«Мен таңдаған мамандық» айдарында түрлі сала өкілдері таңдаған мамандығы, оның қызығы мен қиындығы жайында әңгіме өрбітеді.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Астана қаласы әкімдігі Жастар театрының актрисасы Назерке Серікболова. Назеркемен актерлік шеберлік, дубляж, дыбыстау жайында ой бөлістік.
Назерке Серікболова Республикалық эстрадалық вокал конкурсы лауреаты, Республикалық пәндер олимпиадасында – «Ең үздік әйел бейнесі» номинациясының иегері. Оңтүстік Корея «DIMF-2014» мюзикл фестивальнің лауреаты, Оңтүстік Корея «KIFT–2015» театр фестивалінің арнайы шақыртылған қонағы (Ғ.Мүсірепов «Қыз Жібек» мюзиклі, қоюшы режиссері – Нұрқанат Жақыпбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері),
«Сахнагер – 2018» Ұлттық театр жүлдесі «Үміт» сыйлығының иегері, «Дарын» Мемлекетті жастар сыйлығының иегері.
Театрда рөл сомдаған спектакльдері: «Жібек», «Моцарт», «Нартауекел», «Тілеп–Сарықыз», «Мейірімді жүрек», «Чиполлино», «Ғайыптағы мәңгілік махаббат сазы», «Меккеге қарай ұзақ жол», «Ғасырдан да ұзақ…», «Қар ханшайымы», «Айман-Шолпан», «Іздеп тапым сені…», «Таптым. Ғашық болдым. Жоғалттым», «Ханзада», «Көзімнің қарасы», «Су перизаты», «Күйеу бала», «Жан пида».
Фильмдегі рөлі:
«Әр үйдің сыры басқа»
– Туған жеріңіз, өскен ортаңыз жайында айтып берсеңіз?
– Туған жерім – Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласы. Өзім өнерлі отбасыда дүниеге келгенмін. Әкем – суретші, анам – қобызшы. Төрт ағайындымыз. Бірақ өнер жолын таңдаған тек мен ғанамын.
– Сіздің актер мамандығын таңдауыңызға не түрткі болды? Бала кезіңізден армандадыңыз ба?
– Бала кезімнен әнші болуды армандадым. Кішкентай кезімнен бастап қолыма кез-келген затты алып, айнаның алдында тұрып ән салушы едім. Алматы қаласына әнші боламын деп келіп, бірақ 9-сыныптан кейін әншілікке түсе алмайды екенмін. Осылайша, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясы бар екен. Ол жердің колледжінде актер мамандығы бойынша оқуға болатынын білдім. Ол жерде вокал да бар екен. Содан сол колледжге тапсырып көріп, оқуға түсіп кеттім. Сөйтіп, оқу барысында театрлардағы қойылымыдарды көріп жүріп өзімнің театрға қалай ғашық болып қалғанымды түсінбей қалдым. Сахнадағы бейне жасау, маған ән айтудан да жақынырақ екенін түсіндім. Енді жеңіл зат жоқ қой, әр мамандықтың өзіндік ауырлығы болады. Кейде ауырып тұрсаң да сахнаға шығатын кездер болып қалады. Кейде образыңды түсінбей тұрасың. Бірақ оны көрермен білмеуі керек, сезбеуі керек. Сондықтан біз соны білдіртпей, сездіртпей ойнап шығуымыз үшін ұзақ жолдардан өтіп кәсіби актер болуға дағдыланамыз. Сондықтан да жол ортадан қосыла салып, театрдың сахнасына шығып рөл ойнау қате. Себебі әртүрлі жағдай орын алған кезінде өзіңді қалай ұстарыңды білмей қаласың.
– Қойылымға, рөлдеріңізге қалай дайындаласыз? Сомдайтын рөліңізді қаншалықты зерттейсіз?
– Мен сомдайтын кейіпкерімді теорияға қарағанда практика арқылы зерттеп шыққан ұнайды. Шынымды айтсам, рөлді жазып алып, қандай кейіпкер, оның мінезі қандай деп т.б тұстарын жазып отырып теория бойынша зерттемейді екенмін. Енді әркімнің өз әдісі әртүрлі болады. Маған рөл берілген кезде қолыма алып оқимын. Және бізде ең бірінші «үстел үсті талқыланатын кезең» болады, оны «читка» дейді. Сол жерде отырған кезде режиссердің берілген тапсырмасын мұқият тыңдап отыра режиссер ол кейіпкерді қалай көріп тұр сол кейіпкердің іс-әрекеті, мінез-құлқы, көңіл күйінің қандай екенінің бәрін режиссер айтып береді. Сондықтан өзіңмен-өзің биография жасап, басқа жақта жүрудің қажеті жоқ. Нақты режиссердің айтқан тапсырмасын орындап шығу керек. Және сахнаға шыққанда барлық мидағы математиканы, әртүрлі ойларды ұмыту керек. Мен өз басым солай ұмытамын. Себебі мен сезімге көбірек мән беремін. Әр рөлді жүрекпен, жан-тәніммен ойнап шығуға тырысамын.
– Жан дүниеңізге қандай жанрдағы рөлдер жақын? Жалпы, рөл таңдайсыз ба әлде берілген рөлді сомдап шығасыз ба?
– Әрине, мен рөл таңдамаймын. Бізде театрда режиссерлердің өзі береді. Енді көбінде маған «героиня» рөлдерін көп береді, сол себепті көбінесе сондай рөлдерді ойнаймын. Менің жан дүниеммен барлық рөл келе береді негізі (күліп). Өйткені өзім әртүрлі рөлдерді ойнап көргенді жақсы көремін. Бірақ ән айтатын рөлдер көбірек ұнайды. Өзім әнге жақын болғаннан кейін мюзикл рөлдерінде ойнаған, арасында драмада ойнаған ұнайды. Негізі, актер адамның жан-жақты болғаны дұрыс. Сол себепті де барлық жанрларды қуана-қуана ойнаймын.
– Білуімізше, сіз актерліктен бөлек дубляж жасайсыз. Қандай туындыларға дауыс жаздыңыз? Жалпы, дубляж жазудың қызығы мен қиындығы жайында айтып берсеңіз…
– Иә, осы күнге дейін мен біраз фильмдер мен мультфильмдерді дыбыстадым. Оның ішінде Disney-дің барлық ханшайымдарын дыбыстап шықтым, «Мұзды өлке» де Анна, Белоснежка, «Золушка»-да Дризелланы дыбыстадым. «Красавица и Чудовище»-де – красавица, Энканто-Мирабель Моанна, «Рапунцель» – Рапунцель, «Человек паук» – Эмджей, секілді осындай көптеген мультфильмдерді дыбыстадым. Көбісін ұмытып отырмын.
Дубляж – ол өте қиын жанрдың бірі деп айтар едім. Себебі ол жерде актер өте жан-жақты болады. Экрандағы кейіпкердің барлық мінез-құлқын, барлық болмысын дауыспен ғана көрсетесің. Сахна төрінде ойнап, іс-қимылыңды көрсететін болсаң, бұл жерде сен тек қана дауысыңмен оның ішкі жан дүниесін ақтарып көрерменге жеткізуің керек. Одан кейін техника жағынан қиын болады. Себебі экранға қарап тұрып кейіпкеріңнің сөйлеген дауысына, аузына дәл түсу керек. Сол сәтте дәптердегі жазбаны оқып үлгеру керек деген секілді өзіндік қиындықтары болады. Бірақ сонысымен де қызық. Өзіме дыбыстау өте қатты ұнайды.
– Сіздің ойыңызша актер қандай болу керек?
– Менің ойымша, актер жан-жақты болу керек. Актер ән де айту керек, биде билеу керек, драманы да ойнау керек. Енді менің бұл ойыммен біреулер келіспеуі мүмкін. Бірақ қазіргі ғаламтор дамыған заманда біздің көрермендеріміз көп нәрсені біледі, көптеген жерлерге барады. Сол себепті де тек қана өзіңнің бір болмысыңмен таңғалдыру қиынырақ деп ойлаймын. Сондықтан біз жан-жақты болған сайын көрерменге қызығырақ боламыз. Бір сөзбен айтқанда, өз ісінің маманы болу керек қой. Оның ішінде сахна тілі, сөздері, тілі тап-таза болып сахнада көрермен естігенде да рахаттанып отырып тыңдайтындай болу керек. Тұла бойы физикалық тұрғыда барлық жағынан жоғары деңгейде болу керек. Актер де бірде-бір минус болмау керек деп ойлаймын. Өйткені көрермен отырғанда «Әй, әттең мынандай болғанда жақсы болар еді», – деген сөз туындамауы қажет. Сол себепті де мінсіз болуға тырысу керек. Оның тек бір-ақ жолы бар – еңбек, еңбек және тәртіп.
– Актер болмасаңыз басқа қандай мамандықты таңдар едіңіз?
– Актер болмасам, әнші болар едім. Бәрібірде сол өнердің айналасында жүретін едім.
– Қандай арман-мақсаттарыңыз бар?
– Арман-мақсаттарым өте көп. Алла бұйырса, орындалып жатырса бөлісетін боламын.
– Актер болуды армандап жүрген жастарға қандай-ақыл кеңес бересіз?
– Актер болуды армандап жүрген жастарға айтарым, ең алдымен бұл сала нақты сізге керек пе, керек емес пе соны анықтап алу қажет. Мүмкін сіз киноға түсіп жүрген актер/актрисаларға қызығып жүрген боларсыз. Ал нағыз театр актері болғысы келетін жастарға айтарым, театрларға көбірек барып, қойылымдарды тамашалау керек. Әрбір актердің қалай жұмыс жасап жатырғанын аңғару қажет. Ол кісілердегі актерлік қабілетін бойыңа сіңіріп, өз-өзіңді тәрбиелеу керек. Сондай-ақ үнемі даму үстінде, ізденіс үстінде жүрген абзал. Осылайша, нағыз кәсіби актер болуға талпынасыз.
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Перизат САПАРОВА,
Jastar janary