Басты бет » Жаңалықтар » Астанада «Жас сарбаз» ұйымының үздік тәрбиеленушілері анықталады

Астанада «Жас сарбаз» ұйымының үздік тәрбиеленушілері анықталады

Астанада «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтарының қатысуымен полигондық жиын салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жиын Астанадағы №68665 әскери бөлімінің базасында басталды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері, Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің, Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшылығы, сондай-ақ әскери бөлім командирлері мен «Жас сарбаз» қозғалысының өкілдері қатысты.

Іріктеу бірнеше күнге жалғасады. Нәтижесінде, Астананың атынан Ақтөбе қаласында өтетін XI Халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысатын өкілдер таңдалып алынады.

«Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай, Ақтөбе облысында XI Халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өтеді. Байқау нәтижесінде Астананың атынан қатысатын ең үздік 4 команда анықталады. Бүгін бастау алған «Жас сарбаз – Жеңіс рухының жалғасы» жобасы аясында үш күндік әскери-патриоттық полигондық жиын өтеді. Жастар белтемірге тартылу, автомат жинау, арқан тарту, сондай-ақ «Смарт сарбаз» зияткерлік ойындары секілді сайыстарда бақ сынайды. 150 қатысушының ішінен 75 үздігін іріктеп аламыз», – деді «Жас сарбаз» әскери-патриоттық жастар қозғалысының елордалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек.

Іс-шара барысында ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, генерал-майор Марат Нағыманов, Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев және республикалық «Жас сарбаз» қозғалысының төрағасы Мейірбек Мендіғалиев қатысушыларға ақжол тілеп, сөз сөйледі.

 

Ресми бөлім концерттік бағдарламамен жалғасты. Жиналғандарға ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әншілері мен оркестрі, қазақ эстрадасының жұлдызы Ибрагим Ескендір, Құрметті қарауыл ротасы және «Жас сарбаз» студиясының әртістері өнер көрсетті.

Іс-шара соңында қатысушылар әскери техниканың көрмесін тамашалап, әскери бөліммен танысу экскурсиясына қатысты.