Сурет: Almaty-akshamy.kz.
Алматының Көк базарында филиппиндік блогерге ағылшын тілінде еркін сөйлеп, кәдесый сатқан баланың видеосы желіні жарды. Аз ғана уақыт ішінде 3 миллионға жуық қаралым жинаған видеодағы бала – Нұржол Сатыбалды. Аqshamnews.kz тілшісі желі жұлдызына айналған баланы тауып, тілдесіп қайтты.
Сурет: Almaty-akshamy.kz.
Нұржолдың желіде жарқ ету жолы
Нұржол – Талғар ауданы, Бесағаш ауылындағы №45 мектеп-гимназиясының 8-сынып оқушысы. 14 жастағы жеткіншек сабақтан тыс уақытта ата-анасының сауда кәсібіне көмектесіп тұрады. Вирусқа айналған видеодан кейін Нұржолдың әлеуметтік желідегі оқырмандары көбейіп, көрген жұрт жылы лебізін жаудырған.
Ол ағылшын тілін тәжірибеде жиі қолданатынын, базарға шетелдік туристердің жиі келіп тұратынын айтты.
«Желіде танымал болған видео өткен аптаның демалыс күндерінің бірінде түсірілген болатын. Ол туристің блогер екенін білмедім. Қолындағы камерасын байқадым, бірақ желіге салған соң жұрт осындай реакция білдіреді деп ойламадым. Әдетте, Көк базарға туристер жиі келеді. Олармен осылай ағылшынша тілдесіп сауда жасай беремін. Мен үшін қалыпты жағдай болып кеткен. Жалпы шетелге шыққанда, күнделікті өмірде ағылшын тілінің керек екенін түсіндім. Солайша курстарға жазылып, мектепте де ағылшын тілін қызығып оқи бастадым. Қатты білемін деп айта алмаймын, бірақ осылай күнде тәжірибеде пайдаланып тұрамын», – дейді Нұржол.
Сурет: Almaty-akshamy.kz.
«Қазақтың бір сөзін болсын үйреніп кетсе екен дедім»
Нұржол видео соңында туристке «рақмет» сөзін үйретуін де түсіндіре кетті.
«Өзге тіл тірлік үшін, өз тілің бірлік үшін» деген сөз бар ғой. Сол секілді менің бұл видеодағы туристке қазақша алғыс айтуды үйреткенім – қазақтың бір сөзін болсын біліп жүрсе екен дедім. Меніңше нағыз патриот болу, ұлтыңды сүю осындай кішігірім дүниелерден басталады», – дейді ол.
Сурет: Almaty-akshamy.kz.
«Болашақта әуежай қызметкері болғым келеді»
Нұржол қазір өз ауылындағы футбол клубының қақпашысы. Аяқ добын хобби еткен жасөспірім келешекте әуежайда жұмыс істегісі келетінін айтты.
«Хоббиім – футбол ойнау. Өз ауылымдағы «Сұңқар» футбол клубының қақпашысымын. Жиі жарыстарға шығып, жүлдегер болып тұрамыз. Бірақ болашақта әпкем секілді әуежай қызметкері болғым келеді. Шетелдерге жиі шығып, танымымды арттырып, әлемді аралағым келеді», – дейді Нұржол.
Посмотреть эту публикацию в Instagram