15-18 мамыр күндері Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық драма театрының актері, режиссер, жазушы әрі қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Самал Әбуовтің 50 жас мерейтойына арналған «Өнерге арналған өмір» атты апталығы өтті.
Дара қабілетімен көзге түсіп жүрген тұлға Самал Қадерұлы Әбуов 1975 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөкей Орда ауданы Бисен ауылында дүниеге келген. 1997 жылы Дәулеткерей атындағы Мәдениет және өнер институтының режиссура бөлімін тәмамдайды. 1999-2000 жылдары аралығында С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған облыстық қазақ драма театрында актер болып қызмет атқарды. 2009-2013 жылдары Б.Бейшеналиева атындағы Қырғыз мемлекеттік театр және кино өнер институтының «Кәсіби драма театр режиссері» мамандығын бітіреді. Ал 1997 жылдан бері Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында қызмет атқарып келеді.
Өзінің шығармашылық жолында актер ретінде ойнаған рөлдері: Ә.Оразбековтің «Бір түп алма ағашы» пьесасында – Тұрсын бейнесін, Ө.Боранбаевтың «Сотанайдың соңғы үйленуінде» – Қоқай бейнесін, Ш.Айтматовтың «Арманым – Әселімде» – Шал образын, М.Байджиевтің «Құдалар» комедиясында – Күрішбек, Иран Ғайыптың «Махамбет» шығармасында – Ықылас, А.Камюдің «Калигула» пьесасында – Патриций, Б.Шоудың «Адам арбайтын үй» пьесасында – Капитан Шотовер, Д.Исабековтің «Әпке» шығармасында – Омарды, Г.Гориннің «Атың өшсін, Герострат» – Крисипп бейнесін т.б образдарды сомдаған.
Ал енді оның режиссерлік жұмыстарына тоқталатын болсақ: А.Атымтаеваның «Кім патша?» ертегісін, Е.Шварцтың «Күлшеқыз» ертегісін, Г.Хугаевтың «Қара шекпен» аңызын, Ж.Өзүбекованың «Толғақ» психологиялық драмасын, С.Досановтың «Тозақ шеңбері» драмасын, Қ.Мұхаметқалиұлының «Сырым батыр» тарихи драмасын, Ф.Буляковтың «Қысқа ғұмыр» мұңды комедиясын, С.Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясын, М.Ғылымханның «Жусан» психологиялық драмасын, А.Айларовтың «Келісімшарт бойынша қалыңдық» комедиясын, М.Мақатаевтың «Қош махаббат» драма, Б.Калчыбаеваның «Қоңырау» аңыз ертегісін және тағы да басқа режиссерлік қолтаңбаларымен көзге түсіп жүрген режиссер.
2015 жылы Мәскеу қаласында өткен А.Чехов атындағы XII Халықаралық театр фестивалі мен кәсіби режиссерлер лабораториясына қатысқан. Татарстан Республикасында өткен Түркі халықтарының «Наурыз» халықаралық театр фестиваліне қатысқан.
Театр туралы жазған авторлық кітаптар жазған. Ең бірінші тырнақалды еңбегі «Театр. Тарих. Тағылым» деген атаумен 2018 жылы жазылған кітабы алты тараудан тұрады. Атап айтқанда, бірінші тараудың аты: «Кеше және бүгін», екінші тарау: «Театр тарландары», үшінші тарау: «Бақ көзімен қарасақ», төртінші тарау: «Отбасым – сүйеніш, қуанышым», бесінші тарау: «Қалам ұстаған қас-қағым сәттен», алтыншы тарау: «Аудармашы Мақашева» деп аталады. Бұл кітапта театрда жұмыс істеген театр тарландарының шығармашылық тарихи портреттерімен ойнаған рольдері туралы, терең ойға толы еңбек жасалған.
Араға екі жыл салып жарық көрген «Алтын керегелі, айна терезелі театр» деп аталатын – 2020 жылдары жарық көрген кітабы да алдыңғы шыққан кітапта айтылмай кеткен мәселелер мен театрдың әр жылдары жарық көрген театр майталмандарынан алынған сұхбаттармен спектакль қойған режиссерлердің спектакльдері туралы айтылып, театрдың фестивальдерімен гастрольдеріндегі жетістіктері кеңінен талқыланған. Кітаптың әрбір бетінің композициялық құрылымына, сөз саптауымен тарихына әділ баға беріп, көркем тілде жазып шығып театрдың мәселелері сөз етіліп тарихи мәліметтермен бөліседі. Бұл кітап та алты тараудан тұрады: бірінші тарау «Бекзада өнер бектері», екінші тарау «Жұлдызды жұп», үшінші тарау: Әулетім – абыройым, Төртінші тарау: «Қойылым – режиссер қолтаңбасы», бесінші тарау: «Алғашқы кітапқа ақжарма тілек», алтыншы тарау: «Шын талантқа тұсау жоқ» деген атаулардан тұратын кітап театрдың даму белестерін көрсетіп, «бүгінгі өнер – ертеңгі тарих» деген ой тудырады.
