Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты пікір білдірді.
Фото: t.me/aqorda_resmi
Президенттің айтуынша, бұл оқиға бойынша Ұлттық құрылтайға 130-дан астам өтініш түскен.
Күдіктінің марқұмды аңдып, қоқан-лоқы көрсеткені анықталған. Осыған байланысты Ішкі істер министріне қалалық полиция әрекетіне құқықтық баға беруді, ал Бас прокурорға істі мұқият тексеруді тапсырды.
«Шымкентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елді дүрліктірді.
Ұлттық құрылтайға осы оқиға бойынша 130-дан астам өтініш келіп түсті.
Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры, мұның арты адам өліміне әкеп соқтырды.
Осыған байланысты Ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді.
Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз, бұл – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Ондай қатігездікке ешқашан жол беруге болмайды.
Жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келеді. Заңнамалық өзгерістер де соған сай болуы өте маңызды.
Заң мен тәртіп – бәріне ортақ. Еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс», – деді Президент.
Еске салсақ, 11 қаңтарда 21 жастағы студент Нұрай пышақ жарақатынан қаза тапты. Күдікті — оның танысы, ол ұсталды.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы