Президент Ғылым күні қарсаңында ғалымдармен кездесіп, кәсіби мерекесімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның әр саласында табысты еңбек етіп, мемлекетімізді өркендетуге атсалысып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді.
– Ғылым жолы – күрделі жол. Өз ісіне адал, табанды, еңбекқор, жаңашыл әрі жасампаз адамдар ғана ғылым жолындағы қиындыққа төзе алады. Біз шын мәнінде озық ойлы ұлт боламыз десек, қоғамда осы қасиеттерді дәріптеп, орнықтыруымыз қажет. Ұлы Абай да өз заманында «Ғылым таппай мақтанба» деп өсиет қалдырды. Қазір технология қарқынды дамыған кезеңде біз үздіксіз ізденіске, терең білім мен ғылымға ерекше мән беруіміз керек. Мен Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай кезінде арнайы осы мәселеге тоқталдым. Бұл ретте, ғылыми қауымдастыққа айрықша жауапкершілік жүктеледі. Өйткені ғалым – ұлттың шамшырағы, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Жарлығымен бір топ ғалым мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым күні қарсаңында бір топ ғалымды елеулі жетістіктері үшін мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
Атап айтқанда, 4 ғалым «Парасат», 15 адам «Құрмет» орденіне ие болды.
Бұдан бөлек, 6 маманға «Ерен еңбегі үшін» медалі берілсе, тағы 2 ғалымға «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» құрметті атағы табыс етілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғылымның алдында тұрған бірқатар маңызды міндетке назар аударды.
– Стратегиялық міндеттердің бірі – ядролық ғылым мен технологияны дамыту. Бұл салада Қазақстанның әлеуеті зор. Алматыдағы Ядролық физика институты мен Курчатовтағы Ұлттық ядролық орталық сияқты алдыңғы қатарлы ғылыми мекемелер іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізіп, мамандар даярлап келеді. Атом энергиясын өндіру – тұрақты энергия көзі ғана емес, экономика мен ғылымның жаңа бағыттарын дамытудың негізгі кілті. Бұл ретте ядролық медицина, сутегі энергиясы, суды тұшыту, синтетикалық отын өндіру, шағын модульді реакторлар және тағы басқалары туралы сөз болып отыр. Осы бағытта зор табысқа жету үшін зерттеу инфрақұрылымын нығайту, ғылыми жұмысты күшейту, инженерлік білім беруді жаңғырту қажет. Президент жанындағы Ғылым және техника жөніндегі ұлттық кеңестің алдағы отырысында атом энергетикасын дамыту күн тәртібіндегі басты мәселе болуға тиіс. Сондай-ақ мен Ұлттық құрылтайда ғылым қалашықтарын құру мәселесін көтердім. Ұлттық кеңес осы жұмысқа айрықша назар аударуы қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысы әлемде жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды және Қазақстанның аталған салада алдыңғы қатардан көрінуіне толық мүмкіндігі бар деп санайды.
– Адам капиталы – еліміздің бұл бағытта атқаратын жұмысының басты кепілі. Яғни талантты және білімді азаматтарға арқа сүйейміз. Сондықтан ІТ мамандарын даярлауды күшейтіп, оқушылар мен студенттерге жасанды интеллект дағдыларын үйретеміз. Отандық ғылымда мұндай келешегі зор бағыттар көп. Жалпы, ғылымның жүйелі дамуы үшін мемлекет пен бизнес, университеттер мен ғылыми орталықтар күш біріктіруі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, университеттер тың зерттеулер мен жаңалықтардың бастауында тұруға тиіс. Еліміздегі білім мекемелері ғылымнан гөрі маман даярлау ісіне көбірек басымдық береді. Бұл оқу орындарының тікелей міндеті болғанымен, білім мен ғылымды қатар алып жүру керек.
– Қазақстанда зерттеу университеті деген мәртебеге лайық 10 оқу ордасы бар. Ғылымды дамыту үшін бұл жеткіліксіз. Осы жұмысты күшейтуіміз керек. Сондай-ақ ғылым елге нақты пайдасын тигізуге тиіс. Бұл бағытта біршама жетістігіміз бар. Қолданбалы зерттеулермен айналысатын ғылыми ұйымдардың кірісі соңғы бес жылда 40 миллиард теңгеден асты. Қазынаға 10 миллиард теңгеден астам салық түсті. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш ұлғая бермек. Ғылым саласына 14,5 миллиард теңге жеке инвестиция тартылды. Екі мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Осылайша, ғалымдарымыз экономиканы өркендетуге атсалысып жатыр. Оқу орындары кәсіпорындармен тығыз байланыс орната бастады. Мысал ретінде Satbayev University зерттеушілерінің жұмысын атап өтуге болады. Университет ғалымдары селен элементін жоғары дәрежеде тазартатын жаңа технология ойлап тапты. Соның нәтижесінде бір келі селеннің құны 15 есе артып, оны өндіретін компанияға 1,2 миллиард теңге қосымша пайда әкелді, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жас академик Сұраған Дүрбітханның еңбегін ерекше атап өтті. Оның математикалық физика саласындағы ғылыми зерттеулері криптография және мәліметтерді қорғау жүйесінде сәтті қолданылып жатыр. Президент цифрландыру дәуірінде мұны өте маңызды жетістік ретінде бағалап, бұл қазақ ғылымының әлеуеті жоғары екенін көрсеткенін айтты.