1-7 қазан күндері аралығында өтетін Қазақстанның Халық артисі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, көрнекті театр және кино актрисасы, қазақтың Қыз Жібегі Меруерт ӨТЕКЕШЕВАНЫҢ 75 жасына арналған «ТЕАТР АLL» IV Халықаралық театр фестивалі өтеді.
Биыл төртінші мәрте Астана төрінде ұйымдастырып жатқан бұл халықаралық фестивальге Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның үздік театр ұжымдары қатысады деп жоспарлануда.
Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтетін «ТЕАТР АLL» IV халықаралық театр фестивалінің басты мақсаты – Қазақстанның Халық артисі, көрнекті театр және кино актрисасы Меруерт Өтекешеваның шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттап, көрермен қауымды оның өнердегі өнегелі жолымен таныстыру.
Меруерт Өтекешеваның есімі қазақ кино тарихында, ең алдымен, «Қыз Жібек» фильміндегі Жібек бейнесімен мәңгілікке таңбаланды. Актриса сомдаған Жібек образы қазақ киносының ең танымал әрі көрермен жүрегінен орын алған әйел кейіпкерлерінің біріне айналды. Оның нәзік болмысы, актерлік шеберлігі мен сахнадағы және экрандағы дара қолтаңбасы ұлттық өнер тарихында өзіндік із қалдырды.
Фестивальдің маңызды міндеттерінің бірі – халықаралық шығармашылық байланыстарды нығайту, отандық және шетелдік театр ұжымдары арасында тәжірибе алмасуға және жаңа шығармашылық серіктестіктер орнатуға мүмкіндік жасау. Фестиваль бағдарламасы аясында театр өнерінің заманауи бағыттары мен тың ізденістері көрермен назарына ұсынылып, түрлі елдердің театр мамандары арасында кәсіби пікір алмасу алаңы қалыптасады. Сонымен қатар «ТЕАТР АLL» театр өнерінің дамуына жаңа серпін беріп, оның рухани-мәдени құндылықтарын өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттауды көздейді. Фестиваль – ұлттық театр дәстүрі мен заманауи сахна өнерін тоғыстыратын, шығармашылық сабақтастық пен мәдени диалогты қалыптастыратын маңызды халықаралық өнер алаңы.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы





