлдене айтқысы келді ме, әлде сол қарасымен шешесінің төзіміне, шыдамына алғысын білдіргісі келді ме, әлде осының бәрі Айымның өз сезімінен туып жатқан көрініс пе, ол жағын айырып болар емес… Айым осының өзіне шүкіршілік етті. Осы жылдар ішінде қуануды ұмытып қалған басы басқалар сезе бермейтін, өзі ғана байқаған жақсылыққа іштей, ешкімге білдірмей үнсіз қуанатын болған. Несін айтасыз, одан кейін де әйелдің қуанышы ептеп болса да еселене түскендей. Серік енді пластилинді ермек етті. Күнұзаққа байыз таппайтын, ештеңеге назар аудармайтын бала бір сәтке тыншып қалатын болды, алдындағы ісіне бар зейіні ауып тапжылмай отырғаны. Міне, бүгін де бар зейінімен динозаврды илеп шықты. Кәдімгі мультфильмнен көретін жасыл түсті динозаврлардан аусайшы. Аутистердің дүниені басқаша көріп, қабылдайтыны туралы қисын рас па, әлде Серіктің ойлау жүйесі ерекше ме… оның пластилиннен илеген дүниесінің бәрі Айымға қайталанбайтын ерекше туынды көрінеді. Реактивті қоңыздар. Құйрығы бар бала қолына пистолет ұстап алыпты. Айым үшін өзінің ұлынан асқан шебер жоқ! Ұлының жетістігін біреуге көрсеткісі келеді, біреуге айтқысы келеді. Осының бәрін суретке түсіріп жарияласа ше!

Арада екі-үш апта өткенде Айым үшін тағы бір ерекше оқиға болды. Сол күні шаң басқан шкафты жинап жатқан, кітаптардың арасынан бір фотосурет сусып жерге түсті. Өзімен-өзі жүрген Серік жүгіріп келіп суретке үңілді де, тұңғыш рет өзінің әжесін танып, қолымен нұсқап тұрып, «моншақ» деген сөзді айтты. Айым ұлынан көз алмай таңырқап қарап қалды. Мұның енесі моншақ тізгенді жақсы көретін, мойнына үнемі моншақ тағып жүретін. Қызыл моншақ, жылтыр аралас көк моншақ. Кербез кемпір жылтыр аралас барқыттан тіктірген көйлектерінің сыртынан қандай түсті қамзол кисе, моншақты да соған сәйкестендіріп тағатын. Серік әжесінің сол моншақтарын есіне сақтап қалған екен. Қалай таңғалмасын Айым! «Құлыным ау, сол, әжесін ұмытпаған екен. Сағынған екен ғой». Осы сәт өзі де көптен көрмеген енесін сағынғанын сезді. Баяғыда алғаш келін болып түскенде «Аянжанымның құсы ғой қолына қондырған, келген қадамың құтты болсын» деп қуанып келіп бетінен сүйген, қуаныштан көзіне жас алған енесін Айымның да осы сәт көргісі келгендей. Әйтеуір, өзі де енесінің суретіне ұзақ қарады.

Айым енді ұлына әріп үйрете бастады.

– Бұл А деген әріп. Сен алма жейсің бе? Алма-А, Серік маған қарашы, мынау не? Ат, ат –А

Серік тыңдап отырғаны, тыңдап отырмағаны белгісіз төмен қарап отыра берді. Бала сүлесоқ, шаршаңқы, тым-тым енжар көрінеді.

Ертеңінде шешесі Серікке кешегісін еске түсіруге тырысып,

– Серік, мынау … дей бергенде

– А. Ал-ма, ат.

– Жарайсың, балам, А-ны білесің. Шешесі қуанып кетті. Соншалықты анық сөйлемесе де, сөзді бөліп-бөліп айтса да, осының өзі зор жетістік болатын. Айым дамыту жұмыстарын тоқтатпады. Бірақ, бұл талпынысы әр кезде әрқалай аяқталатын, көбінесе Серік бұған назар аудармай, төмен қарап өзімен-өзі болып отыра беретін. Тек кейде ғана бұртиып отырып шешесінің сөзіне жауап береді.

– Ал, мынау… Енді жаңа әріпті үйретпекші.

– Б, — деді бала ақырын.

Шешесі тосылып қалды. Ол мұны күтпеген еді. «Серік Б-ны қайдан біледі, әлі үйреткен жоқпын ғой».

– Бұл — Б, дұрыс балам, барабан, бантик.

Бала өзімен-өзі отыр. Бір кезде кітапқа үңіле түсті де С деген әріпті саусағымен көрсетті.«С»-деді. Оның қасындағы әріпті Т деді. Айым таң-тамаша қалды. Ол ұлынан мұндай зеректікті күтті дейсіз бе!«Құдай ау, мынау деген ғажап қой, ештеңе білмейді, үйренбейді деген баласы таңғалдырайын дегені… о, Құдайым…» Әйел бір сәтке өзімен-өзі қуанып, толқып-басылып, «Данышпаным менің, жаным балам», деп ұлын маңдайдан, бетінен алма-кезек сүйіп жатыр. Өзінің жүрегі қуаныштан өрекпи соғатындай. Сөйтсе Серік барлық әріптерді дерлік білетін болып шықты. Бір кезде барып Айымның ойына Серік сияқты балалардың миының бір бөлігі дамып, бір бөлігі дамымай қалуы мүмкін екендігі туралы оқығаны оралды.

