Қазіргі қоғамда жастардың бір мезетте әрі білім алып, әрі жұмыс істеп жүргенін жиі көреміз. Бұл – жай ғана таңдау емес, көп жағдайда қажеттілік. Бірі – ата-анасына салмақ салмау үшін, бірі – өз арманына ертерек жету үшін, енді бірі – күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерін жабу үшін осы жолды таңдайды.
Таңғы сабаққа үлгеру үшін ерте тұру, түске дейін лекция, сосын жұмысқа асығу. Кешке қарай талықсып үйге келіп, тезірек ұйықтап қалуға асығу. Бұл – жұмыс істейтін студенттердің күнделікті тіршілігі. Көпшілігі демалысты армандайды, бірақ демалыс күндері де кейде жұмыспен өтеді. Сонда да олар шағымданбайды. Себебі осы қиындық арқылы өз өмірінің тізгінін ерте қолға алып жатқандарын біледі. Жұмыс пен оқуды қатар алып жүру жастардың бойындағы жауапкершілік пен еңбекқорлықты оятады. Олар уақыттың қадірін түсінеді, артық дүние үшін емес, нақты қажеті үшін еңбек етеді. Ата-анасының орнына өздерін қамтамасыз етіп үйренеді. Бұл – үлкен өмірге жасалған алғашқы нақты қадам.
Фото: автордікі
Қоғам түсіне ме?
Өкінішке қарай, кейбір адамдар жастардың қос бағытта жүргенін түсінбей жатады. «Жұмыс істеп жүрген студент сабаққа толық көңіл бөле алмайды» деген сияқты пікірлер кездеседі. Бірақ ондай ой айтатындардың көбі сол студенттердің бір күнін өздері бастан кешіріп көрмеген. Ал шындық – олар әрбір минутты бағалап, аз уақыттың өзінен көп дүние жасауға тырысады. Бұл – үлкен қабілет.
Кемшілік пе, артықшылық па?
Әрине, қос жүктемемен өмір сүру – оңай емес. Бірақ бұл жастардың шыңдалуына себеп болады. Олар болашақта қандай қиындық кездессе де, қорықпай қарсы тұра алатын болады. Ерте еңбекке араласқан жастар өз мамандығына деген көзқарасын нақты қалыптастырады. Мысалы, біреулер жұмыс істеп жүріп болашақ мамандығын қайта қарастыруы мүмкін – бұл да өсу мен өз жолыңды табу процесі. Сондай-ақ жұмыс істеп жүрген студенттер үшін ең үлкен мәселе – уақыт тапшылығы мен физикалық шаршау. Бұл – олардың кейде сабақтан қалуына, ұйқының азаюына немесе психологиялық қысымға ұшырауына әкеп соғады. Мұндай жағдайда оқу орындары мен жұмыс берушілердің түсіністігі, икемділік танытуы маңызды. Себебі жастар – бұл мемлекеттің ертеңі.
Жұмыс пен оқуды қатар алып жүрген жастар – қазіргі заманның нағыз батырлары. Олар жеңіл жол іздемейді, керісінше, қиындық арқылы шыңдалып, өз болашағы үшін күресіп жүр. Мұндай жастар өмірдің нағыз мектебінен өтіп жатыр десек, артық айтқандық емес. Олар ертең өз ісін ашатын кәсіпкерлер, кәсіби мамандар немесе жауапты тұлғалар болып қалыптасуы мүмкін. Себебі оларда бір ғана диплом емес, өмірлік тәжірибе мен ішкі мотивация бар.
Қоғам мұндай жастарды қолдауы керек. Себебі олардың бүгінгі талпынысы – ертеңгі тұрақты экономика, сауатты ұрпақ және жігерлі азаматтық қоғамның кепілі.
Аружан ҚАДЫРОВА,
Л.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің
3-курс студенті