Басты бет » Жаңалықтар » Рақымжан АРАЛБАЕВ, хирург: ӘКЕМНІҢ ЖОЛЫН ҚУЫП ХИРУРГ БОЛДЫМ

Рақымжан АРАЛБАЕВ, хирург: ӘКЕМНІҢ ЖОЛЫН ҚУЫП ХИРУРГ БОЛДЫМ

  • БҮГІН – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ХИРУРГТЕР КҮНІ

Қазақстанда және әлемде Халықаралық хирургтер күні жыл сайын қыркүйек айының үшінші сенбісінде атап өтіледі.

Хирургия – терең білімді, жоғары жауапкершілікті, дәлдікті және батыл шешім қабылдауды талап ететін медицинаның аса күрделі саласының бірі.

Бұл күннің басты маңызы – хирургтердің адам өмірі мен денсаулығын сақтаудағы еңбегін бағалау, олардың кәсіби шеберлігіне құрмет көрсету. Осы орайда осы салада жемісті еңбек етіп жүрген жас хирург Рақымжан Аралбаевпен сұхбаттасқан болатынбыз.

Рақымжан Асқарұлы, алдымен өзіңізді кеңірек таныстыра кетсеңіз… Қай жерде туып-өстіңіз? Қайда білім алдыңыз?

– Мен 1995 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай ауданында дүниеге келдім. Балалық шағым Асықата ауылында өтті. Сол ауылда Жеңіс мектеп-гимназиясын бітірдім. Мектепті жақсы аяқтап, 2012 жылы Астана медицина университетіне грантпен оқуға түстім. Астанада бес жыл бакалавриатта оқып, кейін интернатураны Шымкентте жалғастырдым. Интернатурадан кейін үш жыл Алматы облысында әскери лазаретте азаматтық борышымды өтей жүріп, әскери дәрігер-хирург болып қызмет еттім. Кейін Астанадағы Медицина ғылыми орталығына резентураға оқуға түстім. Сол жақта оқып жүргенімде иығымнан жарақат алып, оқуымды жалғастыра алмадым. Ем-шаралардан өтіп, қолымды емдеп жазғаннан кейін жұмысқа орналасып кеттім. Қазір бірнеше жеке емханада хирург болып қызмет етемін.

– Дәрігер мамандығын, соның ішінде хирургия саласын таңдауыңызға не себеп болды? Отбасыңызда сізден басқа дәрігерлер бар ма?

– Мен медицина саласына кездейсоқ келген жоқпын. Өзімнің жан қалауыммен таңдадым. Оған дәрігерлер ортасында өсуім де әсер еткен болуы керек. Себебі отбасымда әкем де, анам да, үлкен әпкем де дәрігер. Ата-анам қазіргі Семей медицина университетінде оқыған. Сол жақта танысып, отбасын құрған. 1993 жылдары оқу орнын бітірген соң жолдамамен Оңтүстік Қазақстан облысына келіп жұмысқа орналасып, қазірге дейін ата-анам ауылда еңбек етіп келеді. Әкемнің есімі – Асқар, мамандығы – хирург, анам – Әділет, гинеколог дәрігер. Әпкем Камилланың мамандығы – кардиолог. Шымкент қаласының медицина саласында қызмет етуде. Ал қарындасым Аружан – Астанада, Еңбек министрлігінде жұмыс істейді, қазір декреттік демалыста.

Жастайымнан әкемнің жанында жүріп, оның адамдардың үйлеріне барып ем шараларын жасағанын, көмек көрсеткенін көріп өскеннен кейін медицина саласы жаныма жақын болды десем болады. Сол себепті хирургияны таңдадым. Әкем де осы жолда көп бағыт-бағдар берді. Былайша айтқанда, әкемнің жолын қуып хирург болдым.

– Хирургияны меңгеру барысында кімдерден дәріс алдыңыз? Ұстаздарыңыз кімдер?

– Бізге білім берген ұстаздарымның барлығына үлкен алғыс айтамын. Бүгінгі қызметім – ұстаздарымның үлкен еңбегінің, берген білімінің арқасы. Хирургиядағы ұстаздарымның арасынан Нұрбек Қасымұлы Ильясов пен Ануар Маратұлы Абдикаримовты атар едім. Ол кісілерден көп нәрсе үйрендім, әлі де үйреніп келемін. Ұстаздарыма рақметімді айтқым келеді.

