Басты бет » Жаңалықтар » Алматыда туристердің саны рекордтық деңгейге жетті

Алматыда туристердің саны рекордтық деңгейге жетті

2024 жылы Алматыда туризм саласына салынған инвестиция 110,9 млрд теңгеге жетті. Барлығы 35 жаңа орналастыру нысаны ашылды (20 қонақ үй, 4 глэмпинг, 8 хостел және 3 қонақ жай), бұл 836 бөлменің қосылуына мүмкіндік берді. Бұл туралы Алматы әкімдігінің ресми арнасы хабарлады.

Саланың салық түсімі екі есеге жуық өсіп, 90,7 млрд теңге болды. 100 км тау бағыты көркейтіліп, 450 инфрақұрылым нысаны мен 13 кемпинг аймағы орнатылды.

«Көктөбе» саябағында жаңа «Денсаулық соқпағы» ашылса, «Медеу» мұз айдыны маңында бақылау алаңдары, дүрбілер мен камералар орнатылды. Горельник визит-орталығына апаратын «Жұмбақ жол» маршруты іске қосылды.

2025 жылы тағы 10 маршрут пен 3 кемпинг аймағын ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «Целинный» заманауи мәдениет орталығы мен Almaty Museum of Arts ашылады.

2024 жылы қалаға 2,34 млн турист келген, оның 686 мыңы шетелдік, бұл рекордтық көрсеткіш. Көбіне туристер Ресей, Үндістан, Қытай, АҚШ және Түркиядан келген.