Бүгін Алматы қаласында еліміздің танымал чемпиондары мен спорт шеберлері жастармен бірге таңғы жаттығу өткізіп, «Чемпиондық рух» жобасының ресми бастамасына ұйытқы болды, деп хабарлайды Jastar janary.
Бұл жоба – «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының жаңа бастамасы.
Шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын жастар арасында кеңінен насихаттап, табысты спортшылардың үлгісінде әр азаматтың чемпион болуға лайық екенін көрсету. Жоба шеңберінде тек жаттығулар ғана емес, әр түрлі бағыттағы шаралар кешені ұйымдастырылатын болады. Алматыда бастау алған жоба республика көлемінде жалғасын табады.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Alash Pride» клубының негізін қалаушы және президенті Данияр Қасқарауов, Алматы облыстық мәслихат депутаты, Сағадат батыр атындағы спорт клубының негізін қалаушы, джиу-джитсу және грэпплинг спорт шебері Нұрсұлтан Орынбасаров, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Кажденбек, сондай-ақ еліміздің атақты спортшылары қатысты. Олардың қатарында Қазақстанның спорттық гимнастика саласындағы көрнекті өкілі, 2024 жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүлде иегері Нариман Құрбанов, аралас жекпе-жек шебері Арман Оспанов, джиу-джитсудан әлем чемпионы, грэпплингтен UWW федерациясының Алматы қаласы бойынша президенті Альберт Алдияров, UFC лигасында өнер көрсетіп жүрген жекпе-жек жауынгері Асу Алмабаев бар.
Сонымен қатар, шараға қоғам белсенділері мен қала жастары да қатысып, чемпиондармен бірге жаттығу жасап, еркін форматта сұхбаттасуға мүмкіндік алды. Чемпиондар жастарды жігерлендіріп, спортқа қызығушылықтарын арттыруға, өз мақсаттарына жетуге талпынуға шақырды.