– Өзіңіз жасаған ең алғашқы ота есіңізде ме?

– Менің ең бірінші жасаған отам – аппендицит, яғни соқырішекке жасалған операция. Ол кезде әлі дәрігер емеспіз, студентпіз. Біз бәріміз алғашқы операциямызды аппендицитке жасап бастағанбыз. Солай-солай жаймен күрделі операциялар жасауды меңгердік.

– Студент кезіңізден есіңізде қалған жылы сәттермен, естеліктермен бөлісе кетсеңіз…

Дәрігер болуға деген қызығушылығым басым болды, сол себепті еңбекке ерте араласып, студент кезімде-ақ ауруханаға жұмысқа орналастым. Алғашқы еңбек жолымды Астанадағы №1 көпсалалы ауруханада санитар болып бастадым. Емделушілерге қарап, еден жуып еңбек еттім, кейін мейіргер (медбрат) болдым. Сол жерде жүріп біраз тәжірибе жинадым. Кейін оқуымды бітірген соң дәрігерлікке келдім. Еңбек жолым осылай басталды.

Студент кезімізде жас болсақ та үйірмелер ашып, өзімізден кейінгілерге білгенімізді үйрететінбіз. Біздің жылғылар мықты болдық па еңбекке ерте араластық, белсенді студент болдық. Өз арамызда да бір-бірімізбен жарысатынбыз. Санитар болып жүргенде үш жігіт кезекшілікке тұрамыз. Біріміз операцияға кіріп, хирургтерге көмектесеміз, қалған екеуміз оның да жұмысын жасап үнемі бір-бірімізге қол ұшын беретінбіз. Солай өзара ауысып кезекшілікке тұрып, кезектесіп операцияларға кіріп жүрдік. Мамандығымызды тереңірек меңгерсек, көбірек тәжірибе жинақтасақ деген үлкен құштарлық, қызығушылық болды.

– Хирургтің бойында қандай қасиеттер болуы керек?

– Алдымен, хирургтің бойында мықты әскери тәртіп болу қажет. Жауапкершілік, тиянақтылық, адамға жанашырлық, мықты мінез керек.

Хирургия – бір ғана хирургтен тұрмайды, түрлі мамандардан құралған команда. Командалық жұмыс деп айтсақ болады. Үлкен операцияларда анестезиолог, басқа профильдегі хирургтер, медбикелер, санитарлар қатысады. Әркім өз жұмысын тиянақты, жақсы атқарса, операцияның сәтті өтуіне үлкен сеп болмақ.

– Ота алдында өзіңізді қалай дайындайсыз? Ішкі толқынысты басудың құпиясы бар ма?

– Әрине, әр отаның алдында дайындаламыз. Хирург операцияға дайындықсыз кіре алмайды. Соның ішінде психологиялық дайындық, науқастың диагнозы бойынша ізденеміз, ота жасау жолдарын қарастырамыз. Өйткені операция жасалатын да, жасалмайтын да кездер болады. Дертті бағалап, зерттеп барып ота жасауға кірісеміз. Біраз тәжірибем бар, сондықтан менде ота алдынды қорқыныш, қобалжу болмайды.– Соңғы жылдарда хирургияда қандай үлкен өзгерістер болды? Қалай ойлайсыз, робототехника мен жасанды интеллект хирургтің орнын баса ала ма?

– Соңғы жылдарда робототехника хирургияға жақсы еніп келеді. Бұл операцияның жеңіл, тез жасалуына үлкен мүмкіндіктер береді. Мысалға, ішкі құрылысқа жасалатын оталарда адамның денесін кеспей, үлкен тілік жасамай-ақ роботтың көмегімен жеңіл түрде жасауға болады. Бұл пациент үшін өте жақсы, дәрігер үшін үлкен көмек. Науқастың тез аяққа тұруына, тез айығуына септігін тигізеді. Бірақ жасанды интеллект хирургтің орнын толық алмастырады деп ойламаймын. Себебі басты рөлді хирург өзі атқаруы керек. Ал робот, жасанды интеллект тек көмекші құрал бола алады деп айтар едім.

– Хирург ретінде өзіңізді қалай дамытасыз? Біліміңізді қалай жетілдіріп отырасыз? Қалай ізденесіз?

