Басты бет » Жаңалықтар » ОТАНҒА ҚЫЗМЕТ – ҰЛТҚА ҚАРАМАЙТЫН ПАРЫЗ

ОТАНҒА ҚЫЗМЕТ – ҰЛТҚА ҚАРАМАЙТЫН ПАРЫЗ

Қазақстан – татулық пен келісімнің алтын бесігі. Бүгінде елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бұл – бірлік пен өзара құрметтің жарқын үлгісі. Соның бір дәлелі – афро-қазақ Уэдраого Карл.

Уэдраого Карл – Африка құрлығындағы Буркина-Фасо мемлекетінің астанасы Уагадугу қаласында 2000 жылдың 31 шілдесінде дүниеге келген. Карлдың өмір жолы көпшілікті таңғалдырмай қоймайды. Тағдырдың жазуымен ол 2005 жылы отбасымен бірге Қазақстан жеріне қоныс аударып, Алматы қаласында жаңа өмірін бастайды. Әкесі Алиду Уэдраого мен анасы Гүлсім Салманқызы ұлдарына қазақы тәрбие беріп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді. Карлдың ұлты – афро-қазақ, бірақ жүрегі – қазақ деп соғатын нағыз патриот. Ол Алматы қаласындағы №70 жалпы орта мектепте білім алып, қазақ тілін анасының ауылында еркін меңгерген. Бала күнінен көпұлтты ортада өсіп, достық пен сыйластықтың қадірін түсініп өскен жас жігіт бүгінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан қатарындағы 6506 әскери бөлімінде  әскери борышын өтеп жүр.

Әскерге өз еркімен келген Карл Алматы қаласының Қорғаныс істер департаменті арқылы шақырылып, қазір Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінің материалдық қамтамасыз ету ротасында маман-жүргізуші қызметін атқаруда. Ол өз міндетін жауапкершілікпен орындап қана қоймай, қатарластары арасында еңбекқорлығымен, ашық мінезімен және бауырмалдылығымен ерекшеленеді.

– Карл, сіз үшін Қазақстан қандай мемлекет?

– Мен үшін Қазақстан – ешбір мемлекетпен салыстыруға келмейтін ерекше мекен. Әкем африкалық болғанымен, анамның елін өз елімнен кем көрмеймін, керісінше ерекше жақсы көремін. Мен үшін бұл жер – киелі мекен. Бала кезімнен қазақтардың арасында өсіп, өзімді қазақ сезініп келемін. Осындай елдің тірегі болу – мен үшін үлкен мақтаныш. Мен қазақ тілін, қазақ жерін құрметтеймін әрі шын жүректен сүйемін.

– Қазақстан армиясында қызмет етіп жүрсіз. Әскерге келу идеясы қайдан туындады?

– Әскер меніңше ұлтқа бөлінбейді. Қай елде өмір сүрсек те, өз жерімізді, өз елімізді қорғау – біздің басты парызымыз. Бала кезімнен әскерге бару арманым болатын. Бүгінде сол арманым орындалып, шырайлы Шымқалада 6506 әскери бөлімінде өз борышымды өтеп жүрмін. Бұл қызмет мені тәртіпке, жауапкершілікке және Отанға деген сүйіспеншілікке одан әрі тәрбиелеп жатыр. Бұл жақта өзіме жаңа достар тауып, әскери өмірге бейімделіп жатырмын.

Карлдың сырт келбеті мен шыққан тегі өзгеше болғанымен, рухы мен болмысы қазақы ортаға толық сіңген. Әскери бөлімдегі достары оны «біздің Карл» деп атап, бір үйдің баласындай қабылдаған. Ол да өз кезегінде әріптестеріне құрметпен қарап, бөлімнің қоғамдық өміріне белсенді қатысып келеді. Қазақстанда Карл Уэдраого – секілді жүздеген ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, әртүрлі мәдениет пен дәстүрдің бір арнада тоғысуы, еліміздің әр азаматы Отаны үшін бір мақсатқа қызмет ете алатынын дәлелдейтін жарқын мысал. Осындай сарбаздар барда болашағымыз нық, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы дәріптеген бірлік идеясы мәңгі жасай беретіні сөзсіз.

Фариза АХМЕТ,

Шымкент қаласы