Астанадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік филармонияда XI аймақтық Дельфий ойындары өтті, деп хабарлайды Jasrat janary Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Онда «Жас сарбаз» балалар шығармашылық студиясының би тобы «Халық биі» (10-13 жас санаты) номинациясында бірінші орынды иеленді. Шығармашылық сайысқа елорданың 15 би ұжымы қатысты.
— Біз жақында ғана Ташкенттен оралдық. Онда I Love tо danсе халықаралық байқауында бишілеріміз Гран-при мен «Үздік халық биі» номинациясында бірінші орынды жеңіп алды. Бұл жеңістердің бәрі тәрбиеленушілердің шығармашылық тұрғыда жетілуіне деген ұмтылысын арттырады, –деді «Жас сарбаз» балалар студиясының көркемдік жетекшісі 3-сыныпты сержант Альмира Асылбекова.
Енді үш би ұжымы, оның ішінде «Жас сарбаз» студиясының тәрбиеленушілері алдағы маусым айында Қарағандыда өтетін Ұлттық дельфий ойындарында Астананың намысын қорғайды.