Басты бет » Жаңалықтар » Құрылтай депутаты Айсұлу Сүлейменова V Азия Пара ойындарында рекорд орнатты

Құрылтай депутаты Айсұлу Сүлейменова V Азия Пара ойындарында рекорд орнатты

Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында ел намысын қорғаған елордалық спортшы Айсұлу Сүлейменова 100 метрге жүгіруден Азияның жаңа рекордын орнатты, деп хабарлайды Jastar janary.
Айсұлу екі аяғының зақымдануына байланысты арнайы жүгіру протездерін пайдаланатын спортшыларға арналған T62 санатында өнер көрсетеді. Алайда өз санатында басқа қатысушылар болмағандықтан, ол бір аяқтың зақымдануына байланысты протез пайдаланатын спортшылар бақ сынайтын T64 санатының өкілдерімен бірге жарысты.Финалдық бәсекеде елордалық спортшы 100 метр қашықтықты 16,18 секундта еңсеріп, жалпы есепте бесінші орынға ие болды. Сонымен қатар, бұл нәтиже оның T62 санатында Азияның жаңа рекорды ретінде тіркелді.

Осылайша, Айсұлу Сүлейменова біріккен жарыста бесінші орын алғанымен, өз санатында құрлықтық рекорд орнатып, маңызды жетістікке қол жеткізді.

Айта кетейік, 2011 жылы Айсұлу Сүлейменова жол көлік апатына ұшырап, екі аяғына ампутация жасалған. Ол психологиялық қиындықтарды жеңу үшін спортпен айналыса бастайды. Қазақстанның Паралимпиадалық құрамасының мүшесі атанды. 2023 жылы «Шапағат» медалімен марапатталды. Сондай-ақ «Жақсы адам – 2023» арнайы сыйлығының иегерлерінің бірі атанды. Айсұлу Қанатқызы – Қазақстан Республикасы Құрылтайының І шақырылым депутаты.

Фотосуреттер: Aisulu Suleimenova инстаграм парақшасынан