Былтыр қараша айында 1,5 млрд теңге жымқырды деп күдікке ілінген Перизат Қайраттың ісі жаңа фактілермен толығып жатыр, деп хабарлайды Jastar janary.
«Біз біргеміз» қорының жетекшісі болған Перизат Қайрат мүгедек балаларға жиналған 22 млн теңгені қалтасына басыпты. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің өкілі Жеңіс Елемесов мәлімдеді.
«Мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап оңалту орталығын саламыз деп жұрттан жылу жинаған Перизат әлгі ақшаны жеке қажетіне жұмсаған», – дейді Елемесов.
Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтуынша, Перизат Қайраттың анасы да алаяқтық ісі бойынша күдікті деп танылып отыр. Гайни Алашбаева қызына көктемгі тасқындардан зардап шеккендерге көмек үшін қазақстандықтардан жиналған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыруға белсенді түрде көмектескен.
Тергеу наурыз айының басында аяқталмақ. Жалпы қылмыстық істің өзі 100 томнан тұрады. Тараптар істің материалдарымен танысқан соң, сот басталмақ.
Еске салайық, Перизат Қайрат көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған 1,7 млрд теңге қаражатты ұрлады деген күдікпен ұсталған болатын. Оған «алаяқтық» және «қылмыстық жолмен тапқан қаражатты заңдастыру» бабы бойынша айып тағылып отыр. Әзірге күдікті қамауда отыр, сот оның бұлтартпау шарасын ұзартқан.