Басты бет » Жаңалықтар » Зорлықтан қорлық көргендер азаяр емес

Зорлықтан қорлық көргендер азаяр емес

Отбасылық зорлық-зомбылық – бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселенің бірі. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық бұл отбасы мүшелері арасындағы ұру, ұрысу, бір-бірін балағаттап дөрекі сөйлесу, қысым көрсетіп қорлау. Яғни, мұндай үрдіс ерлі-зайптылардың өзара дұрыс қарым-қатынас орнамауы, ата-ананың балаға жақсы, сапалы тәрбие бере алмауы салдарынан туындауда.

Сурет: den-der.kz

Отбасылық зорлық-зомбылықтың туындау себептері қандай?

Статистиканың мәліметінше, зорлық-зомбылыққа көбінесе әйел адамдар ұшырайды екен. Бүгінде күйеу әйелін ұруы, анасы немесе әкесінің баласына зорлық көрсетіп ұрып-соғып, одан қалса түрлі жаза қолдануы қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Дәл осындай қарым-қатынастың салдарынан көптеген балалар мен әйелдердің қатты жарақат алып, арты мүгедектікке дейін баратын, тіпті қайғылы жағдаймен аяқталып жатырғандары қаншама?! Десе де, әйел адамдарына жасалған зорлық-зомбылықтың көпшілігі жасырын қалып жатады. Себебі әйел адамдар «ұят болады», «жұрт не дейді», «отбасымды сақтап қалайын, балаларым әкесіз өспесін» деп отбасылық сырды іште сақтап жүре береді. Бірақ кейбір жасы үлкен кісілер ерлі-зайыптылар арасында болатын жанжал бір жақтан емес, екі тараптан болатынын алға тартады.

Әйелге жасалған зорлық-зомбылықтың салдарынан балалары да зардап шегіп, жанжалдың куәгері болып жатыр. Ал бала болашақта ата-анасына қарап бой түзейді, олардың мінез-құлқы мен жасаған іс-әрекеттеріне қарай қалыптасады. «Бала көргенін жасайды» демекші, отбасында көрген зорлықты алдағы өмірінде қайталуы мүмкін.

Әдетте, мұндай жағдайлар ерлі-зайыптылар арасында қаншама жылдар бойы шешілмей келе жатырған мәселелердің одан әрі ушығуынан туындайды. Мәселен, ерлі-зайыптылардың арасына туыстарының араласуы, қаржы жетіспеушілігі, не болмаса әйелінің жұмыс істегеніне қарсы болып үйде отырғызып қою, оған ақша бермеу, ешқайда шығармау секілді мәселелерден басталады.

Балалар да дәл солай, ата-ананың өз баласын өзгемен салыстыру, төмендету, баласымен сөйлеспеу, ойын тыңдамау, баламен кеңеспеуден пайда болады. Немесе өзі зорлық көріп стресте жүрген ана ашуын баласынан алып жататын кездер де бар. Баласын ұрысу, ұру, артынан өзін жазғыру. Бұл жерде кінәні бір адамнан іздеуге болмайды. «Жұмыла жүгінген жүк жеңіл» демекші, отбасы болып психологқа барып, өздерімен жұмыс жасаса көптеген мәселеленің шешімі табылар еді.

Отбасылық жанжал үшін жаза қандай?

Былтыр полицияға отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты 100 мыңға жуық шағым түскен. Бұл статистика Үкіметтің ресми сайтында жарияланды.

Полицияға түскен 100 мыңға жуық шағымның, 16 мыңы сотта қаралып, шешім шыққан. Барлығы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты іс. Түскен 100 мың шағымның 72 мыңы бойынша «қорғау нұсқамасы» берілген. «Қорғау нұсқамасы» дегеніміз не? Яғни, жәбірленуші полицияның қорғауында болады. Үстінен шағым түскен азамат жәбірленушіні мазалауына болмайды. Тіпті қоңырау шалуға да тыйым салынады. Бақылау мерзімі – 30 күн. Талапты бұзған адам 5 күнге қамауға алынады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы 5 жылда әйелдерге қарсы қылмыстар саны екі есеге азайған. Оған биыл «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы» қабылданған жаңа заңның қатаңдатылғаны түрткі болды. Мәселен, бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргендер әкімшілік жазамен құтылатын.

Жаңа заңға сәйкес, енді олар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру деп аталатын баптан, «бас бостандығынан шектеу» деген тармақ алынып тасталды. 3-8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындады. Кәмелетке толмаған баланы зорлағандар өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Бұрын бұл бап бойынша қылмыскер 20 жылға сотталатын. Ал өзін-өзі өлтіруге және қорлауға итермелегендер 5-9 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Жыл басынан бері 35 мыңнан астам заңсыз интернет-ресурс, яғни түрлі сайттар бұғатталған. Оның ішінде, суицид пен зорлық-зомбылықты насихаттаған 127 сайт бар. Еліміздегі дағдарыс орталықтары да тағдырдың тауқыметін тартқан жандардың панасына айналды.

Биылдың өзінде еліміздегі 69 дағдарыс орталығына 5,5 мың әйел жүгінген. Оның 4 мыңға жуығында бала бар. 111 шұғыл байланыс қызметіне хабарласатындар да көп. 11 айдың ішінде 82 мыңнан астам қоңырау түскен. Қоңырау шалушылардың басым бөлігі – отбасылық зорлық-зомбылыққа шағымданып, психологиялық көмекке жүгінгендер. Сондай-ақ тәулік бойы қызмет көрсететін желіге заңгерлік кеңес бойынша хабарласатындардың да саны артқан.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты отбасылық психолог, психотерапевт маманы Зоя Пирниязованың пікірін білдік:

– Зорлық-зомбылық неден туындайды?

– Зорлық-зомбылық саналы, салауатты қарым-қатынас жоқ ортада пайда болады. Яғни, отбасында дұрыс емес қарым-қатынастан, қалыптасқан күрделі жағдайдан болады. Мысалы, кішкентай балаға ата-ана қатыгездік көрсеткенде, мектепте басқа да қоғамдық орындарда, қоршаған ортада зорлық көрген баланың санасында «менімен осылай зорлық көрсете беруге болады» деген  түсінік қалыптасады. Зорлыққа ұшыраған баланың ішінде міндетті түрде агрессия болады. Отбасынан алған агрессияны бала қайда жіберуді білмегендіктен, ол да айналасындағы әлсіздерге сондай әрекеттерді бағыттайды. Мысалы, зорлық-зомбылық физикалық, психоэмоционалдық, қаржылай, сексуалды болып төртке бөлінеді. Осының қандай да бір түрін көрген балада «мен зорлық көрдім, мен де зорлық көрсете аламын» деген түсінік пайда болады. Өйткені сырттағы біреудің агрессиясы баланың бойында қалады. Басқа біреуден агрессия алған бала өз бойындағы агрессияны сыныптастары немесе көшеде танымайтын біреулерге қол жұмсау, балағаттау немесе басқаша күш көрсету арқылы шығарады.

Отбасында ата-ана балаға зорлық-зомбылық көрсеткен кезде психологиялық немесе физикалық зорлық көрсетіп ұрған кезде болмаса сексуалды зорлық көрсе, бала агрессиясын оларға көрсете алмайды. Өйткені бала әлсіз әрі қауқарсыз.

Ашуын сыртқа шығаруға рұқсат жоқ, бала ашуын өзіне бағыттап, суицидтік жағдайлар да орын алып жатады. Мысалы, біздің менталитетімізде үлкен кісіге сөйлеуге болмайды, ата-анаға сөз қайтаруға болмайды деген секілді түсінік қалыптасқан. Сол нәрселер санада тұрған кезде олар  отбасынан алған агрессияны басқа біреуге көрсетуге ұмтылады. Мәселен, отбасында психологиялық зорлық көрген бала мектепте балаларды ұрып жіберуі мүмкін, басқа балаларды мазақтауы мүмкін немесе қандай да бір сөздер айтып, намысына тиюі мүмкін. Ал физикалық тұрғыда, ұрып өсірген бала балабақшада, мектепте, қоғамдық жерлерде болсын міндетті түрде басқа балаларды да ұрып, зорлық көрсететін болады. Бойындағы агрессияны сыртқа солай шығарады, оларға бұл қалыпты жағдай болып көрінеді.

Зорлық-зомбылықтың салдары неге әкеліп соғады?

– Бала немесе ересек кезінде зорлық-зомбылықты ұзақ уақыт көрген адамның санасында өзгелер маған осылай қарым-қатынас жасағанына қарағанда менде бір нәрсе дұрыс емес деген ой пайда болады. Мен дұрыс емеспін. Қоғамға немесе басқа адамдарға тура келмей жатырмын, сол себепті де мені ұрады немесе жаман сөздер айтады деп ойлайды. Сол себепті баланың өзін-өзі бағалауы төмен болады, өзін кеміс сезінеді, өзін жақсы нәрсеге лайық көрмейді. Бір сөзбен айтқанда, өзінің тұлға болып қалыптасуына балта шабады. Яғни, өзіне де, қоғамға да пайдасы жоқ адам болып өседі.

Дегенмен де отбасында зорлық көрген баланың барлығы зорлаушы болып қалыптаспайды. Кейбіреулерінде басқаша болады. Негізінде, зорлық көрген бала ол шынында да ержеткенде зорлаушы болуы мүмкін, бірақ өспей-ақ қазірде үйде ата-анасынан көргенін мектепке барғанда жасайтындар да бар. Зорлыққа ұшыраған бала ертеңгі күні зорлаушы болуы мүмкін. Өйткені бала ұзақ уақыттан бері өзінің зорланғанын сезінсе, өзін «құрбан» санайды. Осы жерде «Карпман үшбұрышы» айтып кетуге болады. «Жертва, спасатель, насильник» деген секілді. Бұл дені сау емес қарым-қатынастағы Карпман үшбұрышы үнемі айналып тұрады. Сондықтан да зорлық-зомбылықтың салдарынан саналы тұлға болып дұрыс дамымайды.

Зорлық көрген балалардың қандай да бір пайызы саналы түрде түсінетін болса, менімен осылай жасап қойды, бірақ мен ондай болмаймын деп шешім қабылдап, зорлаушы болмайды. Іштегі өзіне деген қолдауы, сенімі мықты болады. Өз-өзіне деген қолдауы мықты болған кезде бойындағы агрессияны басқа нәрселер арқылы бойынан тазалауды үйренеді. Мысалы, спорт, шығармашылық қабілеттер т.б. арқылы. Агрессиядан арылған кезде ол басқаларға зиян тигізуді ойламайды.

Адам өмірінің қандай да бір бөлігінде зорлықпен өмір сүрген болса және басқалардың онымен жасаған нәрселері дұрыс емес екендігін түсініп, психолог, психотерапевттің көмегіне жүгіне отырып бойындағы агрессиялардан арылу арқылы қоғамға зиянсыз тұлға болып өзін дамытуға мүмкіндік береді. Бірақ қоғамда екінің бірі психологқа баруға дайын емес, десе де бірқатары барып жұмыс жасап саналы түрде өмір сүру салтын ұстанып жатырғандар бар.

Балаларға қалай әсер етеді? Қандай зардаптары бар?

– Балаларды физикалық тұрғыда ұрмай-ақ, сексуалды зорлық көрсетпей-ақ, қатты дөрекі сөйлеп, орынсыз айғайлаудың өзі психикасына кері әсер етеді. Ал егер баланың психикасы мықты қалыптасқан болса, қатты әсер ете қоймауы мүмкін. Ал егер психикасы әлсіз болса, жеке тұлға болып қалыптасуына балта шабылғандай болады. Сол себептен бала өзінің қатарластарынан өзін төмен сезінеді, қоршаған ортада еркін сөйлей алмайды, ойын дұрыс жеткізуге кедергі болып артқа тартып тұрады.

Зорлық-зомбылық көрген адам міндетті түрде психологтың көмегіне жүгініп, психологиялық терапиядан өткені абзал. Терапия арқылы денедегі, санадағы қалыптасқан зорлық іздерін, дене ақпараттарды есте сақтап қалады. Психолог маманы сол жағдайларды өзгертуге жұмыс жасайды. Психологпен жұмыс жасамаса, соңы суицидке дейін алып келуі мүмкін, өйткені бала әлсіз болғандықтан болып жатырған жағдайларға өзі төтеп бере алуы қиын. «Менімен осылай жасап жатыр, менің күшім жетпейді, одан да мен өмір сүрмей-ақ өлгенім жақсы» деп ойлайды. Мысалы, менің тәжірибемде мұндай жағдайлар жиі кездеседі.

