Басты бет » Жүдеу ой » Ойынқұмарлық жастарды құрдымға тартып барады

Ойынқұмарлық жастарды құрдымға тартып барады

Сурет: https://zhanaqorgan-tynysy.kz/

 

Талайдың санасын улап, қалтасын қаққан ойын автоматтары мен казинолардан бөлек, құмар ойындарынан бәсі кем түспейтін букмекерлік кеңселерге бас сұғушылар қатарының артып отырғандығы алаңдатады.

Талайды сан соқтырған бұл ойындар қызметіне әзірге тоқтау болмай тұр. «Сайтан ойынды» серік еткендердің дені – жастар. Қай нәрсеге де тез бейімделе жөнелетін жастарымыз қазір құмар ойындардың құрбанына айналып барады. Соңғы деректер бойынша ел тұрғындарының 350 мыңнан астамы түрлі құмар ойындары орталықтары маңын торуылдайтын ойынқұмарлар қатарында көрінеді.

Бұл дегеніңіз, құмар ойынға құмартқандар қатары азаймай, керісінше жыл өткен сайын артып бара жатырғанын көрсетеді. Ойынқұмарлар әсіресе Алматыда, Алматы облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында көбейіп отыр. Пандемия уақытында «ойыншылар» қатары соңғы екі жылғы көрсеткіштен алты есе өскен. Соның салдарынан, букмекерлік компаниялар бір жылда 79 миллиард теңге пайдаға кенелген.

Осы орайда құмар ойындары мәселесі бойынша Сенат депутаты Дана Нұржігіт Үкіметке арнайы депутаттық сауал жолдап, Қазақстандағы ойын бизнесіне қатысты заңнаманы жетілдіруді ұсынды. Депутат:

– Бүгінгі таңда депутаттардың атына несиеден несиеге кірген, отбасы ойран болған, мүліктерінен түгелдей айырылған азаматтар мен олардың туыстарынан шара қабылдау туралы өтініштер көп түсіп жатыр. Дерт күннен күнге өршіп барады. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәлімдемесіне сәйкес, елімізде тұтынушылық мақсатқа алынған несиенің көлемі 2021 жылдың қыркүйек айының өзінде 3,7  пайызға артқан, яғни 5,63 трлн. теңгені құраған. Ал бұл көрсеткіш жыл басынан бері  28,3  пайызға өскен, – деген дерек келтірді.

Депутаттың айтуынша, жасы 18-ге толған кез келген азаматқа оның табысына қарамастан тұтынушылық несие беріле береді. Құмар ойындардың бюджетке төлеп отырған салығына қарамастан, әлеуметке келтіріп отырған зияны әлдеқайда көп екендігін тілге тиек етті.

– Мұндай қолжетімді несиелер құмар ойындардың төлемдеріне де жұмсалады. Бүгінде мобильді қосымшалар арқылы жұмыс істейтін казино, интернет-казиноларға, букмекерлік кеңселерге азаматтарымыздың, әсіресе жастарымыздың құмартып, арбалып жатқаны алаңдатады, – деген ойын айтты.

Депутат келтірген деректерге сүйенсек, елімізде арнайы лицензия арқылы 7 казино, 30 букмекерлік ком­пания жұмыс істеп тұр. Осы са­ла­дағы ақша айналымы 170 мил­лиард теңгені құрайды.

Осы тақырыпқа байланысты Парламентте бұған дейін жасалған депутаттардың жұмысын зерттеп шықтық. Мысалы, 2012 жылы депутаттар ойын автоматтарын, интернет клубтарды білім ордаларына жақын жерде орналыстырмауды сұраған. Бұл – оффлайн өмір. Ал қазір сол 2012 жылы туған 10 жасар баланың мектебінің қасында емес, құмар ойындар қосымшасы қалта телефонында жүр. Былтырғы жылдың соңында депутаттар букмекерлік кеңселер мен интернет-казинолар кредиттік картаны қабылдамау керек деген ұсыныс тастады. Бұл мәселе әлі талқылануда.

– Қолданыстағы «Жарнама туралы» заңға сәйкес казино және интернет-казино қызметінің жарнамасына тыйым салынған. Бірақ букмекерлік кеңсе қызметтерінің жарнамасына тікелей тыйым жоқ. Сол себепті мұндай компанияларлардың жарнамасы интернет желілерінде агрессивті түрде жүріп жатыр. Ең сорақасы – бір ойын­шы­ның қарызы 10 млн тең­ге, – деген сенатор осы деректерді алға тарта отырып, букмекерлік ком­панияларды жар­­намалауға толық тыйым салу бойынша қолда­ныс­тағы заңна­маға тиісті өзгерістер енгізу қажет екенін баса айтты.

Сурет: FINRUSSIA.RU сайтынан

Бәленің басы – букмекерлік кеңселер

Спорт ойындарына бәс тігудің де зардабы құмар ойындарынан бір кем емес. Бұл ойымызға бізге келіп, шағым айтқан ананың өмір жағдайы куә. Аалпысты еңсерген Сақып апаның бүгінгі уайым-қайғысы да, бас ауруы да осы – букмекерлік кеңселердің қызметінде көрінеді. 27 жасар ұлы бәс тігу ойынының «құрбанына» айналғандығын айтқан ана кімге шағым айтып, кімнен көмек сұрарын білмей дал.

– Балам жұмыс жасайды. Жалақысы да тым-тәуір. Бірақ соңғы бір жылдың көлемінде ұлымның мінезі де, жүріс-тұрысы да күрт өзгерді. Табысын үйге әкелмейтіні өз алдына, тіпті үйдегіні сатып жіберетінді шығарды. Мен оның қалтасынан букмекерлік кеңсенің түбіртектерін тауып алдым. Осылайша, оның құмар ойындарына әуестеніп жүргендігін білдім. Санасын улағаны соншалық, тіпті біздің айтқан кеңесімізге, сөздерімізге құлақ асуды қойды. Енді осы ойынға түпкілікті беріліп, жұмысынан қала ма деп қорқамын. Осы букмекерлік кеңселердің қызметі тоқтатылса екен деймін, – дейді жанарын жас кернеген кейуана. Тапқанын жойғаны өз алдына, алдап анасынан да қаржы сұрап алып, несие алғызып, үй ішінде көп қиындықтар туындатқан ұлы үлкендердің айтқанына құлақ асуды да қойған. Мінезі күрт өзгеріп, жақындарымен дауласатынды шығарған, үйде ұрыс-керіс туындататын да болған.

Міне, бұл бүгінгі таңда бір ғана отбасының басындағы жағдай емес. Тапқан қаржысын ғана емес, астындағы көлігін, тіпті баспанасын сатып, осындай құмар ойындарына салғандар, отбасынан ажырасып, берекесі кеткендер баршылық.

Бүгінде еліміздегі қай қаланы алмасақ та көшелерден «Букмекерлік кеңсе» деген атауларды жиі ұшырататын болдық. Бір Нұр-Сұлтан қаласының өзінде 57 букмекерлік кеңсе жұмыс жасап тұр. Ал олардың басым бөлігі 24 сағат бойына келушілерге қызмет көрсетеді. Қала көшелерінің кез келген жерінен ұшыраса кететін бұл кеңселерге бас сұға қалсаңыз, «спорт жанкүйерлеріне» лық толы. Ішінде жасы да, жасамысы да бар. Дегенмен жастар жағы басым. Яғни, бәс тігудің шеберлері қолдары қалт етсе осы жерлерге жиналып, өз ойындарына қызу кіріседі деген сөз. Құдды бір сол спорт алаңында өздері бәсекеге түсіп жатырғандай. Алайда олар өздерін «ойынқұмар» деп емес, «спорт жанкүйерлеріміз» деп есептейді.

