Қазақстандықтар су жаңа iPhone үшін қанша күн еңбек етуі керек?
Технологияның күн сайын дамуы жаңа гаджеттерге деген қызығушылықты арттырып келеді. Әсіресе жастар арасында Apple өнімдеріне сұраныс жоғары. Биыл көпшілік күткен iPhone 18 де нарыққа шықты. Жаңа смартфон Қазақстандықтардың қалтасына қаншалықты салмақ салады? Оны алу үшін қанша күн еңбек ету керек?
iPhone тек техникалық мүмкіндіктерімен емес, дизайны мен түсімен де назар аудартады. Былтыр сарғыш түсті нұсқасы көп талқыланса, биыл қанық қызыл түсі көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Тіпті кей тұтынушылардың смартфонды техникалық сипаттамасынан бұрын түсіне қызығып таңдайтыны да жасырын емес. Қазақстанда iPhone 18 Pro-ның бастапқы бағасы 849 990 теңгеден басталады. Ал iPhone 18 Pro Max 909 990 теңгеден сатылады. Жады көлемі артқан сайын бағасы да қымбаттай түседі.
Енді бұл соманы қазақстандықтардың табысымен салыстырып көрейік. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың екінші тоқсанында Қазақстандағы орташа айлық жалақы 486 388 теңге болды. Ал медианалық жалақы 348 415 теңгені құрады.
Орташа жалақыны 22 жұмыс күніне бөлсек, бір күндік табыс шамамен 22 мың теңге. Осы есеппен 849 990 теңгелік iPhone 18 Pro-ды алу үшін орташа жалақы алатын адамға 38 жұмыс күнінің табысын жинау қажет. Ал Pro Max үшін шамамен 41 күн еңбек ету керек.
Медианалық жалақы алатын азамат үшін бұл мерзім ұзағырақ. iPhone 18 Pro-ға шамамен 54 жұмыс күнінің, ал Pro Max-қа 58 жұмыс күнінің табысы қажет.
Әрине, бұл тек шартты есеп. Өйткені адамның жалақысы күнделікті тұрмысқа жұмсалады. Азық-түлік, баспана, коммуналдық төлем мен жол ақысы секілді қажетті шығындар бар. Сондықтан смартфонның толық құнын жалақыдан бірден бөліп қою көпшілік үшін шынайы сценарий емес.
Ал ең төменгі жалақы алатындар үшін жаңа смартфонға ақша жинау одан да ұзаққа созылады. 2026 жылы Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың теңге болып белгіленді. Осы соманы алатын адам табысының барлығын жинаған жағдайда да, iPhone 18 Pro-ға қажетті қаражатты жинауға шамамен он ай қажет.
Осы тұста бір сұрақ туындайды: смартфонның қымбаттауы оның барлық мүмкіндігі тұтынушыға соншалықты қажет дегенді білдіре ме? Жаңа модельдің камерасы, процессоры мен дизайны жаңарғанымен, күнделікті қолданушы үшін алдыңғы нұсқадан айырмашылығы қаншалықты сезіледі деген мәселе де бар. Әсіресе бір телефонның бағасы бірнеше айлық табысқа тең болған жағдайда, сатып алу қажеттіліктен бе, әлде жаңалыққа деген қызығушылықтан ба? деген сұрақ ойландырмай қоймайды. Дегенмен жаңа iPhone-ға деген қызығушылықтың төмендейтін түрі жоқ. Бірі жаңа технология үшін алса, енді бірі заманауи дизайн мен қанық қызыл түсін ұнатады. Ал кейбірі үшін бұл мәртебе мәселесі болуы мүмкін.
Қалай болғанда да, жаңа смартфонның бағасын теңгемен ғана емес, еңбек күнімен есептеу оның құнын басқаша бағамдауға мүмкіндік береді.
Қорытындылай келе, жаңа iPhone-ның бағасы тек оның техникалық мүмкіндігімен емес, оны сатып алуға жұмсалатын еңбекпен де өлшенеді. Біреулер үшін бұл жаңа технологияға жасалған инвестиция болса, енді біреулер үшін бірнеше айлық – еңбектің нәтижесі. Сондықтан су жаңа смартфонды таңдау кезінде оның сыртқы көрінісі мен мүмкіндігін ғана емес, бағасының өз табысына қаншалықты сай келетінін де ескерген жөн.
Фариза АХМЕТ
Jastar janary
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы
