Басты бет » Жастар үні » АТЫРАУДА ЖАЙҚАЛҒАН ЛОТОС АЛҚАБЫ: ОҚУШЫ ҚЫЗДАР ТӘЖІРИБЕСІ ЖЕМІС БЕРДІ

АТЫРАУДА ЖАЙҚАЛҒАН ЛОТОС АЛҚАБЫ: ОҚУШЫ ҚЫЗДАР ТӘЖІРИБЕСІ ЖЕМІС БЕРДІ

Атырауда екі оқушы қыздың қызығушылығынан басталған қарапайым тәжірибе күтпеген нәтиже беріп, Жайық маңында лотос гүлдеді.

Фото: atyrauoil.official

Қытайдан тапсырыспен алынған лотос гүлінің тұқымдары табиғи ортаға себілгеннен соң тамыр жайып, арада екі жыл өткенде гүлдей бастаған. Оқиға 2024 жылы басталған. 11 жастағы Шаттық Хами мен 12 жастағы Айым Жанкелді лотос өсіріп көруге қызығып, Қытайдың интернет-дүкендерінің бірінен тұқым алды. Тұқымдарды бастапқыда аквариумда өсірмек болған. Алайда үй жағдайындағы тәжірибе сәтсіз аяқталған. Содан кейін қыздар қалған тұқымдарды үйлерінің маңындағы Жайық өзені атырабындағы су айдынына сепкен. Бір жылдан кейін гүлдің алғашқы жапырақтары көріне бастаған. Ал биыл жазда лотос алғаш рет гүлдеді.

Қазір бұл аумақта жаңа лотос алқабы қалыптасып келеді. Ол Перетаска өзекшесінде орналасқан. Қыздардың айтуынша, өздерінің шағын тәжірибесі мұндай нәтижеге жеткізеді деп ойламаған.

«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының мамандары жаңа аумақта өсіп тұрған лотостың түрі мен шығу тегін анықтап жатыр. Өсімдік Қызыл кітапқа енген Каспий лотосы болуы мүмкін деген болжам да бар. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. Мамандардың мәліметінше, бұған дейін Атырау облысында лотос негізінен Құрманғазы ауданында кездесетін. Сондықтан Перетаска өзекшесінде пайда болған жаңа алқаптың ғылыми тұрғыдан маңызы болуы мүмкін. Екі оқушының тәжірибесі осылайша табиғаттағы күтпеген жаңалыққа айналды. Енді мамандар лотостың нақты түрін анықтап, оның осы аумақта қалай өсіп, таралғанын зерттемек.

Айта кетейік, биыл Атырауда лотос өсіруге бағытталған тағы бір тәжірибелік жоба басталды. Қытайлық мамандардың қатысуымен Тұхлая Балка ауданындағы 500 шаршы метр аумаққа 270 түп лотос отырғызылған. Бұл жоба да өңірде сирек кездесетін өсімдікті көбейтуге бағытталған.

Фариза АХМЕТ,

Jastar janary