Басты бет » Жаңалықтар » «АРЫСТАНДАРДЫҢ АНАСЫ»: ЦИРК ӨНЕРІНІҢ МАЙТАЛМАНЫ

«АРЫСТАНДАРДЫҢ АНАСЫ»: ЦИРК ӨНЕРІНІҢ МАЙТАЛМАНЫ

Әлемде мыңнан астам мамандық түрі болса, әр мамандықтың өзіне тән ерекшелігі мен жауапкершілігі, қызығы мен қиындығы бар. Бірі ұрпаққа білім беріп, бірі адам өмірін сақтап қалса, енді бірі өнерімен көрерменге қуаныш сыйлайды. Қай салада болмасын, өз ісіне адалдық танытып, еңбегін ел игілігіне арнаған жандардың қоғамдағы орны ерекше. Осындай жандардың бірі – «арыстандардың анасы» атанып кеткен Жанат Қалметова. Ол – өз мамандығына деген сүйіспеншілігімен, батылдығымен және жануарларға деген ерекше қамқорлығымен көпшіліктің ықыласына бөленген жан. Оның өмір жолы – таңдаған ісіне адалдықтың, табандылықтың және үлкен жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Біз бүгін цирк саласының майталман маманы Жанат Қалметовамен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Жанат ханым, алдымен өзіңізді толық таныстыра өтсеңіз… Цирк саласына қалай келдіңіз? Бұл мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?

– Мен Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Қапланбек ауылында дүниеге келіп, сол жерде өстім.

Циркке деген қызығушылығым бала кезімнен басталды. 10 жасымнан өз ауылымдағы мәдениет үйінде «Фантазёры» атты сахналық цирк үйірмесіне қатысып, өнер көрсететінмін. Сол кезден цирк өнеріне деген сүйіспеншілігім оянды. Мектепті бітіріп, қалаға оқуға түсер кезде анам менің цирк саласына баруыма қарсы болды. Себебі сол уақытта цирк өнері қазақтың ұлттық болмысына жат деген түсінік қалыптасқан еді. Сондықтан анамның қалауымен бастауыш сынып мұғалімі және балабақша тәрбиешісі мамандығы бойынша білім алдым.

Оқуды бітірген соң тұрмысқа шығып, ана атандым. Осылайша, цирк өнеріне деген бала арманым орындалмай, жүрегімнің түкпірінде қала берді. Тоқсаныншы жылдардың басында мектептерде жалақы уақытылы төленбей, күнкөріс қиындаған кезде сауда-саттықпен де айналыстым. Өмірдің түрлі сынақтары мені арманымнан алыстатқандай көрінгенімен, циркке деген қызығушылығым ешқашан сөнген емес. Арада біраз жыл өткен соң, 2011 жылы Шымкент қаласында жаңа цирк ғимараты ашылды. Бұл мен үшін бала арманымды қайта жаңғыртуға берілген мүмкіндік болды. Сөйтіп, 2012 жылы көптен бері көкейімде жүрген арманымды жүзеге асыру мақсатында циркке келдім. Сол сәтте бала кезімдегі өнерге деген құштарлығым қайта оянып, бұрынғы үйренгендерімнің бәрі есіме түсті. Осылайша, 23 жылдан кейін менің цирк әлеміндегі жаңа өмірім басталды.

– Алғаш қандай жануарларды қолға үйреттіңіз?

– Циркке алғаш келген кезімде бізде аңдар болған жоқ. Тек 2014 жылы шабандоздарға аттар сатып алынды. Алайда классикалық циркті жануарларсыз елестету қиын еді. Көрермендер де бізден: «Қандай жануарларыңыз бар?» – деп жиі сұрайтын. Осылайша, циркке жануарлар әкеліп, оларды үйрету қажеттілігі туындады. Ол кезде Қазақстанда жануарларды үйрететін жергілікті мамандар, яғни дрессура шеберлері жоқтың қасы еді. Сондықтан көпшілік маған сенімсіздікпен қарады. «Бұрын-соңды дрессурамен айналыспағансыз, қалай үйретесіз?» деген күмән де болды. Бірақ мен ауылда өскен қарапайым қыз едім. Бала кезімнен сиыр, қой, ит секілді жануарлардың қасында өсіп, олардың мінез-құлқын жақсы танып өстім. Әке-шешем де жануарларға ерекше мейіріммен қарап, олармен адаммен сөйлескендей тілдесіп, жем-шөбін беретін. Осындай тәрбие менің жануарларға деген сүйіспеншілігімнің қалыптасуына ықпал етті деп ойлаймын. Ең алғаш екі күшікке үйрету жұмыстарын жүргізуден бастадым. Осылайша, дрессура өнеріне алғашқы қадамымды жасадым. Бұл саланы таңдауыма тағы бір себеп – Шымкент циркінде жануарларды үйрететін кәсіби мамандардың болмауы еді. Ол кезде мұндай өнердің білікті мамандары негізінен Ресейде болатын. Сондықтан тәжірибе жинақтау үшін көршілес Өзбекстандағы мамандардан көмек сұрап, олардың ақыл-кеңесіне жүгінетінбіз. Мен бала кезімнен гастрольдік сапарларға жиі баратынмын. Әртүрлі цирк ұжымдарының өнерін көріп, олардың жұмыс тәжірибесін зерделейтінмін. Сол сапарларда көрген-білгенімді туған жерімде жүзеге асыруды мақсат еттім. Дрессура өнерінің оңай емес екенін түсінсем де, алғашқы екі күшігім менің бағымды ашқан жануарлар болды. Олармен бірге талай еңбектеніп, тәжірибе жинадым. Кейін осы иттеріммен бірге Қазақстанның көптеген қаласын аралап, өнер көрсеттім. Осылайша, кішкентай қадамнан басталған ісім біртіндеп үлкен өнер жолына ұласты.

– Сіз Қазақстанда жыртқыш аңдарды қолға үйреткен алғашқы әйел маман ретінде танылып жүрсіз. Арыстан секілді жыртқыш аңды үйрету қаншалықты қиын? Алғашқы кезде қандай қиындықтар кездесті?

– Мен циркте бірнеше жанр бойынша өнер көрсететінмін. Атап айтқанда, жонглерлік, эквилибристика және күшіктеріммен бірге өнер көрсету бағыттарын меңгердім. Әр жанрдың өзіндік қиындығы мен ерекшелігі бар. Соған қарамастан, бар күш-жігерімді салып, көрермендерге қызықты қойылымдар ұсынуға тырыстым. Бұл өнер жолында менің үш перзентім де бірге болды. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген анамын. Балаларым да менің өнеріме қызығушылық танытып, цирк саласында бірге еңбек етіп келеді. Осылайша, біз Шымкент қаласындағы алғашқы цирк әулетінің негізін қаладық деп айта аламын. 2017 жылы Шымкент хайуанаттар бағы циркке екі арыстанның марғауын сыйға тартты. Алайда оларды үйретіп, көрермен алдына шығаратын маман болмады. Бастапқыда арыстандарды үйрету жұмысын басшылық Өзбекстаннан келген маманға тапсырды. Бірақ ол кісі отбасылық жағдайына байланысты кетіп қалды. Содан кейін арыстандарды ветеринар маманның бақылауында ұстады. Ол жас жігіт болғандықтан, мен де оған қолғабыс етіп, арыстандарды күтуге көмектесіп жүрдім. Бір күні ветеринар жігіт маған: «Әпке, осы арыстандарды өзіңіз қолға алсаңызшы», – деп өтініш білдірді. Содан кейін мен оларды үйретуге бел будым. Уақыт өте келе арыстандар маған бауыр басып, үйрене бастады. Дегенмен басшылық бастапқыда бұл шешіміме қарсы болды. «Сіз әйел адамсыз, ал жыртқыштың аты – жыртқыш. Онымен жұмыс істеу өте қауіпті», – деп алаңдаушылық білдірді. Олардың да өз уәждері бар еді, өйткені арыстанмен жұмыс істеу үлкен жауапкершілік пен сақтықты талап етеді.

Бұл жұмыста маған қызым да көмектесті. Біз арыстандардың алғашқы қадамдарын, күнделікті қызықты, тәтті қылықтарын бейнетаспаға түсіріп жүрдік. Олардың мінез-құлқын бақылап, біртіндеп тіл табыса бастадық. Күндіз-түні қастарында болып, көп уақытымызды соларға арнадық. Ақырында, арыстандарды үйретудегі еңбегімізді көрген басшылық бізге рұқсатын берді. Осылайша, олармен бірге алғашқы цирктік нөмірімізді дайындап, көрермен алдына шықтық. Әрине, арыстандармен жұмыс істеудің өзіндік қиындықтары аз болған жоқ. Өйткені әр жануардың өзіне тән мінезі, психологиясы және табиғатынан берілген ерекшеліктері бар. Олардың әрқайсысының көңіл күйін, мінезіндегі өзгерістерді түсініп, соған сай әрекет ету қажет.

Жануармен жұмыс істегенде оны тек үйретіп қана қоймай, оның денсаулығы мен жағдайына да ерекше көңіл бөлу керек. Арыстандардың жеке күтушілері де болды. Себебі мұндай жыртқыштарға күтім жасау оңай емес. Оларды уақытылы тамақтандырып, денсаулығын үнемі бақылауда ұстау қажет. Мен олардың күтіміне өзім араласып, барынша мұқият қарадым. Берілетін еттің сапасы мен температурасына, сүтінің жарамдылығына және тамақтану тәртібіне дейін мән беретінмін. Өйткені арыстандардың дені сау болып өсуі үшін дұрыс тамақтануы мен күтімі аса маңызды еді. Менің ойымша, арыстандармен жұмыс істеудегі ең үлкен жауапкершілік – олардың мінезін түсіну, денсаулығын күту және қауіпсіздікті сақтау. Жануарға деген сүйіспеншілікпен қатар, тәртіп пен төзімділік те қажет. Оларды күн сайын бақылап, жанында жүріп, әрқайсысының ерекшелігін таныған сайын бұл істің қаншалықты күрделі екенін тереңірек түсіндім.

– Жыртқыш аңдармен жұмыс істегенде қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі? Қандай сақтық шараларын ұстанасыз?

– Жануар мен адамның арасында ең алдымен сенім болуы керек. Себебі жыртқыштың аты – жыртқыш. Ол зообақта туып, қолға үйретілгенімен, табиғи болмысын жоғалтпайды. Сондықтан жануар кішкентай кезінен бастап өзімен бірге жұмыс істейтін адамға сенуді үйренуі керек. Оның бойында адамнан қорғану инстинкті қалыптасуына жол бермеу маңызды. Мұндай жұмыста сенім бірінші орында тұрады. Жануармен жылдар бойы нәтижелі әрі қауіпсіз жұмыс істеу үшін оған ешқашан қатігездік көрсетуге болмайды. Көңіл күйі болмаса, оны күштеп жаттықтыруға, ұрып-соғуға мүлде жол берілмеуі керек. Жануарлар да туғаннан бастап кішкентай бала секілді: бәрін бірден үйреніп кетпейді. Сондықтан әр нәрсені асықпай, біртіндеп үйретуге тура келеді. Адам мейірім танытса, жануар да оған бауыр басып, сенім арта бастайды. Мұның барлығы қауіпсіздікпен тікелей байланысты. Циркте қауіпсіздік шаралары жақсы сақталады. Мысалы, төтенше жағдай туындаса, үлкен өрт сөндіру көлігінің шлангілері арқылы жоғары қысыммен су шашылады. Жануарлар судан қашады. Алайда менің тәжірибемде мұндай қорғаныс әдісін қолдануға қажеттілік болған емес. Ресейлік әртістердің қолында қару болады дегенді естіп жатамыз. Бірақ мен өзім жұмыс істеген жануарлармен қару қолдануды қажет ететіндей жағдайға ешқашан тап болған емеспін. Өйткені біздің жұмысымыздың негізінде қорқыту емес, өзара сенім мен түсіністік жатыр.

– Көпшілік сізді «Арыстандардың анасы» деп атайды. Бұл атау сізге қалай берілді және өзіңіз бұл атауды қалай қабылдадыңыз?

– Иә, мені «Арыстандардың анасы» деп атаудың өзіндік себебі бар. Мен арыстандарымды зообаққа қайта өткізгеннен кейін де оларды көруге барып тұратынмын. Сондай кезде ондағы қызметкерлер мені көріп: «Арыстандардың анасы келді!» – деп әзілдейтін. Тіпті, Тано есімді ұрғашы арыстаным төлдеген кезде: «Немерелерің құтты болсын!» – деп қалжыңдайтын. Ал циркте алғашында директорымыз бен әріптестерім мені «Арыстандардың патшайымы» деп атайтын. Оның да өзіндік себебі бар. Өйткені мен тордың ішінде арыстандармен жалғыз өзім жұмыс істедім. Цирк басшылығы маған көмекші табу үшін түрлі хабарландырулар беретін. Алайда келген ер адамдардың өзі: «Маған қанша төлесеңіздер де, мына торға кірмес едім», – деп бас тартатын. Сөйтіп, мен төрт жыл бойы арыстандармен жалғыз жұмыс істедім. Сол кезде директорымыз да әзілдеп: «Мына торға кіретін бір еркек табылмады-ау!» – деп айтатын. Осылайша, әріптестерімнің арасында «Арыстандардың патшайымы» деген атқа ие болдым. Ал зообақтағылар мені «Арыстандардың анасы» деп атайтын болды. Бұл атаулардың екеуі де менің арыстандармен өткізген жылдарымның, оларға деген ерекше жақындығым мен арамыздағы сенімнің белгісі еді.

– Бұл салаға қызығатын жастарға қандай-ақыл кеңес бересіз?

– Бұл салаға қызығатын жастарға айтар кеңесім, ең алдымен, жануарларды шын жүректен жақсы көру керек. Себебі бұл мамандық сырт көзге қызықты әрі әсерлі көрінгенімен, оның артында үлкен еңбек, жауапкершілік пен тәуекел жатыр. Жыртқыш аңдармен жұмыс істеу үшін батылдықтың өзі жеткіліксіз. Ең бастысы, сабыр, төзім, жануардың мінез-құлқын түсіне білу және оған деген мейірім қажет. Жануармен жұмыс істегенде ешқашан асығыстыққа жол бермеу керек. Әрқайсысының өзіндік мінезі, көңіл күйі мен ерекшелігі бар. Оны танып, сеніміне кіруге уақыт қажет. Жануарды күшпен бағындыруға емес, онымен өзара сенім орнатуға ұмтылған жөн. Сонымен қатар қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет. Қанша жерден тәжірибелі болсаң да, жыртқыш аңның табиғатын ұмытпау керек. Бұл салада өзіңе деген сенімділікпен қатар, сақтық та маңызды. Ең бастысы, бұл мамандыққа тек атақ немесе көрерменнің қошеметі үшін келмеңіздер. Егер жануарларға деген шынайы сүйіспеншіліктеріңіз болса, еңбек етуден қорықпасаңыздар және таңдаған істеріңізге адал болсаңыздар, міндетті түрде өз жолдарыңызды табасыздар. Өйткені жануармен жұмыс істеудің ең үлкен жетістігі – оның сізге сенім артуы. Ал сенімге жету үшін уақыт та, еңбек те, жүрек те керек.

– Циркте болған қызықты оқиғаларыңыз бар ма?

– Бір күні абайсызда тіземді сындырып алып, жүре алмай қалдым. Алда тіршіліктің қарбаласымен қатар, гастрольдік іссапар да күтіп тұр еді. Дәрігерлер: «Гипс саламыз, үш ай бойы жатуыңыз керек», – деді. Не істерімді білмей, екіойлы болдым. Бір жағынан, денсаулығымды ойласам, екінші жағынан, мойнымдағы жауапкершілік мазалады. Біз Шардара қаласына гастрольдік іссапармен баруға дайындалып жатқанбыз. Ол жаққа 3000 билет сатылып кеткен еді. Билет сатушылар «Арыстан келеді!» деп жарнама жасағандықтан, ауыл-аймақтағы балалардың бәрі арыстанды асыға күтіп жүрген болатын. Сол балалардың үмітін ақтау да мен үшін маңызды еді. Ақыры, Алланың қалауымен, сынықшыға барып, тіземді салдырдым да, гастрольдік сапарға аттанып кеттім. Содан кейін де гастрольдік сапарлар бірінен соң бірі жалғасып, өнер жолындағы тіршілік қайтадан қарбаласып кетті.

– Алдағы уақытта осы сала бойынша қандай жоспарларыңыз бар? Армандарыңызбен бөліссеңіз…

– Негізі, арманым да, алға қойған жоспарларым да көп. Солардың бірі, контактты зообақ ашу. Себебі көптеген туристер мен Қазақстан тұрғындарын жануарлардың түр-түсі, дене бітімі мен тіршілігі қызықтырады. Көпшілігі оларды жақыннан көріп қана қоймай, ұстап көргісі келеді. Алайда мұндай мүмкіндік кез келген адамның қолына тие бермейді. Шетелге барып, экзотикалық жануарларды жақыннан көру де барлығына бірдей бұйыра бермейді. Сондықтан осындай орталық ашып, адамдарға жануарлар әлемімен жақынырақ танысуға мүмкіндік бергім келеді. Сонымен қатар болашақта шәкірттерімнің көп болғанын қалаймын. Өзімнің осы салада жинаған тәжірибем мен білімімді жастарға үйретіп, оларды тәрбиелегім келеді. Өйткені бұл өнерді өзіммен бірге алып кетпей, кейінгі ұрпаққа жеткізу маңызды деп ойлаймын. Жануарларға деген сүйіспеншілікті, олармен жұмыс істеудің қыр-сырын үйретіп, осы саланың дамуына өз үлесімді қосқым келеді.

– Сұхбатыңызға рақмет! Алдағы жұмысыңызға сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен

Фариза АХМЕТ,

Шымкент қаласы