Менің алдымда 12 жасар қыз келді, оның ата-анасы соңынан ерген бауырларын мәжбүрлеп бақтырады. Былай қарасаң ұру емес. Бізде ойлайды ғой баланы еңбекке баулу керек деп, дегенмен еңбектің де өзіндік жас ерекшелігіне байланысты кезеңдері болады. Соған мән беру қажет. Бұл қыз артындағы үш баланы кішкентай кезінен баққан. Оның үстіне, ата-анасы «аузыңды жап, біз сені тудық, енді сен қарамағанда кім қарайды, бұл сенің бауырың» деп зорлықпен өсірген. Өзінің шаршағандығын анасына айтайын десе, анасы оны естуге дайын емес. Тіпті, естігісі де келмейді. Бұл жерде бала зорлық көріп тұр, еш шарасыз. Не мектепке, не басқа кісілерге айта алмайды. Ол өмір сүргісі келмей тұр. Бес рет суицид жасауға талпынған, бес рет тамырын кескен. Сол баланы ата-анасы маған әкелді «қайта-қайта суицидтік әрекет болып жатыр» деп. Себебі баланың ішінде неше жылдық ашу-ыза толып тұр. Өйткені оның балалық шағы ұрланған. Ұрланған балалық шағының ашуы тұр. Терапия арқылы біз ашуын шығаруын үйреттік, суицид болмау үшін агрессияны сыртқа шығаруды үйрету арқылы тоқтаттық.

Отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдер сізге көп келе ме?

– Иә, отбасында зорлық-зомбылық көрген оңтүстік өңірдің әйелдері көп келеді. Көбінесе, абьюзерлік қарым-қатынас. Яғни, ұрып-соғу, сексуалды зорлық көрсету деген секілді. Зорланушымен қарым-қатынасқа шығу үшін ол кісілердің балалық шағына ораламыз. Бұлардың барлығы бір күнде пайда болған жағдай емес. Бала күнінде сенімен осындай қарым-қатынас жасаймыз деген түсініктен кейін кейбір кісілер үшін бұл нормаға айналып қалған. Есейгеннен кейін қарасаң бір нәрсе дұрыс емес, күйеуі ұра береді. Ал бала күнінде ата-анасының ұрғанын немесе қандай да бір психологиялық тұрғыда көрсеткен зорлықты бала кезде ұмытып кетеді. Ересек кезде күйеуі ұрып жатырғанда шыдай алмағандықтан психолог маманының көмегіне жүгінеді. Тәжірибемде мұндай жағдайлар көп болған, қазір де болып жатыр. Әйелді ұру былай тұрсын, ешқайда шығармайтындары, ақша бермейтіндері де бар. Яғни, олар қаржылық жағынан абьюзер болып есептеледі. Психологиялық зорлық, жастары 40-50-ге келсе де күйеуінің рұқсатынсыз ешқайда шыға алмайды, бірнәрсе жасайын десе жасай алмайды, өздерін іштей бақытсыз сезінеді, агрессия толып тұр. Осындай жағдайлар бойынша алдыма келеді. Біз жұмыс жасау арқылы, бала күндегі зорлықтардың барлығын жазу арқылы емдеп, қазіргі өмірінде ондай жағдайларға жол бермеуіне жұмыс жасаймыз.

