Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов Маңғыстау облысындағы оқу-жаттығу кезінде опат болған әскери қызметшілердің қазасына қайғырып, көпшілікке үндеу жолдады. Ведомство басшысы оқиғаға кінәлілер заң алдында жауапқа тартылатынын жеткізді, деп хабарлайды Jastar janary Ertenmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Қоғам тарапынан әскер басшылығына қойылып отырған сыни сауал мен талаптарды толық түсінетінін жеткізген ол ведомствоның жауапкершіліктен қашпайтынын атап көрсетті.
«Бүгін елімізде жалпыұлттық аза тұту күні. Өз атымнан, Қорғаныс министрлігі және Қарулы күштердің бүкіл жеке құрамы атынан қаза тапқан әскери қызметшілердің ет жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Отбасылардың қайғысын түсінемін. Қоғамның бізге қойып отырған талап-сұрақтарын да түсінемін. Біз жауапкершіліктен жалтармаймыз. Ата-аналардың бізге өз ұлдарын сеніп тапсырғанын, ал бүгін орны толмас қазаға ұшырап отырғанын жеткізу маған да өте ауыр тиіп отыр. Оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр. Осы жағдайға байланысты кінәлі адамдар жауапқа тартылатын болады», – деді Дәурен Қосанов.
Атап өткеніндей, Қорғанмин марқұмдардың отбасыларымен тікелей байланыс орнатқан. Мемлекет тарапынан зардап шеккен әр шаңыраққа жан-жақты көмек көрсетіледі.
Министр сөзінің соңында марқұмдардың жақындарына сабыр тілеп, көңіл айтуын түйіндеді.
«Қара жамылған отбасылармен үнемі байланыстамыз. Оларға барлық қажетті көмек көрсетіп жатырмыз. Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен қоғам алдындағы міндетімізді түсінеміз. Арыстай азаматынан, ұлдарынан айырылған әр отбасының қайғысына ортақпын. Әскери міндетін атқаруда қаза тапқан азаматтарымыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын», – деп түйіндеді Қосанов.
Осының алдында Қорғанмин-нің 5 бірдей лауазымды тұлғасы қамауға алынған болатын.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
