«Азамат» интеллектуалды бағдарламасы маусымды аяқтап, жеңімпазды анықтады. Финалдық ойында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетінің командалары кездесті. Шешуші кезең «Қазақстан экономикасының басты драйвері» тақырыбына арналды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, финалдық ойынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысты. Бағдарлама барысында командалар өз позицияларын дәлелдеу, қарсы тараптың уәждеріне жауап беру және логикалық аргументация көрсету тұрғысынан жоғары деңгейде дайындықтарын көрсетті. Тартысты өткен ойын нәтижесінде 3:2 есебімен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жеңіске жетіп, «Азамат» интеллектуалды бағдарламасының жеңімпазы атанды.
Жоба қорытындысы бойынша 250 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы Шәкәрім университетіне, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне және Нархоз университетіне табысталды.
Төртінші орынды және 400 мың теңге жүлдені Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті иеленді. Үшінші орын – Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне (600 мың теңге). Екінші орын және 1 миллион теңге жүлде Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетіне бұйырды. Ал бірінші орын мен 2 миллион теңге жүлдені Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жеңіп алды. Осылайша, жобаның жалпы жүлде қоры 5 миллион теңгені құрады.
Финал барысында студенттер «Азамат» жобасының тек кездейсоқ пікірталас алаңы емес екенін көрсетті. Жоба жастардың ойланып сөйлеуін, саналы шешім қабылдауын және ел тағдырына бейжай қарамайтын жауапты азаматтық ұстанымын қалыптастыратын кеңістік болды. Мұнда дәлелді пікір мен жауапкершілік, бәсеке мен парасаттылық біріккен ерекше лидерлік мектебі жасалады.
Айта кетейік, «Азамат» интеллектуалды бағдарламасы алғаш рет 2000 жылдардың басында «Хабар» телеарнасында эфирге шығып, елдегі пікірсайыс қозғалысының дамуына серпін берген жобалардың бірі болды. Жаңартылған маусым аясында еліміздегі 100-ден астам жоғары оқу орнының ішінен іріктелген 32 университет қатысты. Ескерте кетейік, қазіргі таңда «Азамат» интеллектуалды бағдарламасының екінші маусымына іріктеу басталып кетті. Жаңа маусымға еліміздің жоғары оқу орындары қатыса алады.
Jastar janary Ұлттық, қоғамдық-мәдени ақпараттық порталы