Яғни, ол кісілердің санасында «менімен былай болмайды» деген сөз қалыптасады. Жолдасы бұрынғыдай ұрып жатырса оған қарсы шыға алатындай, өз орнын білетіндей, өзін қорғай алатындай дәрежеге жетеді. Егер ұрып жатырса, таяққа көне бермейді. Ал ол еркекке қалыпты емес жағдай болып қалады. Өйткені бұрын ұрысын естіп, ұрғанына көнген әйелі қазіргі уақытта өзін «жертва» санамайды. Өзін қорғай алады. Бір сөзбен айтқанда, жолдасы үшін «ыңғайсыз» әйел болып қалады. Егерде отбасы мүшелері болып жұмыла жұмыс жасаса, дені сау қарым-қатынас орнату үшін бірге талпынатын болады. Бірақ, өкінішке қарай, бізде ондай отбасылар жоқтың қасы. Маған жұп болып әйелімен күйеуі келеді, «бірге өзгерейін деп едік, қарым-қатынасымызды жақсартқымыз келеді» дейді. Мұндай отбасылар санаулы. Көбісіне, шыдамы бітіп, өлуге сәл қалған, күш-қуаты бітіп, өздерін бақытсыз сезінуден шаршаған әйелдер келеді. Ол кісілер балаларына ұрысып, ұрады, басқа кісілерге, ата-енесіне қатты сөйлеп қойып, «неге менімен дұрыс болмай жатыр?» дейді.

Өзгеруге келеді, бірақ өздері қорқып отырады. «Ертең өзгеріп кетсем ажырасып кетпеймін бе?» деген үрей болады. Бұрынғыдай таяқ жегісі келмейді, бірақ өзгеруге қорқатын әйелдер келеді. Өйткені өзгеріп кетсем мен ажырасып кетуім мүмкін, мен тоқтай алмауым мүмкін деген ой пайда болады. Бұл жерде қорқудың еш қажеті жоқ. Алла адамды зорлық-зомбылықпен, қиналып өмір сүрсіндеп жаратқан жоқ. Кез келген адам зайырлы мемлекетте тұрғаннан кейін ештеңеден қорықпай өмір сүруге құқылы. Бұл жерде психологпен жұмыстың арқасында «Менімен бұндай қарым-қатынас жасауға болмайды!» деген ойды қалыптастырғаннан кейін сырттағы адамдар онымен санасуды үйренеді.

Адамдар басында қабылдамауы мүмкін, бірақ уақыт өте келе қабылдап бастайды. Жан-жағындағы адамдарда «оған зорлық жасауға болмайды» түсінік пайда болады. Бұған уақыт керек, өзінің процесі бар. Мысалы, маған терапияға келетін кісілерге өзіңе 2-3 ай уақыт бер деймін. 2-3 айдың ішінде біз аптасына 1 рет кездесіп, терапиямен, курспен жұмыс жасаймыз. Курс алған кезде іштегі травманы емдеу арқылы адам бұрынғы қалыптасып қалған санадағы установкалардың барлығын өзгерту арқылы біз қазіргі өмірді өзгертеміз. Яғни, бұрынғы балалық шақтағы травманы емдеу арқылы, жазу арқылы, біз қазіргі өмірді қалыптастырамыз. Өйткені олардың санасындағы қалыптасқан дүниелердің барлығы өткен шақта, бала күнінде қалыптасып қойған. Мысалы, қыз балаларда ата-ананың әртүрлі психологиялық, сексуалдық немесе экономикалық жағынан қиындық көріп өмір сүрген бала міндетті түрде өзіне зорлық-зомбылықты көрсететін адамды табады. Сол себептен мен қыздарға айтамын тұрмысқа шықпай тұрып өз саналарыңдағы қоқысты тазалап алыңдар, себебі өзіңе жақсы адамды, жақсы еркекті шақыру үшін сен санадағы бұрынғы установкалардың барлығы өшіру керексің деймін.

Міндетті түрде тұрмыс құрмаған қыздарға, ұлдарға жаңа өмірге қадам басушыларға терапия керек. Жоқ дегенде 1-2 курс терапиядан өтуі тиіс. Мысалға, дамыған мемлекеттерде, мәселен Түркияда екі жас үйленбей тұрып ең алдымен психологқа жүгінеді, ЗАГС-қа өтінім берген кезде курс терапиядан өтуге кеңес беріледі. Бұл жаңадан өмір бастау үшін, жаңа өмірді қалыптастыру үшін, өзінің қалаған өмірін сүру үшін қажет.

Біздің елімізде де өзге дамыған мемлекеттер секілді салауатты қарым-қатынас пен саналы ұрпақтың дәуірі келетініне үмітім үлкен.

Перизат САПАРОВА,

Jastar janary