***

Сәске түс болып қалған шақ. Дәрігер қабылдауынан шаршаңқырап шыққан Серік әлсін-әлсін кібіртіктеп тұрып қала береді. Ұлының аспанға қарай бергенін аңдаған Айым да жанарын жоғарыға қадады. Аспан ашық. Әріректе, биікте қалқып жүрген ақ шарбы бұлттар жеп-жеңіл көрінеді. Дәл осы сәтте Айым өзінің де бойында көптен байқалмаған бір жеңілдікті сезінгендей болды. «Ұлыңыз бұрынғыға қарағанда біраз жақсарып қалыпты. Бүгін менен бұрынғыдай қорыққан жоқ, өзіне қойылған сұрақтарға дұрыс жауабын тапты, кәдімгідей даму бар. Әжептәуір жетістік! Мен сіз сияқты аналардың қайратына таңғалам әрі соншалықты риза болам. Мұның бәрі оңай емес, дегенмен де балаңызбен жұмысты жалғастыра беріңіз» -деген болатын дәрігер. Шіркін, бір ауыз сөз деген сол! Осы кезге дейін қаншама дәрігерге барғанын, жақсы деген дәріні іздеп, ұлы үшін біресе массажға, біресе бассейнге жазылғанын, Серік тыңдап отырмаса да ұзақ кештер оған арнап ертегі оқығанын дәрігердің байқағаны ғой. Жақсы сөздің құдіреті ай, дәрігердіңсөзінен кейінАйымның кеудесінде күй ойнайтындай, күннің шапағы тек айналаны нұрландырып қоймай, тротуар жиегіндегі ағаштарға, аялдамаларға, бүкіл қалаға ғана емес, мұның жанына да шуағын молынан төгіп тұрғандай көрінді. Әйтеуір, көңілі алабұртып, алда болар бір қуанышты сезетіндей. Неге екенін, Айымның осы сәт енесіне телефон шалғысы келді. Серіктің жетістігін, нағыз мүсінші болғалы тұрғанын, әріптерді танитынын,бұрынғыдай аузының суы ағып жылай бермейтінін, сурет салуға да ынтасы барын айтып қуантса қайтеді? «Әжесі ғой, сағынса сағынып жүрген шығар». Дәл осы сәтте көңілінде енесіне ешқандай өкпе-реніші қалмағанын аңғарғандай болды ол. «Үлкен кісі ғой, оған ренжіп не табам, ұлым жақсы болып кетсе болды маған, басқасы оның қасында түк емес» деп ойлады.

Серік үйге кіруге асықпады. Есік алдында ойнап жүрген балалардың бірінің қолындағы батпырауықтан көзін алмаған күйі сілейіп тұрып қалыпты. Ұлының қалауын тез тапқанына қуанған шешесі оған да дәл осындай батпырауық сатып әперіп қуантқанша асықты. Шешесі өзіне балалардың қолындағыдай батпырауық сатып әпергенде баланың жанарында бір ұшқын пайда болды. Бұл өткендегі дельфинді көргендегідей, дәл сол қуаныш оты болатын. Құнжың-құнжың етіп, батпырауығын манағы балалар секілді тезірек ұшырып көрмекші. «Құдай ау, мынау менің Серігім бе, батпырауықты жақсы көретінін білсемші, әлдеқашан әперетін едім ғой, құлыным ау»… дейді шешесі ішінен елжіреп. «Батпырауығың не, ұлымды қуанту үшін мен неден аянып қалады екенмін». Айым бұрын қайдан білсін, батпырауық дегенің тіпті де оп-оңай ұшыра салатын дүние емес екен. Басында екеуі бірдей терлеп-тепшіп әуреленіп, оның ұзын жіптерін шатыстырып әлек болды. Бір кезде әйтеуір, ретке келтірді ау. Ұлы батпырауығын ұшырғанша асық. Баласы әрі-бері жүгіріп, батпырауықтың желдің екпінімен желбірегеніне мәз болды. Ұлының қуанышына Айым да мәз. Бір кезде батпырауықтың жібі Серіктің қолынан шығып кетті де, кеу-кеулеген жел онытік көтере түсіп биікке ұшыра жөнелді. Батпырауық өз бетімен әлдеқайда, алысқа ұшып барады. Оның сары жолақтары көзге байқалмай, бірыңғай көк түсті болып көрінеді. Ұлы жаңа ғана қолына ұстаған ойыншығынан айрылып қалғанына жылар ма екен деп уайым еткен ішінен. Анасы дәл қазір ұлының көңілі түспеуі үшін қандай амал бар болса, соны жасауға дайын еді.

– Менікі! – деп қуанды Серік батпырауығын нұсқап. Ол бұл сөзді ап-анық айтты.

– Айналайын, сенің батпырауығың! Көрдің бе, алысқа ұшты! –деді шешесі мейірленіп.

Ол ұлына қараған көздеріне әп-сәтте жас үйірілгенін байқамады. Батпырауық көк жүзінде қалқып жүзіп бара жатты. Серіктің батпырауығына ауладағы басқа балалар да қарап тұрды.

Пікір жазу