Басты бет » Жаңалықтар » Оралда ÓzgeEpic креатив хабы ашылды

Оралда ÓzgeEpic креатив хабы ашылды

Кеше Орал қаласында еліміздегі креативті индустрияны дамыту жолындағы маңызды қадам – ÓzgeEpic креатив хабының ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
ÓzgeEpic – заманауи өнер, мәдени тенденциялар, цифрлық шығармашылық пен жаңа технологияларды тоғыстыратын бірегей кеңістік. Хабтың басты мақсаты – осы бағытта инновациялық жобаларды жүзеге асырып, жастардың тың бастамаларына жол ашу.
2019 жылы Алматыда негізі қаланған жоба кейін Түркістан мен Астана қалаларында өз жалғасын тауып, табысты тәжірибеден кейін енді Оралда да өз есігін айқара ашты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Дарынды азаматтарды тартатын орталықтар – креатив индустрия хабтары еліміздің барлық өңірлік орталықтарында болуы тиіс» деген нақты тапсырмасы бар. Осы бағытта Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің бастамасымен, «Самұрық-Қазына» қорының қолдауы және «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясының әлеуметтік инвестициясы аясында ÓzgeEpic Oral креатив хабы ашылып отыр.
«Креативті индустрияны дамыту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі, бұл сала Мемлекет басшысының назарында. ÓzgeEpic Oral орталығы жас таланттар үшін жаңа мүмкіндіктер алаңына, шабыт ұясына айналады деп сенеміз», – деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
ÓzgeEpic Oral хабының ашылуы өңірдің мәдени және зияткерлік әлеуетін арттырып, өнер мен технологияны ұштастыратын жаңа кеңістікке айналмақ.
Облыс басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында да осы айтулы оқиға туралы:
«Бүгін Президент жүктеген міндеттер аясында Батыс Қазақстан облысында алғашқы ÓzgeEpic креатив хабының салтанатты түрде ашылуына куә болдық. Бұл – біздің өңір үшін ғана емес, жалпы еліміздегі креативті индустрияны өрістетудегі маңызды әрі жарқын жаңалық.
Заманауи өнер мен мәдени тенденцияларды, цифрлық шығармашылық пен жаңа технологияларды тоғыстырған бұл хаб – жастардың тың идеяларын жүзеге асыратын, инновациялық жобаларға жол ашатын бірегей кеңістік. Мұнда тек өнер мен технология емес, болашақтың бейнесі сомдалмақ, – деп жазды.
ÓzgeEpic Oral хабы – мәдени және интеллектуалдық әлеуетімізді дамытуға серпін беретін, креатив пен жаңашылдықтың түйіскен тұсы. Жаңа кеңістікте мәдениет пен технология саласындағы түрлі бағыттар бір шаңырақ астында тоғысады.
Креатив хабтың кең көлемді экожүйесі – концерттік алаң, театр, кинозал, кітапхана мен асханадан бастап, галерея, дәрісханалар, коворкинг кеңістіктеріне дейінгі мүмкіндіктерді қамтиды. Сонымен қатар фото, подкаст және дыбыс жазу студиялары, медиа цехтар, түсірілім алаңдары секілді инфрақұрылым – жастардың шығармашылығына кең өріс ашады.
Айта кетерлігі, бұл хаб аясында аймақ үшін алғаш рет кәсіби анимациялық студия өз жұмысын бастамақ. Мұнда болашақ мультипликаторлар даярланып, өңірдегі анимация саласының іргетасы қаланады.
Осы орайда, креативті хабтың ашылуына қолдау көрсеткен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Жақыпов Нұрлан Қаршығаұлына, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясының өкілдеріне және жоба жетекшілері ÓzgeEpic негізін қалаушылар Мақпал Жұмабай мен Тоғжан Құрманжанқызына ризашылығымды білдіремін.
ÓzgeEpic Oral – тек жаңа нысанның ашылуы ғана емес, бұл – Оралдың креативті келешегіне жасалған нақты қадам.
Фотосуреттер: Өңірлік коммуникациялар қызметінің Фейсбук парақшасынан