Басты бет » Жастар үні » ФАСТФУД ПЕН ТӘТТІ СУСЫНДАР ЖАРНАМАСЫ ШЕКТЕЛЕ МЕ?

ФАСТФУД ПЕН ТӘТТІ СУСЫНДАР ЖАРНАМАСЫ ШЕКТЕЛЕ МЕ?

Қазақстанда фастфуд, тәтті сусындар және құрамында қант, тұз бен қаныққан майы көп тағам өнімдерін жарнамалауға шектеу қойылмақ, деп хабарлайды Jastar janary.

Бұл жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі мәселе көтеріп, балаларды фаст-фудтың агрессивті жарнамасынан қорғауды тапсырған болатын.

«Тағы бір мәселе. Фаст-фудтың агрессивті жарнамасы қаптап кетті. Тез ішіп-желінетін тағам зиянды әдет қалыптастырады, денсаулық сақтау жүйесіне салмақ түсіреді, еліміздің еңбек күші әлеуетіне теріс әсер етеді. Дәрігерлердің бақылауында қант диабетіне шалдыққан 7 мыңға жуық бала бар. Олардың саны көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Көптеген ел құрамында май, қант және тұз мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасына тыйым салады немесе шектеу қояды», – деді Тоқаев,

Президенттің айтуынша, бұл өте күрделі мәселеге айналып отыр.

«Дегенмен Үкімет, ең алдымен, балаларымыздың саулығын ойлап, аталған проблеманың ұңғыл-шұңғылын мұқият зерделеуі керек», – деді Президент.

Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігі мұндай өнімдерді телеарна, радио, әлеуметтік желі және сыртқы жарнама арқылы насихаттауға қатысты заңнамалық шектеулер енгізуді қарастыруда.

Зерттеулерге сәйкес, қазір Қазақстандағы 6-9 жас аралығындағы балалардың 23 пайызы артық салмаққа ие болса, 6 пайызы семіздікке шалдыққан. Ал жасөспірімдердің 17,5 пайызы энергетикалық сусындарды аптасына кемінде бір рет тұтынады.

Министрлік ұсынып отырған шаралар белгілі бір тағам түрлеріне тыйым салуға емес, олардың балалар арасындағы жарнамасы мен насихатын шектеуге бағытталғанын атап өтті.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынған. Ал 2025 жылдың қыркүйегінен бастап білім беру ұйымдарында қант пен тұз мөлшерін азайтып, көкөніс, жеміс-жидек және сүт өнімдерін көбейтуге бағытталған жаңа тамақтану стандарты қолданысқа енгізілген болатын.