Әбуов Самалдың жұбайы да Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық драма театрының белді актрисасы әрі талай пьесалардың аудармашысы ретінде халыққа таныс Эльмира Мақашева. С.Әбуов пен Э.Мақашева – бір қыз, екі ұл тәрбиелеп отырған өнерлі отбасы. Балалары да өнер жолында оқу оқып, олардың да өз көрермендері жетерлік. Кезекті бір жергілікті өнер сайысында олар «Жұлдызды отбасы» деген марапатқа ие болған. С.Әбуов пен Э. Мақашеваның Орал жерінде ашқан «Мақашева театры» деген балаларға арналған театры да балаларға арналған спектакльдерімен таныс. Театр – ең бірінші балаларды тәрбиелеу құралы ретінде орны бөлек мәдениет ошағы. Сондықтан актерлердің бала тәрбиесіне деген еңбегін жеке тоқталып айтарлық үлкен еңбек.
Мерейтой иесі Самал Әбуовқа арналған «Өнерге арналған өмір» атты мерейтойлық апталығы 15-18 мамыр аралығында өтті. 15 мамыр «Театрдағы өнер синтезі: Актер мен режиссердің шығармашылық диалогы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында алыс-жақыннан келген қонақтар мен ғалымдар қатысып, бүгінгі күндегі актерлік, режиссерлік мәселелер туралы ғылими баяндамалар жасады.
К.Байсейітова атындағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің доценті, PhD докторы, тетртанушы Нартай Ескендиров, Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының әдеби-драмалық бөлім меңгерушісі, Театр қайраткерлері одағының «Еңлікгүл-2024» кәсіби сыйлығының жеңімпазы, театртанушы Әлия Шақуова мен Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының БАҚ менеджері, театртанушы Айым Қайржанқызы баяндамалар жасады.
Аталған шараға Қырғыз Республикасынан келген актер, режиссер Арзыбек Аскарбек уулу, Батыс Қазақстан обылысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысының орынбасары Медхат Қамбетов, Ардагер, Театр қайраткері, «Шапағат» медалінің иегері, Журналистер одағының мүшесі, аудармашы Құжырғали Төлеуішев,
С.Датұлы қоғамдық қорының директоры, өлкетанушы Айнагүл Ойшыбаева,
сырымтанушы Айдархан Рамазанов, филология ғылымдарының кандидаты, Махамбет Өтемісұлы БҚО университетінің қауымдастырылған профессоры Рита Сұлтанғалиева, Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының актері, Құрманғазы саз колледжінің оқытушысы, өнер магистрі Жантілеу Нуфтуллин, Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының бас режиссері, өнер магистрі Алмат Шарипов т.б. қонақтар қатысып, өз ойларымен бөлісіп отырды.
Мерейтойлық апталық аясында Самал Әбуовтің режиссурасымен қойылған спектакльдер сахналанды. 15 мамыр күні Ф.Буляковтың «Қысқа ғұмыр» мұңды комедиясы, 17 мамыр күні О.Әубәкіровтің «Мен чемпион боламын» ертегісі, 18 мамыр күні С.Жүнісовтың «Қысылғаннан қыз болдық» комедиясы қонақтар мен көрермендер назарына ұсынылып, Самалдың театр өнеріне қосқан үлесі зор екенін көрсетті.
Самал Әбуов театр саласында марапаттары мен жетістіктері ұшан-теңіз атап айтқанда: Қырғыз Республикасының премьер-министрінің кеңесшісі С.Раевтың «Дипломы» – 2012 ж. Қырғыз Республикасы мәдениет, ақпарат және туризм министрі А.Максутовтың Алғыс хаты – 2012 ж. БҚО әкімі А.Көлгіновтың Алғыс хаты – 2015 ж. ҚР мәдениет және спорт министрлі А.Мұхамедиұлының Алғыс хаты 2017 ж. ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ғ.Ахмедьяровтың Алғыс хаты – 2018 ж. «Еңбек даңқы» төсбелгісі – 2018 ж. Президенті Н.Назарбаевтың «Құрмет» грамотасы – 2018 ж. Қазақстан қайраткерлері одағының «Дара» төсбелгісі – 2021 ж. «Сырым Датұлы» төсбелгісі – 2021 ж. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі – 2022 ж., Бөкей Ордасы ауданының Құрметті азаматы – 2023 ж. Сол сияқты басқа да еңбектерімен көзге түсіп келеді.
Ол аталмыш театрда өзіндік актерлік шеберлігімен режиссерлік қолтаңбасымен дараланып, театрдың дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Жазушы әрі қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Самал Қадерұлының 50 жас мерейтойына арналған «Өнерге арналған өмір» атты апталығы 15-18 мамыр аралығында жоғары дәрежеде өтті. Мерейтой иесі Самал Әбуов мырзаны шын жүректен құттықтаймыз. Театр ұжымына шығармашылық табыстар тілейміз!
Нартай ЕСКЕНДИРОВ,