Басты бет » Жаңалықтар » Атырауда республикалық жұмысшы жастар форумы басталды

Атырауда республикалық жұмысшы жастар форумы басталды

Форумға еліміздің 15 облысынан 200-ден астам жас қатысты. Олардың қатарында жұмысшы мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттер, кәсіпорындар қызметкерлері, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері бар, деп хабарлайды Jastar janary Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Форумның салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімі Серік Шәпкенов пен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Біржан Әлімжанов қатысушыларға сәттілік тіледі.

Өз кезегінде Серік Шәпкенов форумның кәсіби даму алаңы ғана емес, жаңа идеялар мен үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын бірегей платформа екенін атап өтті.

– Құрметті жастар! Сіздер – еліміздің нақты тірегі, экономикамыздың қозғаушы күші, ел ертеңінің иесі саналатын еңбек майданының жас сарбазысыздар. Мемлекет басшысының 2025 жылды Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялауы – қоғамда еңбекқорлық пен кәсіби шеберлікті ұлықтауға бағытталған тарихи шешім. Атырау облысы – Қазақстанның ең ірі индустриялық-өндірістік аймақтарының бірі. Өлкемізде әлемдік деңгейдегі өндіріс орындарының қатысуымен еліміздің мұнай-газ саласындағы іріжобалар  жүзеге асырылып жатыр. Өндіріс ошақтарын іске қосатын да, экономиканың нақты секторын алға сүйрейтін де – жұмысшы мамандардың қажырлы еңбегі мен кәсіби шеберлігі. Сондықтан бүгінгі форум осы бағыттағы мақсат-мүдделерді жүзеге асыру жолындағы маңызды алаң боларына сенімдімін, – деді С.Шәпкенов.

 

Шара жастар арасында жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, кәсіби бағдар беруді жандандыру және техникалық-кәсіптік білім беруді қолдау арқылы елдің еңбек ресурстарын дамыту мақсатында ұйымдастырылды.

Мұнда «Қазақстанның еңбек нарығы және жұмысшы мамандықтарының келешегі» атты пленарлық отырысы мен TEDx форматында «Isker talks» конференциясы өтті. Кейін қатысушылар үш блокқа бөлініп, оларға оқыту курстары мен тренингтер ұйымдастырылды.

Жұмысшы жастарға ҚР Парламентінің депутаттары, салалық министрліктер, ірі компаниялар мен жастар ұйымдарының өкілдері спикер ретінде шақырылды. Форум аясында қатысушылар жаңадан ашылған «Atyrau faces» жұмысшы мамандықтардың фотокөрмесін тамашалады.

Екі күндік форумда жұмысшы жастар аллеясы ашылады. Сондай-ақ ең үздік жоба ұсынған алты адамға жалпы соммасы 3 млн теңгелік мини-гранттар табысталады.

Анықтама үшін: Атырау облысындағы 24 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының 18-і жұмысшы мамандықтарын даярлайды. Жастарға кәсіби мамандық алуға 3600-ден астам мемлекеттік грант бөлінді.

Фотосуреттер: Атырау облысы әкімдігінің ресми сайтынан алынды