«Бүгінгі таңда балалардың әліппесі – әлеуметтік желі, емізігі – TikTok, бесік жыры – Instagram десек артық болмас. Адамзат баласын отырғызып-тұрғызған осы құбылыстардың әсері әсірелеп айтсақ атом бомбасынан кем болмай тұр. Былтыр әріптесім Ерлан Сайыров TikTok платформасының қоғамдағы кері әсері туралы тиісті орындарға дабыл қағып еді, селт еткен жан жоқ. Сенатор әріптесіміз Нұртөре Жүсіп «бұрын балалаларды «тәк-тәкпен» тәрбиелейтін едік, қазір TikTok-пен тәрбиелеп жатырмыз» деп еді мінбеден. Өлі тыныштық», — деді ол.

Депутаттың сөзінше, кейінгі екі жылда 14,1 млн қазақстандық TikTok желісіне тіркелген екен.

«Құмар ойындарды жарнамалау, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, боғауыз сөздер, порнография, суицидке шақыру, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы секілді теріс әрекеттерге шақыратын лас ақпараттар осы TikTok арқылы тарап жатыр. Жасөспірімдердің TikTok-тан көргенін қайталап, жағымсыз қылық пен әдепсіз іске үйір болып бара жатқаны да жасырын емес», — деді депутат.

Мәселен, «Мысық серуені» деп аталатын челленджді мыңдаған жас қайталаған. Подиум моделіндей көшеде өтіп бара жатқан адамдардың алдында жүретін челлендждің қаралымы 500 миллионнан асқан. Осылайша, депутат қазір ұрпақ тәрбиесімен тікелей әлеуметтік желілер айналысып отырғанын айтып дабыл қақты.

«Осыны ескеріп әлем елдері мұның одан әрі етек алуына жол бермеу мақсатында TikTok-қа шектеу қою немесе ондағы контентке бақылауды күшейтуді қолға алып отыр», — дейді депутат.

Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері TikTok желісіне ішінара немесе толық шектеу қойғанын, Франция үкіметі жасөспірімдердің интернетке қолжетімділігін заңнамалық деңгейде реттегенін айта келе депутат Аустралия 16 жасқа дейінгі балаларға қолдануды заңмен шектеді, сондай-ақ Еуропалық Одақ, Канада, Ұлыбритания, Жаңа Зеландияда балалар қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылыққа байланысты 2023 жылы шешім қабылдаған деген мәліметтер келтірді.

«Керек десеңіз, TikTok-тың атасы саналатын Қытайдың өзінде бұл платформа қолжетімді емес. Біз де жеделдетіп TikTok-қа шектеу қою мәселесін қарастырғанымыз жөн. Өйткені TikTok-ты шамадан тыс қолданудың психологиялық әлеуметтік және академиялық салдары, баланың санасы мен денсаулығына кері әсері аз емес. Тіпті офтальмолог дәрігерлер телефонға телмірген балалардың арасында кейінгі бес жылда көз ауруы күрт көбейіп кеткенін айтады», — деді Жанарбек Әшімжан.

Депутат осы мәліметтер келтіре келе, Үкіметке мынадай шараларды қолға алуды ұсынып отыр:

  • TikTok-тағы әдепке, ұлттық құндылықтарға, дәстүріміз бен салтымызға қайшы келетін, балалардың санасын улайтын, теріс әдеттерге шақыратын барлық контентке шектеу қою;
  • Елімізде TikTok-ты кәмелеттік жасқа толмаған балалардың пайдалануына қатаң шектеу қою немесе мүлдем тыйым салу тетіктерін қарастыру керек.