Басты бет » Жастар үні » Saraishyq Upgrade 2026: Атырауда халықаралық жастар форумы басталды

Saraishyq Upgrade 2026: Атырауда халықаралық жастар форумы басталды

Атырау қаласында Saraishyq Upgrade 2026 халықаралық жастар форумы өтуде. Форум жастардың кәсіби білігін арттыруға, тың бастамаларын қолдауға және жас мамандар мен сарапшылардың тәжірибе алмасуына бағытталған. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

Іс-шараға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан және Грузиядан келген 300-ден астам жас көшбасшы мен белсенді азамат жиналды. Форумға маркетинг, коммуникация, креативті индустрия, жасанды интеллект және заманауи цифрлық технологиялар саласының мамандары сарапшы ретінде шақырылған.

Биыл форум бағдарламасы алты бағытты қамтиды. Олар: кино өнері, маркетинг, музыка, іс-шараларды ұйымдастыру, хореография және жасанды интеллект.

Бағдарлама аясында пленарлық пікірталастар мен тақырыптық сессиялар ұйымдастырылып, жиында қатысушылар үшін дәрістер, практикалық сабақтар мен шеберлік сағаттары өтеді.

Форум соңында жастар бастамаларын қолдауға бағытталған үздік жоба байқауы өтеді. Алты бағыттың әрқайсысы бойынша бір жеңімпаз анықталып, үздік деп танылған жобаларға 500 мың теңгеден грант беріледі. Байқаудың жалпы жүлде қоры – 3 млн теңге.