5 қыркүйек күні Астана қаласында онкологиялық аурумен күресіп жатқан балаларды қолдауға арналған RUN FOR ONCOKIDS-2026 қайырымдылық марафоны өтті.
Run for ONCO Kids өткізген қайырымдылық жүгіру шарасы – жыл сайын онкологиялық аурулары бар балаларды қолдау, балалар онкологиясы туралы хабардарлықты арттыру және балалар онкологиялық қызметін дамыту үшін адамдарды біріктіретін кең көлемді марафон.
Шараға 800-ге жуық адам қатысты. Жиналған қаражат балаларға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталады.
UMC корпоративтік қоры Педиатрия департаментінің директоры Татьяна Иванова-Разумова марафонның басты міндеті қоғамның балалар онкологиясы мәселесіне деген көзқарасын өзгерту екенін атап өтті.
«Қоғамда балалар онкологиясы деген мәселе жоқ деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан бұл саланың өзі жоқ сияқты қабылданады. Ал шын мәнінде, ол бар және өте маңызды. Екінші қате түсінік – егер бала осы ауруға шалдықса, бұл үкім деген ой. Біз осы екі мифті жоққа шығарғымыз келеді. Қазір бұл үкім емес. Дәрігерлер, ата-аналар және бала бір команда болуы керек», – дейді Татьяна Владимировна.
Ол мерекенің артында дәрігерлердің орасан зор еңбегі тұрғанын атап өтті. Бұл – ұйқысыз түндер, мұқият дайындық және үзіліссіз жұмыс. Оның айтуынша, мейірімділік пен кәсібилік жұмыс күні аяқталған соң да тоқтамайды.
Шараны онколог дәрігерлер ұйымдастырды. Марафонның мақсаты кішкентай батырлар мен олардың ата-аналарына жігер сыйлау, жеңіске деген сенімін арттыру және күресте жалғыз емес екенін сезіндіру.
Жарысты ұйымдастырушы, онкогематолог дәрігер Арайлым Адилова стартқа өз пациенттерімен бірге шықты.
«Қазақстанда жыл сайын 600-ден астам бала онкологиялық дертке шалдығады. Лейкоз кезінде өмір сүру көрсеткіші 90 пайызға дейін жетеді. Біздің міндетіміз ата-аналарға адамдардың халық емшілеріне бармай, емге миллиондаған теңге жинамай-ақ, Қазақстанда бұл аурулардың емделетінін айтып жеткізу. Көбіне ата-аналар қайда бару керегін білмей, шетелде емделуді таңдайды да, уақыт жоғалтады. Ал балалардағы онкологиялық ауру өте жылдам дамиды», – дейді дәрігер.
Ол сондай-ақ баланың ауруы бүкіл отбасы үшін ауыр сынаққа айналатынын айтты. Ұзақ емделу көбіне жанжалдарға, тіпті отбасылардың ажырауына әкеледі. Ал сауығып шыққаннан кейін балалар айналасындағылардың сақтықпен қарауына байланысты қоғамға және мектепке қайта бейімделуде қиындық көруі мүмкін. Оның айтуынша, мұндай балаларға түсіністікпен қарау әрі оларды қолдау аса қажет.
«Қандай да болмасын әр қадам кішкентай батырларды жеңісіне жақындата түседі. Осы шараға қатысу арқылы бір баланың жүзіне күлкі сыйлап, оның сауығып кетуіне өз үлесіңізді қоса аласыз», – дейді ұйымдастырушылар.
Марафон аясында балалар мен ересектерге арналған түрлі қашықтықтар ұйымдастырылып, ата-аналарға балалар онколог-гематологтарынан тегін экспресс-кеңес алуға мүмкіндік берілді. Сондай-ақ қатысушыларға алғашқы медициналық көмек көрсетудің базалық дағдылары үйретілді.
Венера МҰРАТҚЫЗЫ
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы

