Басты бет » Жаңалықтар » «ҚАЗАҒЫМНЫҢ ДӘСТҮРЛЕРІ-АЙ!» САЙЫСЫ: ДӘСТҮР – ҰЛТТЫҢ ДІҢГЕГІ

«ҚАЗАҒЫМНЫҢ ДӘСТҮРЛЕРІ-АЙ!» САЙЫСЫ: ДӘСТҮР – ҰЛТТЫҢ ДІҢГЕГІ

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамының онкүндігі аясында «ШАҢЫРАҚ» күніне орай елордалық жас отбасылар арасында өткен «ҚАЗАҒЫМНЫҢ ДӘСТҮРЛЕРІ-АЙ!» қалалық ұлттық-этнографиялық сайысы өтті, деп жазады Jastar janary.

Шараны Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Тәрбиелік мән-маңызы зор іс-шараның басты мақсаты – қазақ хaлқының сaлт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптaрын заманға сай жаңғырту, жастар арaсында насихaттау, отбасы институтының мәртебесін көтеру, іргесін нығайту, дәстүрлі отбaсылық құндылықтaрды жастар арасында дәріптеу, жас отбасылардың қоғaмдық белсенділігін aрттыру.

Ұлттық дәстүріміз дәріптелген тағылымды іс-шара қазақтың қастерлі дәстүрі – «Тұсау кесу» рәсімін өткізуден басталды. Кішкентай Алпамыс батырдың тұсауын Астана қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Зиябекұлы кесіп, балапанның болашағына ақ жол тіледі.

 

Сайысқа драматург, кино және театр актері, диктор Сағаділдә Үсібәлі, Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан, «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, кәсіпкер Нұркен Асанов, «Аудитор Әділдік» ЖШС компаниясының директоры Қасым Тасболатұлы, Астана қаласы әкімдігі «Руханият» ММ баспасөз қызметінің жетекшісі Айжан Мұсабаева, «Қара шаңырақ» ҚБ директоры Тұрар Шәкен қазылық етті.

«Наурызнаманың он күндігінің ішінде кеше «Шаңырақ» өтсе, бүгін Салт-дәстүр мен мәдениет күніне орай сайысымыз өтіп отыр. Үнемі отбасы күні қарсаңында күзге қарай өтетін еді, бірақ биыл Наурызнаманың ішіне кірді. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Әрқашанда құндылықты бірге дәріптеп жүре берейік. Шаңырағында отбасы құндылығы сақталған отбасылардың ұрпағы мықты болады», – деді Тұрар Сәттарқызы.

Төрт кезеңнен тұрған сайысқа 15-ке жуық жас отбасыдан өтінім түсіп, байқау шартына сәйкес 8 отбасы іріктеліп алынды. Тағылымы мол іс-шарада жас отбасылар қазақтың бай салт-дәстүрін дәріптеп, ұлттық қолөнер бұйымдарымызды насихаттап, ұмыт болған ұлттық тағамдарымызды көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді.

Сайысқа қатысушы жас отбасылардың отағалары қазақ қолөнеріндегі ер азаматтарға тән бұйымдарды дайындап әкелсе, отбасы келіндері ұмыт бола бастаған ұлттық дәмдерден ас әзірлеген. Сахнада өнерлерін ортаға салып, домбыра тартып, ән салып, көпшілікті тәнті етті. Осылайша, салт-дәстүрді сақтай отырып, заманауи түрде шығармашылық дарындарын көрермендер алдында паш етті.

 

Әділқазылар алқасының шешімімен Бас жүлдені Сәдуақасовтар отбасы, бірінші орынды Ұлықпанұлы отбасы еншілесе, екінші орынды Ахетовтер отбасы, үшінші орынды Зияхановтар отбасы иеленді. Ал Нұғмановтар отбасы «Өнерлі отбасы», Шаяхметовтер отбасы «Дәсүрге берік», Сұлтановтар отбасы «Өнегелі отбасы», Ғабдышевтер отбасы «Көрермен көзайымы» аталымдарымен марапатталды.

Осы орайда қатысушы отбасылардан сайыс туралы пікірлерін сұрап білген едік.

Раушан МАКАРОВА, Нұғмановтар отбасының келіні:

– «Қазағымның дәстүрлері-ай» атты ұлттық құндылықтарды насихаттайтын байқау бізге ұнады, жоғары деңгейде өтті. Қазағымыздың ұмыт бола бастаған ескі салт-дәстүрлерін еске түсірді. Осындай байқаулар жиі ұйымдастырылып тұрса дейміз. Бұл сайыс болашақ жастарымызға қазақтың дәстүрлерін насихаттауға үлкен өнеге деп білемін. Себебі өсіп келе жатырған ұл-қызымызға ата дәстүрімізді үйретіп, түсініктерін қалыптастыруға көп мүміндік береді. Біз үшін байқаудың әр кезеңдері қызықты әрі жеңіл болды. Отбасы мүшелерімізбен бұндай сахнаға алғаш рет шығуымыз, байқауға шын көңілмен әрі үлкен қызығушылықпен дайындалдық.

Маржан НУРДИЛЛАЕВА, Зияхановтар отбасының келіні:

– Байқау өте қатты ұнады. Жас отбасыларға қазақтың салт-дәстүрін тереңінен танытып, отбасылық құндылықтардың маңыздылығы жайлы көптеген мәліметтерді берді. Барлық кезеңі жақсы болды. Қиын кезеңі болған жоқ деп ойлаймын. Дегенмен де үлкен сахнаға шығуға қорқыныш болды. Байқаудан өте күшті әсер алдым. Қазақ тілге, cөзге бай, шешен халық екенін тағы бір мәрте ұғындық. Салт-дәстүрді сақтап, жас отбасыларға отбасы құндылығын сақтауға бағытталған байқаудың берген өнегесі мол болды.