Басты бет » Жаңалықтар » Шерзат ісі: Басты айыпталушы 23 жылға сотталды

Шерзат ісі: Басты айыпталушы 23 жылға сотталды

Өткен жылдың 4 қазанына қараған түні Алматы облысының Талғар қаласында болған төбелес кезінде 16 жасар Шерзат Болат пышақ жарақатынан қайтыс болған болатын. Оқиғаны кейін бірнеше дереккөздер Талғар оқиғасы деп те атады. Күні кеше Шерзаттың өліміне қатысты сот процесі аяқталып, сот айыпталушыларға үкім кесті, деп хабарлайды Jastar janary.


Сурет: alash.kz

Сотта бас айыпталушы саналған Абзал Шынасыл – ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігі («Адам өлтіру»), 293-бабының 3-бөлігі («Бұзақылық») және 24-бабының 3-бөлігі («Қылмысқа дайындалу және оқталу») бойынша кінәлі деп танылып, жиынтығы 23 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар осы іске қатысы бар басқа айыпкерлер де лайықты жазасын алды:
Равиль Сакиев – «Бұзақылық» және «Адам өлтіруге оқталу» баптары бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды;
Азамат Тоқтаубаев – «Бұзақылық» және «Ұрлық» баптары бойынша 15 жылға бас бостандығынан айырылды;
Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай және Нұрбол Тоқтаубаев – «Бұзақылық» бабымен әрқайсысы 7 жылға сотталды.
Нұрқияс Ілиясов – «Бұзақылық» бабымен 9 жылға;
Дидар Ысқақ (кәмелет жасына толмаған) – ауыр қылмыс туралы хабарламағаны үшін 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу қорытындысын сот та растап, Шерзаттың өліміне себеп болған пышақ жарақатын Абзал Шынасыл салғанын мәлімдеді.
Шынасыл соңына дейін кінәсін мойындаған жоқ. Сот отырысының бірінде Абзалдың адвокаты Шерзатты өз әкесі Қаржаубай жаралауы мүмкін деген қисынсыз болжам айтқан болатын.
Марқұмның анасы қылмыскерлерді өмір бойына бас бостандығынан айыруды немесе ең кемі 20–30 жылға соттауды талап еткен.

Сондай-ақ, сотталушылар марқұмның туыстарына 285 миллион теңгеден аса өтемақы төлейтін болды.
Судьяның шешімімен Абзал Шынасыл қайтыс болған Шерзаттың жақындары Қаржаубай Нұрымовқа, Гүлбара Бишімбиева мен Жұмабике Қадырованың әрқайсысына моральдық шығын ретінде 20 миллион теңгеден төлеуге міндеттелді.
Равиль Сәкеев болса, осы үш адамның әрқайсысына 15 миллион теңгеден өтемақы төлейді.
Ал қалған сотталушылар Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрқияс Ілиясов, Азамат Тоқтаубаев, Нұрбол Тоқтаубаева және Дидар Қалиахмет – Қаржаубай Нұрымовқа, Гүлбара Бишімбиева мен Жұмабике Қадырованың әрқайсысына 10 миллион теңгеден, жалпы сомасы 180 миллион теңге төлеп беруге тиіс.
Бұдан бөлек, сот куәгерлер Дана Жақсыгелді, Эльмира Нұрбекова, Қазакенова және Рузбакиевтердің әрекеттерінде қылмыс белгілері болуы мүмкін екенін айтып, прокурорға арнайы жеке қаулы шығарды.