Белгілі ұстаз, «QAZBILIM GROUP» компаниясының басқарма төрағасы Аятжан Ахметжанұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жасанды интеллект тақырыбында тың пікір жазды.
«Кеше елестете алмайтын біраз дүниенің бүгінде әдеттегі іс болғаны көп нәрсеге басқа қырынан қарауға итермелеп жатыр. Кеше саған бір нәрсе өлең жазып береді, эссе жазып, үй тапсырмасын орындап береді. Есептеріңді шығарып, жаттығуларыңды жасап береді десе, ертегі еді. Ал бүгін ол шындық.
Бүгінде жасанды интеллект өте қарқынды дамып кетті. АҚШ пен Қытай түр-түрін жасаудан жарысып жатыр. Ал біз солардың жасағанын қолдану үшін үйреніп үлгермей жатырмыз.
Кез келген дүниенің екі жағы, теңгенің екі беті бар. Сол жасанды интеллект білім беру процесінде біраз сұрақ туындатып жатыр.
• Оқушыға үйге тапсырма бересің, ол ChatGPT-ге істетіп алып келеді.
• Оқушыға шығарма жаз дейсің, ол ChatGPT-ге жаздырып алып келеді.
• Оқушыға есеп шығар дейсің, ал, оқушы оны ChatGPT-ге шығарта салады.
• Тіпті оқушылар ТЖБ мен БЖБ ны ChatGPT-ге істететін боп жатыр деп жылап жатыр?
Не істемек керек? Бұл балалардың білім алуына үлкен сұрақ тудырады. Балалар ойланғанды қояды, ойланудан ерінеді, есесіне ренжімей, ашуланбай көмектесе салатын ЖИ бар. Есебін істеп береді, тестін шешіп береді, сұрағына жауап береді, шығармасын жазып береді. Ал оқушының жасанды интеллектке істетіп отырғанын дәлелдеу қияметтің қияметі. Керісінше, дәл сол оқушының істеп алатын жолдарын мұғалім білмеуі мүмкін. Себебі ондай дүниеге мұғалімнен оқушы жүйрік.
Қалай ойлайсыздар, бұл балалардың сапалы білім алуына кедергі емес пе?
Балалар мүлде ойланғанды қоюы мүмкін ғой.
Егер олай болса біз жұрттың жетелеуіндегі, жұрт өнімін тұтынушыға айналамыз ғой. НЕ ІСТЕМЕК КЕРЕК?
Көп болды, осы сұраққа көп ойландым. Өзге елдер не істеп жатыр деп біраз іздендім. Бұл мәселені өзекті деп біраз елдің білім саласы дабыл қағып жатыр.
Қазірге мен көрген екі шешім:
1. Телефонды мектепте бір тұтас шектеу. Біраз ел осы қадамға барған. Бұл дұрыс деп ойлаймын. Біз де QAZBILIM ұлттық лицейлерінде телефонды бір тұтас жинап алуды іске асырғалы үш айдан асты. Көп бағытта нәтиже жақсы. Ата-аналардың сауалнамасы да оң өзгерісті байқаған. Бірақ, бұл да кейбір түйіндерді шешпейді. Бір тұтас шектеп тастау да мүмкін емес.
2. Жасанды интеллектіні оқыту, ресми оқу бағдарламасына кіргізу. Біраз, елдер оқу курсында, таңдау курсына кіргізген. Бұл кезек күттірмес дүние деп ойлаймын.
Өткенде осы мәселені қатты ойланып отырып, бірден есіме жақында ғана жасанды интеллект әліппесі деп кітап жазып, тұсауын кескен Мейіржан Әуелханұлына хабарластым.
Балаларға пән ретінде енгізу мәселесіне, ұстаздарға үйрету мәселесінде бірігіп жұмыс істеуге шақырдым. Алда бірлесе жұмыс істейміз деп ниеттеніп отырмын.
Айтпақшы, қазір әр түрлі бағыттағы тест құрастыру, есеп құрастыру бағытында да жұмыстар істеуді қарастырып жатырмыз. Өткенде бір компаниялардың біраз тәжірибесін зерттеп көрдік. Нәтижелі болатын секілді зерттеуге қарағанда…
Ал, біздің білім беру жүйесі де бұл мәселені тереңнен ойлағаны дұрыс. Оқушылардың білім алуына кері әсерін беретін жақтарын шешудің жолын іздеу өте маңызды. Себебі, адамды құртатын ой емес, ойсыздық дей ме…
Бәрін ChatGPT істеп берсе, ойлануды қоятын ұрпақ шығатын секілді…
Сіз қалай ойлайсыз?» – деп жазды Аятжан Ахметжанұлы.