Астанадағы Жастар сарайында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын насихаттауға бағытталған «Jas STAR Dance Fest» көпжанрлы би фестивалі өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараның мақсаты – жастар арасында заңға құрмет, қоғамдық тәртіпті сақтау, жауапкершілік мәдениеті мен салауатты өмір салты құндылықтарын дәріптеу. Фестиваль жас ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыруға, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және мәдени ортадағы белсенділігін арттыруға бағытталған.
«Заң мен тәртіп» қағидаты бүгінде қауіпсіз әрі әділетті қоғам құрудың негізгі тетіктерінің бірі болып саналады. Осы орайда фестиваль жастарды өнер арқылы біріктіріп қана қоймай, заңға бағыну, өзара құрмет пен азаматтық жауапкершілік құндылықтарын кеңінен насихаттайтын маңызды алаңға айналмақ. Фестивальге еліміздің түрлі өңірлерінен келген бишілер қатысып, Contemporary, Modern, Jazz, Street Dance Show және K-pop бағыттары бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Бағдарлама аясында би баттлдары ұйымдастырылып, қатысушылар шығармашылық шеберлігімен қатар тәртіп пен әділ бәсекелестік қағидаттарын ұстануға үнделді. Қатысушылар соло, дуэт, шағын топ және 40 адамға дейінгі би ұжымдары құрамында өнер көрсетті», – деді Жастар сарайы директорының орынбасары Әділ Орынбасарұлы.
Байқау Baby (6-7 жас), Kids (8-11 жас), Junior (12-17 жас) және Adults (18 жастан жоғары) жас санаттары бойынша өтті. Фестиваль ашық конкурстық негізде офлайн форматта ұйымдастырылды. Айтулы сайысқа 700-ге жуық бала қатысып бақ сынады. Сайысқа қатысушыларды хореография саласының кәсіби мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалады. Қорытындысында іс-шараға қатысушылар электронды дипломдармен марапатталды.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы

