«Театр – халыққа тәрбие беретін мектеп», – деп Мұхтар Әуезов айтқандай, театр – адам жанының айнасы, ішкі сезім мен рухани дүниені ашып көрсететін киелі өнер ордасы. Бүгінде театр десе ішкен асын жерге қоятын көрермен қатары көбейіп келеді. Бұл да бір мәдени құндылықтардың қайта жаңғырып, қоғамда өнерге деген қызығушылықтың артып келе жатқанының айқын көрінісі.
Шымкентте қалалық жастар театрының тағы бір ой саларлық қойылымы көрермен қауымға ұсынылды. Қойылым өзекті тақырыпты қозғап, адам жанының терең иірімдерін ашып, көрерменді бейжай қалдырмады. «Қалың елім, қазағым» атты поэтикалық толғау – халқымыздың мұң-мұқтажын, тағдыр-тұрмысын терең толғап, ел бірлігі мен рухани құндылықтарды дәріптейтін тағылымы мол туынды. Сахнада жаңғырық тапқан әр сөз, әр шумақ – өткеннің үні мен бүгінгінің тынысын жалғағандай көрерменге әсер қалдырды.
Дариға ТҰРАНҚҰЛОВА, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, қойылым жетекшісі:
– «Баласы атқа қонса, анасы тақымын қысады» демекші, бүгін шәкірттерім үшін ерекше толқыныста болдым. Бұл қойылымда балаларымның тіл тазалығына ерекше мән бердім. Мұнда ән де, би де, көркем сөз де үйлесім тапты. Қойылымның атауын «Қалың елім, қазағым» деп қойдым. Менің негізгі мақсатым – Абай Құнанбайұлы мен Махамбет Өтемісұлы шығармашылығы арқылы көрерменді тереңірек таныстыру болды. Елдікті, ерлікті, тарихты қозғайтын бұл көркем қойылым көрермен жүрегіне жол тауып, рухани әсер сыйлайды деп сенемін.
Тағылымды тарихи қойылым сонау батырлар рухын асқақтатып, оларды жаңа қырынан көрсете білді. Тарихты қозғайтын кешке қала әкімінің орынбасары арнайы келіп қатысып, жас өнерпаздардың еңбегіне жоғары баға берді. Бір қызығы, мұнда студенттер кәсіби актерлерден кем ойнаған жоқ.
Қазыбек ҚОЖАХМЕТ, Шымкент жастар театрының әртісі:
– Бүгінгі қойылымда Махамбеттің рөлінде ойнадым. Бұл қойылым жалпы поэтикалық толғау болып табылады. Абай мен Махамбеттің жырларының қосындысы негізінде жасалған. Абай да, Махамбет те қазақ үшін жанын қиған тұлғалар. Бұл мен үшін ерекше тәжірибе болды. Дариға Тұранқұлова сияқты мықты маманның шәкірті болғаныма мақтанамын.
Қорыта айтқанда, бүгінгі қойылым бұрынғы қойылымдардан өзгеше болды. Мұнда келген әрбір көрермен өз жанына терең рухани азық жинап қайтты. Қазақтың қос алыбы – Абай мен Махамбеттің рухани мұрасы сахна арқылы жаңаша қырынан ашылып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Бұл кеш ұлттық рухты асқақтатып, тарихи тұлғалардың болмысын тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.
Фариза АХМЕТ,
Шымкент қаласы
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы


