Басты бет » Жаңалықтар » АЗИАДА-2026: Аяқкиім дауы спортшыны алтыннан айырды

АЗИАДА-2026: Аяқкиім дауы спортшыны алтыннан айырды

27 қыркүйекте қазақстандық спортшы Ясмина Тоқсанбаева Аичи-Нагоя-2026 Азия ойындарындағы спорттық жүріс жарысында Қытай спортшыларын басып озып, мәреге бірінші болып жетті, деп жазды Jastar janary olympic.kz-ке сілтеме жасап.

Сурет: olympic.kz

Жарыс аяқталғаннан кейін World Athletics ережелеріне сәйкес әйелдер мен ерлер арасында жүлделі орындарға ие болған үш спортшының аяқкиімі міндетті тексеруден өтті. Тексеру барысында техникалық делегаттар Қазақстан өкілі Ясмина Тоқсанбаева пайдаланған аяқкиім үлгісінің World Athletics мақұлдаған модельдер тізімінде жоқ екенін анықтады.

Мәселені одан әрі қарау үшін қазақстандық спортшының аяқкиімі суретке түсіріліп, тиісті мәліметтермен бірге ресми қорытынды алу үшін World Athletics-ке жолданды. Халықаралық федерацияның жауабы келгенге дейін марапаттау рәсімі кейінге шегерілді.

World Athletics-тің спорттық аяқкиімге қойылатын талаптары халықаралық федерация Кеңесінің 2026 жылдың 19 наурызындағы шешімімен жаңартылып, 20 сәуірден бастап күшіне енді. Бұл жөнінде World Athletics-ке мүше барлық ұлттық федерацияға тиісті ақпарат жолданды. Аталған ережелер күшіне енген сәттен бастап жарысқа қатысушылардың барлығы үшін міндетті болып саналады. Оларды сақтамау спортшы нәтижесінің жойылуына әкелуі мүмкін.

World Athletics спортшы пайдаланған аяқкиім үлгісінің жарыстарда қолдануға рұқсат етілген модельдер қатарына кірмейтінін ресми түрде растады. Халықаралық федерацияның қолданыстағы ережелеріне сәйкес мұндай жағдайда спортшының нәтижесі жарамсыз деп танылып, жарыстың қорытынды хаттамасына тиісті өзгеріс енгізіледі.

Осы Азия ойындарында мұндай жағдай бұған дейін жетісайыста өнер көрсеткен ирандық спортшы Мохитзадеге қатысты да болған. Тексеру барысында оның пайдаланған аяқкиім үлгісі де World Athletics мақұлдаған модельдер тізімінде жоқ екені анықталды. Ережеге сәйкес оның нәтижесі жойылды. Қорытынды хаттамаға өзгеріс енгізілгеннен кейін бұған дейін төртінші орында тұрған қазақстандық Алина Чистякова үшінші орынға көтеріліп, қола медаль иеленді.

Мәселе туындаған сәттен бастап Қазақстан ҰОК қазақстандық спортшыға қажетті қолдау көрсету және апелляция беру мүмкіндігін қарастыру мақсатында World Athletics, Asian Athletics Association, Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) және Қазақстан Республикасының Жеңіл атлетика федерациясымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

****

Кейіннен белгілі болғандай, Қазақстанның Жеңіл атлетика федерациясы Жапонияда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында алтын жүлдеден айырылған Ясмина Тоқсанбаеваға қатысты ресми мәлімдеме жасады.

Ясмина Тоқсанбаева спорттық жүрістен марафондық қашықтықта 42,195 шақырымды 3 сағат 22 минут 20 секундта жүріп өтіп, мәреге бірінші келген болатын. Алайда жарыстан кейін қазақстандық спортшының аяқ киіміне қатысты наразылық берілді.

Федерация мәліметінше, World Athletics ұйымының жарыста қолдануға рұқсат етілген аяқ киімдер тізімінде ASICS бренді бар. Алайда Тоқсанбаева киген аяқ киімнің нақты моделі аталған тізімнен табылмаған.

Сонымен бірге федерация маңызды жайтқа назар аударды: Ясминаның аяқ киімі жарыс басталғанға дейін тексеріліп, спортшыға сол аяқ киіммен жарысқа қатысуға рұқсат берілген. Осыған байланысты Қазақстанның Жеңіл атлетика федерациясы қабылданған шешімге наразылық білдіріп, шағым түсірген.

Федерация бұл жағдайдағы өз жауапкершілігін де жоққа шығармайтынын атап өтті.

«Біз үшін Ясмина – чемпион. Федерация оны қолдауды жалғастырады. Біздің жіберген шағымымыз бен наразылығымыздың нәтижесіне қарамастан, чемпионға тиесілі барлық сыйақы Федерацияның өз қаражаты есебінен толық көлемде төленеді», – делінген ресми мәлімдемеде.