Айтыскер ақын Балғынбек Имашевтың ұлына қатысты тараған шуда тың дерек шықты, деп хабарлайды Jastar janary BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Коллаж: bairaqmedia.kz
Ақынның ұлы Данияр Имашев атқарушы директор болып қызмет ететін «Qazaq travel» компаниясының үстінен арыз түскен.
Болған оқиғаға қатысты Балғынбек Имашев редакциямыздың сауалына жауап берді.
– Кеше бірден Алматыға жеттім. Жағдайға қанықтым. Біз бүгін арыз жазған адамдардың барлығына сомаларды қайтарып бастадық. Арыз жазған 43 адамдыкін қайтарамыз деп едік, олардың саны көбейіп кетті. Біреуі төрт адамға, біреуі екі адамға төлеген дегендей… 60-тан астам адамның ақшасын қайтарып бердік. Әлеуметтік желіде осындай ақпарат шыққаннан кейін алдағы уақытта ұшатын адамдардың арасында да «ақшамызды қайтарып беріңіздер» дегендер бар. Олардың ақшасын белгілі бір мерзімде компания өзі қайтара береді, – деп ағынан жарылды айтыскер ақын.
Айтуынша, ақынның бұл компанияға тікелей қатысы жоқ.
– Менің бұл компанияға қатысым жоқ қой. Қазір қаражатты қайтару керек деген мәселемен келдім. Мәселені бір блогер көтеріп, адамдарды жинаған. Жиналып, арыз жазған. Компания адамдардың әрқайсысымен жеке-жеке келісімшартқа отырып, ақшаны қай кезде қайтаратындарын келіседі. Даниярдың (айтыскердің ұлы – ред.) ол жерге директор болып келгеніне екі-үш-ақ ай болды. Мен өзім де Рамазанда жеке өзім умраға барып келгенмін. Сол кезде де адамдардың ұша алмай қалған жағдай орын алып, 180 адам далада қалды. Қажылар сол уақытта әртүрлі қалалар арқылы билет алып ұшып жатты. Сол сияқты бұл оқиғаға да түрлі себеп болуы мүмкін. Мен бұл жерде кінәлілерді анықтауға емес, мәселені шешуге келдім. Біз бәрінен келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, алдарынан өтіп, ақшаларын қайтарып беріп жатырмыз, – деді Балғынбек Имашев.
Сонымен қатар ол туристік компанияның құрылтайшыларын танимын деп отыр.
– Мен компанияның құрылтайшыларын танимын. Жаман ниеттегі адамдар емес. Адам болғасын бір қиындыққа ұшырап қалған шығар. Сондай бір қиын сәтте келіп көмектесіп, қажылыққа ұша алмай қалған адамдардың ақшасын қайтарудамыз. Әлеуметтік желі болғасын, «түймедейді түйедей» етіп, шулата береді. Бұл да басымызға түсіп жатқан сынақ шығар. Ешкім ешқайда қашпайды. Елді алдап, тонап Арыз жазып, қайтар деген ақшаны қайтармай қойса, сол кезде айтуға болады. Бұл жерде ешкім ақшаны қайтар демеген, қажылыққа ұша алмай қалғаны үшін шу шықты. Шотта тұрған ақша, бәлкім ақша ұшаққа, ана жақтағы қонақүйлерге төленген болар, – деді ақын.