Бүйтіп ақша тігіп, соңғы тиыныңа дейін санап беріп жанкүйер болғанша, спортсүйер жастарға қолдау көрсетіп, олардың биіктен көрінуіне жәрдем көрсеткенің, осылайша сауапты іс жасағаның жөн болар деген ой келеді. Не өзің спортпен айналысып, жаныңдағыларды салауатты өмір салтын ұстануға шақыр. Спортқа деген шын жанкүйерлік, шын жанашырлық осында жатса керек. Ал букмекер кеңсесінде отырып алып, бәс тігіп, жан құмарлығы үшін уақытыңды зая кетіру, қаражатыңды «желге ұшыру» дұрыс тірлік емес. Бірақ бұл кеңселердің иелері де, ойыншылары да олай ойламайды. Арам кәсіп жасап, жастарды жат әдеттерге, қала берді қылмысқа итермелеп отырмыз деген ой букмекерлік кеңселерін ашып, табысқа белшесінен кенеліп отырғандар ұқпайды, білсе де білмегенсиді.

Букмекерлік кеңселердің жұмысымен танысу мақсатында қаламыздағы кеңселердің біріне бас сұқтық. Өзімізге таңсық жер болғандықтан, танысымызды іздеген болып жан-жағымызды шолып шықтық. Түнімен жұмыс жасайды екен. Бұл жерде ойыншылар үшін жақсы жағдай жасалған. Кеңседегі адамдардың ешкіммен алаңы жоқ, есіл-дерттері ойында. Ішкі жағдайды «барлап» алып, есік алдына шықтық.

Сырттан ойынқұмар жастардың бірін кезіктіріп әңгімеге тартқан болдым. Тілші екенімді айтсам, «ат тонын ала қашатынын» біліп: «Бір танысымды іздеп келіп едім. Сіз танымайсыз ба? Үнемі осы жерге келетін» деп сыр тартып бастадым әңгімемді.

– Есіміңіз кім?

– Айбар.

 Жасыңыз нешеде?

– Жасымды айтпай-ақ қояйын.

– Бұл жерге күнде келесіз бе?

– Күнде деуге болады. Қолыма ақша түссе осында келемін.

– Ұтылатын кездеріңіз көп пе, ұтатын кездеріңіз бе?

– Әркезде әрқалай. Кейде ұтасың, кейде ұтыласың. Ұтылып қалғанда ақшамды қайтарсам деп келесің, ұтқан күндері тағы да ұтсам деп тұрасың.

– Бұл жерді құмар ойынның ортасы деп есептейсіз бе?

– Жоқ. Мен спортты жақсы көремін. Белгілі бір командаға жанкүйер боласың, сол арқылы қаржы да табуға болады.

– Болашақта букмекер кеңсесіне келмесең тұра алмайтындай тәуелділікке ұшыраудан қорықпайсың ба?

– Қорықпаймын. Мысалға, қазіргі жастар интернетке, инстаграм, тик-токқа тәуелді болып барады ғой. Әркім өзі қызыққан нәрсесін жасайды. Оны ол үшін кінәлаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Қолыма күнде қомақты ақша түсіп тұрса, күнде келуге бармын осында. Онда тұрған ештеңе жоқ. Спорт – менің сүйікті хоббиім.

– Өзіңіз спортпен айналысасыз ба?

– Бала күнімде күреспен айналысқанмын. Қазір айналыспаймын.

– Букмекер кеңсесіне ойынға бәс тігіп ақша жойғанша спортпен айналысып, керісінше өзіңізге неге жанкүйер жинамасқа?

– Спортпен айналысу енді мен үшін кеш.

Айбардың берген жауаптары осы болды. Сұрақтарымнан секем алғандай әңгімесін үзіп ол ішке кіруге беттеді.

Бұл кеңселердің басшылары түгілі қызметкерлерімен сөйлесу, қандай да бір мәлімет алу мүмкін емес. Десек те, букмекерлік кеңселер заңды белден басып отырғанын аңғару қиын емес.

