Басты бет » Жастар үні » Есірткіге қарсы күрес: «Әділет жастары» есірткі жарнамаларын жоюда

Есірткіге қарсы күрес: «Әділет жастары» есірткі жарнамаларын жоюда

Есірткіге қарсы күрес: «Әділет жастары» есірткі жарнамаларын жоюда

Еліміздің барлық өңірлерінде жастар мен жасөспірімдер арасында есірткі қылмысының алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстар бастау алды.

Синтетикалық есірткінің таралуы мен оның жастар арасында белең алуы  қоғам назарын талап ететін өзекті мәселелердің бірі. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың  отырысында сөйлеген сөзінде де көтерілген болатын. Президент есірткі қылмысының алдын алып, оның таралуына жол бермеу бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.

Осыған орай, нашақорлықтың алдын алу, есірткі қылмысына қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыру және жастарды салауатты өмір салтына баулу мақсатында «Әділет» партиясының Жастар қанаты республика көлемінде кешенді акция өткізуде. Акция аясында өңірлерде қала көшелері мен тұрғын үйлердің аулаларында рейдтік жұмыстар ұйымдастырылып, есірткі заттарын насихаттайтын жарнамалар мен граффитилер анықталуда. Бір күннің өзінде 1000-ға жуық есірткі жарнамасы жазылған граффити мен трафарет жойылды.

Жастар белсенділері анықталған жазуларды өшірумен қатар, тұрғындарға есірткінің зияны мен оның салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ақпараттық жадынамалар таратты. Сондай-ақ есірткі саудасына қатысты күмәнді сілтемелер мен Telegram-арналардың жарнамалары анықталған жағдайда тиісті органдарға хабарлау қажеттігі түсіндірілді.

«Жастар Рухы» белсендісі Дильназ Нұрымжанованың айтуынша, мұндай акциялардың негізгі мақсаты жастарды есірткіден аулақ болуға шақырып қана қоймай, олардың қоғамдық жауапкершілігін арттыру.

 «Есірткіге қарсы күрес — тек арнайы органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Біз жастар ретінде өз қатарластарымызға дұрыс таңдау жасаудың маңызын түсіндіруге тырысамыз. Акция барысында есірткі жарнамаларын жойып, тұрғындармен сөйлестік, жастарға салауатты өмір салтының маңызын түсіндірдік. Ең бастысы – жастардың бос уақытын пайдалы өткізуіне жағдай жасап, спортқа, шығармашылыққа және қоғамдық жұмыстарға тарту деп ойлаймын», — деді Дильназ Нұрымжанова.

Акцияға өңірлердегі жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, полиция департаменттерінің қызметкерлері, волонтерлер, спортшылар, қоғамдық пікір көшбасшылары мен белсенді жастар қатысуда.

Қызылорда облыстық полиция департаменті Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері, полиция капитаны Ахмет Темірхан  профилактикалық жұмыстың маңыздылығына тоқталды.

«Есірткі қылмысының алдын алуда жастармен жүргізілетін түсіндіру жұмыстарының маңызы зор. Қазіргі таңда есірткі жарнамалары интернет кеңістігімен қатар, қоғамдық орындарда да кездеседі. Осындай заңсыз жарнамаларды анықтау және жою бойынша азаматтардың белсенділігі маңызды. Күдікті жазулар мен сілтемелерді өз бетінше қолданбай, тиісті органдарға хабарлау қажет. Құқық қорғау органдары жастар ұйымдарымен бірлесіп профилактикалық жұмыстарды жалғастыра береді», — деді полиция капитаны.

Кешенді акция тек рейдтік жұмыстармен шектелмейді. Оның аясында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған спорттық іс-шаралар, профилактикалық кездесулер, ашық пікірталастар және түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда.

Сонымен қатар жастарды спортқа тарту және олардың бойында жігер мен жауапкершілік қалыптастыру мақсатында «Чемпиондық рух» спорттық іс-шаралары өткізіледі. Жастар арасында бұқаралық спортты дамыту арқылы бос уақытты тиімді ұйымдастыру және зиянды әдеттерден аулақ болуға үндейтін бастамаларға ерекше көңіл бөлінуде.