Басты бет » Жаңалықтар » Виктимблейминг немесе жығылғанға жұдырық болу тоқтай ма?

Виктимблейминг немесе жығылғанға жұдырық болу тоқтай ма?

«Өзі кінәлі», «жылайтыны бар, түнде не істеп жүр», «ақша беріп, алданған өзі» деген сияқты кінәлауларды қаншалықты жиі естиміз? Өкінішке қарай, қандай да бір жағдай орын алғанда құрбанды кінәлау пікірлерін өте жиі кездестіретін болдық.

Фото: gsdinternational.com

Кез келген ыңғайсыз оқиға яки қылмыстық іс болса қылмыскерді емес, жәбірленушіні кінәлау қай жағынан алсақ та орынсыз. Бұл – мәдениет түрі қоғамда аз кездеспесе де, көбіне елеусіз қалатын құбылыс. Виктимблейминг әсіресе, зорлық-зомбылық, қудалау немесе алаяқтық құрбандарына бағытталып, олардың өз басынан өткен жағдайға өзі кінәлі деп санауды білдіреді. Қоғамдағы теңсіздік, әділетсіздікпен қатар,адамдардың өз бастарында ондай оқиға болмайды деген сеніміділігінен осындай құбылыс орын алады. Сонымен қатар кей БАҚ құралдары құрбандардың әрекетіне баса назар аударып, ал қылмыскерлердің жауапкершілігін екінші орынға қояды. Осыдан кеп әлеуметтік желілерде құрбандарды айыптайтын пікірлер есепсіз жазыла береді.

 Виктимблеймингтің негізгі сипаттамаларын былай түсіндіруге болады:

  1. Құрбанның әрекетіне фокус жасау: мысалы, зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамның киімі немесе әрекеті кінә ретінде қарастырылады.
  2. Әлеуметтік стереотиптер: гендерлік, этникалық немесе әлеуметтік топтарға негізделген қате пікірлер.
  3. Моральдық жауапкершілікті аудару: агрессордың әрекетіне қарағанда құрбанның мінез-құлқы талқыланады. Мысалдармен айтсақ:

Сексуалдық зорлық-зомбылық жағдайында:

  • «Қысқа белдемше киген өзі кінәлі».
  • «Неге түнде жалғыз жүрді?»
  1. Отбасылық зорлық-зомбылық жағдайында:
  • «Неге бұрын кетіп қалмады?»
  • «Өзі бірдеңе деген шығар, шыдамай ма?».
  1. Алаяқтық және ұрлық жағдайында:
  • «Неге бөтен адамға сенді?»
  • «Есігін неге ашық қалдырды?»

Білікті халықаралық заңгер, феминист Әйгерім Құсайынқызы виктимблэймингтің көп қырлы мәселе екенін айта келе, әсіресе әйелдерге қатысты жағына тоқталып өткен еді.

«Әлеуметтік психологияда, криминологияда виктимология деген ғылым саласы бар. Сол ғылым саласында 70-80 жылдардан бастап кең ауқымды қолданыста болды. Бұл терминнің біздің қоғамда жиі айтылуының себебі сексуалды зорлық-зомбылықта оған әйелдің өзін кінәлайды. Бізде «әйел кінәлі» дегенді көтеретіндер – еркекті ақтағысы келетін азаматтар. Себебі әйел физиологиялық тұрғыда әлсіз. Еркектің өзінен әлсіз адамға күш көрсетуін, ұрғанын еркек болғаны үшін ақтау қай заңгерге барсаңыз да әділетсіздік. Жәбір көрушіні кінәлау – қоғам дерті. Мәселен, «Тальго» пойызындағы қыз бала зорланғанда көпшілік зорлаған адамды емес, қыздың өзін айыптады. «Қыз неге арақ ішіп алды?» деп сынға алды. Неге? Ер азаматтар ішімдік ішкен қызды зорлауына рұқсат деген талап бар ма? Біріншіден, жәбірленуші мен агрессорды анықтап алуымыз керек. Қоғам болып агрессорды жазалауымыз қажет. Онсыз да туыстары теріс айналған, зорланған азаматты кінәлау – жүрексіздік, санасыздық», деп түсіндіреді заңгер.

Аталған құбылысқа қарсы тұру шетелдік тәжірбиедегі көрініс туралы айтар болсақ:

  1. Америка Құрама Штаттары

АҚШ-та виктимблеймингтің алдын алу үшін қоғамдық науқандар мен заңнамалық өзгерістер кең тараған. Мысалы, «Me Too» қозғалысы сексуалдық зорлыққа ұшырағандардың әңгімелерін ашық айтуға мүмкіндік беріп, қоғамда құрбанды қолдау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті. Сонымен қатар полиция мен сот қызметкерлері үшін құрбанға дұрыс қарым-қатынас жасауды үйрететін арнайы тренингтер енгізілген.

  1. Еуропа елдері

Швеция мен Норвегия сияқты елдерде құрбанды кінәлау мәдениетін азайту үшін білім беру бағдарламалары маңызды рөл атқарады. Мектептер мен университеттерде гендерлік теңдік және зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша курстар өткізіледі.

  1. Азия елдері

Үндістанда соңғы жылдары әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық тақырыбы кеңінен талқыланып, медиа құралдары арқылы құрбандардың құқықтарын қорғау және оларға құрмет көрсету қажеттігі насихатталуда.

Қоғамдық көзқарасты өзгерту немесе виктимблеймингпен қалай күрессек болады?

  1. Білім беру: Виктимблеймингтің алдын алу үшін мектептер мен университеттерде арнайы сабақтар өткізу маңызды.
  2. Медиа мен ақпараттық науқандар: Жаппай ақпарат құралдары арқылы дұрыс пікір қалыптастыру және стереотиптерді жою қажет.
  3. Заңнамалық өзгерістер: Құрбанды кінәлау әрекеттерін қатаң бақылап, агрессорларға қатысты заңды күшейту қажет.
  4. Құрбандарға психологиялық қолдау көрсету: Арнайы орталықтар ашу және олардың жағдайын қоғам алдында түсіндіру.

Құрбанды кінәлау мәдениеті – қоғамдағы теңсіздік пен әділетсіздіктің бір көрінісі. Шетелдік тәжірибелер көрсеткендей, бұл мәселені шешу үшін құқықтық, білім беру және қоғамдық деңгейде кешенді тәсіл қажет. Құрбандарға қолдау көрсету арқылы ғана қоғамның моральдық және этикалық деңгейін жоғарылатуға болады.

Сәния ИБРАЕВА,

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ

4-курс студенті