Басты бет » Жаңалықтар » Қызылордада балаларға арналған жаңа шығармашылық академия ашылды

Қызылордада балаларға арналған жаңа шығармашылық академия ашылды

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапары аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге жаңа шығармашылық және инновация академиясының ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Аталған академия бір мезгілде 500, ал тәулігіне 3 мыңға дейін оқушыны қабылдай алады. Орталық ғимараты ғылыми-техникалық, спорттық-сауықтыру және жүзу бассейндеріне арналған блоктарға бөлінген. Мұнда ғылым, инженерия, шығармашылық, өнер, тарих, өлкетану, цифрлық технологиялар мен спорт бағыттары бойынша 40-қа жуық үйірме жұмыс істейді.

Министр елімізде балалардың зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған кең ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. 2023 жылдан бастап министрлік жанынан Тәрбие және қосымша білім беру департаменті жұмыс істей бастады. Бұл құрылым тәрбие жұмысын жүйелеуге және балаларды сапалы қосымша біліммен қамтуға зор мүмкіндік беріп отыр.

«Мемлекет басшысының бастамасымен білім беру саласында кешенді шаралар жүзеге асуда. Оның ішінде балалардың тұлғалық және зияткерлік дамуына бағытталған қосымша білім беру саласына ерекше көңіл бөлінуде. Қызылордада ашылған жаңа орталық мұның жарқын көрінісі. Академия болашақ ғалымдарды, өнертапқыштарды, әдебиет пен өнердің жарық жұлдыздарын тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады деп сенемін», – деді Ғани Бейсембаев.

Өз кезегінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев соңғы үш жылда Қызылорда облысында 3 оқушылар сарайы мен 2 өнер мектебі пайдалануға берілгенін жеткізді. Биылғы жылы өңірде тағы 200 орындық оқушылар сарайы мен 50 орындық өнер мектебінің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен облыс орталығында 300 орындық жазғы демалыс лагері бой көтеруде.


Ел аумағында 1713 мектептен тыс ұйым жұмыс жасайды. Балаларды сауықтыру және олардың шығармашылық, зияткерлік әлеуетін дамыту жөніндегі 2024 – 2026 жылдарға арналған жол картасы шеңберінде ауыл мектептерінде 1 мың комьюнити-орталық ашу бойынша жұмыс жүргізілуде. Жалпы, 2027 жылға дейін 100 қосымша білім беру ұйымын іске қосу жоспарланған.