Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген қызғалдақты терген әйел 12 миллион теңгеге жуық айыппұл төлеуі мүмкін екені мәлімделді.
Сурет: azh.kz
Бейнежазбадағы көріністен әйел адам қызғалдақ гүлдерін жұлып, көлігіне салып жатқаны көруге болады. Заңды бұзған азаматша Шымкент қаласының тұрғыны екені анықталды. Ол дала гүлдерін Ордабасы ауданы Ұялыжар ауылы маңындағы алқапта жинаған. Аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл бойынша, 3 жылға дейін шартты түрде сотталуы немесе 3000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 11 796 000 теңге айыппұл арқалауы мүмкін.
«Түркістан облысында полиция қызметкерлері Ордабасы ауданы Ұялыжар ауылдық округіндегі алқапта Қызыл кітапқа енген қызғалдақтарды жұлған Шымкент қаласының тұрғынын анықтады. Осы оқиға бойынша қылмыстық кодекстің 339-бабы (Өсiмдiктердің сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ жұлуға тыйым салынған түрлерін жою) бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп мәлімдеді Түркістан облысының полиция департаментінің хабарламасында.