Енді мына бір пікірге құлақ түрсек: «Осыдан 4-5 жыл бұрын қыстың күні аялдамада автобус күтіп тұрған болатынмын. Күннің суықтығына шыдамай жан жағыма қарап, пана болар жер іздегенмін. Содан қарап отырып көзім әртүрлі спорт түрлеріне ставка тігетін букмекерлік кеңсеге көзім түсті. Қасында дүкен, т.б. тұр. Оларға кірсең бірнәрсе алуың керек және ұзақ тұра алмайсың. Содан кішкене жылынып алайын деп сол кеңсеге қарай аяңдадым. Ішке кіріп біраз жылынып алдым. Адамдар көп. Әрқайсысы әр экран алдында үңіліп кіріп кетердей болып тұр. Арасында айқайлап қояды. Ортада компьютердің алдындағы қызға ақша төлеп чектерін алады да қайтадан үңіледі. Жайлап қарасам иттер, аттар жүгіріп бара жатыр, теннис, футбол барлығы бар екен. Маған бәрінен иттердің жүгіргені қызық көрінді. Соларға қарап отырмын. Біраздан соң жаймен түсіне бастадым. Ойша: мына ит озады, – десем айтқандай сол ит озып келеді. 4 рет ойлаған иттерімнің үшеуі озып келгенде ой кетті. Қалтамда 30 мың теңгем бар. Сосын екі мыңын тіксем ешнәрсе болмас деп ойлай тәуекелге бел байлап, 2000 тігіп келіп жібердім. 2000 теңгем. 5600 тг болып шыға келді. Көз жайнап кетті. 2000 тг-ні орнына салып қойдымда, таксиге деп 600 тг алып қалып, 3000 тг тігіп кеп жібердім. 7500 тг. болып шыға келді. Көзге топырақ түскенде ғана дүниеге тояды деген рас екен. Тағы ойнадым, ұтылдым, ұттым, ұтылдым. Қысқасы, түннің бір уағында қарасам, қалтамда бағанағы өзім тыққан 600 тг-ден басқа дым жоқ. 30 000 ның барлығы кетіп қапты.

Сол кезде ақшадан қысылып жүрген болатынмын. Несие, пәтер ақы, қарыз, үйге тамақ, киім кешек, т.б. сияқты қарыздар көбейіп кеткен еді. Көөөп ақша ұтсам солардан құтылып тастап жақсы өмір сүріп кетем деееееп армандағанмын ғой. Құтыла ғой деп өзімді табалап қоям. Сол бірінші рет аяқ астынан құмар ойынына қызыққан кезім еді. Кейіннен сондай кеңселер көрсем жыным келеді. Басы да соңы да сол болды. Адамдардың ақшасын сыпайы түрде сыпыру ғой. Еще қаланың орталығында заңды түрде ашып қояды. Бүгінде сол жұмыстармен жүрген соң шәй іше қояйын деп бір жерге кірсем, адамдар үймелеп алған, арасында әйел кісі де бар. Барлығы сол аппараты құрғырды соққылап жатыр. Мұндайларға жолай көрмеңдер. Ұтып байып жүр дегенді естімедім, керісінше шаңырақтары шайқалыпты дегенді көп естідім. Оңай жерде ақша жоқ. Сақ болайық!» – деп жазады Әділбек есімді фейсбук қолданушысы.

Расымен де, бұл жерлерде ұтқандардан ұтылып, сан соғып қалып жатырғандар қатары қалың. Десек те, букмекерлік кеңселерге қатысты әркім әртүрлі пікір білдіреді. Спорт жанкүйерлері «Бұл құмар ойындарына жатпайды. Құмар ойындарға адамдар ақша ұту мақсатында барса, букмекерлік кеңселерге үлкен спорттық ойындарға жанкүйерлік ету мақсатында барады» десе, қарапайым халық оны құмар ойындарының бір түрі, жастарды қанаудың, былайша айтқанда қарапайым жолмен «ақша тонау» дегенді айтады.

Қалай десек те, жастардың санасын улап, жат қылықтарға тәрбиелейтін мұндай ойын нысандарының пайдасынан зияны ұшан-теңіз екендігін естен шығармасақ екен.

 Венера Мұратқызы,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Нұр-Сұлтан қаласы

 

 

 

Пікір жазу