– Хирургияның шыңына жету өте қиын. Оқу бітірдім, мамандық алдым, барлығын білем, барлығын жасай алам деп айту мүмкін емес. Технологияның дамуымен хирургия саласы да үнемі өзгеріп, дамып отырады. Сол себепті хирург те әркез білімін жетілдіріп, оқып, үйреніп отыруы керек.

Қазір интернет, жасанды интеллект арқылы көп ізденеміз. Түрлі елдерде онкологтардың, хирургтердің қауымдастықтары бар. Солармен бірлесе жұмыс жасап, тәжірибе алмасып отырамыз, түрлі жиындарға, конференцияларға қатысамыз. Көреміз, салыстырамыз, үйренеміз, сол арқылы тәжірибе жинақтаймыз. Жалпы айтқанда, өзімізді жан-жақты дамытуға күш саламыз.

– Қандай хоббиіңіз бар? Бос уақытыңызда немен айналысқанды ұнатасыз?

– Жастайымнан көптеген спорт түрлерімен шұғылданамын. Жекпе-жек, бокспен көп жыл айналыстым. Бірақ қазір ауыр атлетика және баскетболмен айналысамын. Баскетболдан студенттік лигаларға, қалалық, республикалық жарыстарға қатысып, көптеген жүлде иелендім. Осы екі спорт түрі жаныма жақын. Және бос уақытымда кітап оқимын.

– Қандай жанрдағы кітаптарды оқисыз?

– Бала кезден кітапқа жақынмын. Кітапты көп оқимын. Әсіресе, көркем шығарма, детектив, фантастика, психологиялық кітаптар, бәрін оқи беремін.

Елімізде басталған республикалық «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафонына қатысып жатырмын. Қазір Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесін оқып жүрмін.– Хирург болғысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Хирург мамандығына адам үлкен жауапкершілікпен, ішкі дайындықпен келуі керек. Оңайлықпен ештеңе келмейді. Мысалға, бізде мынадай проблема бар. Дәрігерлер 30 жасына қарай ғана дәрігер болып жұмыс істеп, ақша таба бастайды. 27-28 жасында оқуды толық бітіреді. Ер кісіге 28 жасқа дейін ақша таппау өте қиын. Сол себепті түрлі жағдайларға байланысты оқуды тастап кететіндер бар. Саланың қиындығы бар, үлкен жауапкершілікті көтере алмай тастап кетіп жатады. Сондықтан хирургияны таңдаған жастар бұл мамандыққа шын көңілімен, табандылықпен, өзіне сенімді болып келуі керек.

– Егер уақытты артқа қайтару мүмкін болса, осы мамандығыңызды қайта таңдар ма едіңіз?

– Өзімнің қалауым, таңдауым осы жол болғандықтан, хирургия мамандығын қайта таңдар едім. Мамандығым өзіме ұнайды.

Адамның өмір сапасы бұзылмауы керек, біз соған көмектесуіміз қажет. Алдымызға ем іздеп келген адамның денсаулығының түзелуіне, көңіл күйінің, өмірінің жақсаруына қолымыздан келген көмегімізді жасауға барынша тырысамыз. Науқас әртүрлі жағдайда, түрлі дертпен келеді. Күрделі операциялар, шұғыл медициналық көмек, жарақаттар мен түрлі ауруларды емдеу кезінде хирургтің әрбір шешімі науқастың өміріне тікелей әсер етеді. Науқастарға көмектесу, емдеу, адамдардың өмір сапасының жақсаруына барынша қолдау көрсету – менің өмірдегі басты ұстанымым.

– Сіздің ойыңызша, хирург үшін ең үлкен қуаныш немесе марапат не?

– Мен үшін ең үлкен қуаныш – емделушінің толық жазылып шығуы. Ең үлкен марапат – отадан кейін пациентіңнің аман-есен аяққа тұрғанын, қуанғанын көру, алғысын алу шығар. Адамдар ота жасалғаннан кейін белгілі бір уақытта тексерістен өтетін кездер болады. Бір кездегі пациенттеріңнің алдыңа рақметін айтып келуі, оларды аман-сау көрудің өзі бізге үлкен мотивация береді. Өз еңбегіңнің жақсы нәтижесін көруден артық үлкен қуаныш жоқ деп ойлаймын.

– Әсерлі сұхбатыңызға үлкен рақмет! Кәсіби мерекеңіз құтты болсын! Еңбегіңізге сәттілік, табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан 

Венера МҰРАТҚЫЗЫ

Jastar janary