14-15 желтоқсан күндері Astana IT University қабырғасында ICPC халықаралық студенттік спорттық бағдарламалау олимпиадасының жартылай финалы өтті, деп хабарлайды Jastar janary.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, сайысқа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінен келген 270 студент қатысты. Турнир Астана, Санкт-Петербург, Новосибирск және Тбилиси қалаларында бір уақытта өтіп, Солтүстік Еуразия аймағының ең үздік командаларын жинады. Біртұтас рейтингтік жүйенің арқасында студенттер халықаралық деңгейде жарысып, өздерінің білімдері мен дағдыларын көрсетті.
«ICPC — бұл жай ғана олимпиада емес, Қазақстанда техно-цифрлық қоғамды қалыптасуына мен дамуына ықпал ететін маңызды алаң. Бүгінде біз еліміздегі IT-саласында білім беруді сапалы дамытуға ерекше назар аударып отырмыз. Министрлік әлемнің жетекші университеттерімен бірлесіп жаңа білім беру бағдарламаларын енгізуде. Мысалы, Қызылорда қаласында Сеул ғылыми-техникалық университетімен серіктестік аясында жасанды интеллект мектебі ашылды. Сонымен қатар, Мичиган университеті, Гонконгтың Қалалық университеті, Аризона университеті, КАИСТ және Мәскеудің бірқатар жоғары оқу орындарымен бірлесіп жаңа оқу бағдарламалары әзірленді. Биыл бұл бағдарламалар бойынша 2000-нан астам студент оқуын бастады», — деп атап өтті Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Жеңімпаздар қатарында үздік нәтижелерді келесі командалар көрсетті:
«Sorry, who are you?» (Astana IT University) — жартылай финалдың жеңімпаздары, олар Қазақстанның атынан ICPC World Finals 2025 байқауына қатысады.
«1 Natural Intelligence» (International IT University, Алматы) — күміс жүлдегерлер.
«Jasdauren Street» (Nazarbayev University, Астана) — қола жүлдегерлер.
«Astana IT University командасының жеңіске жетіп, ICPC World Finals 2025 байқауында Қазақстан атынан шығатынын мақтан етеміз. Сондай-ақ осы беделді контесттің тең ұйымдастырушысы ретінде, Орталық Азияның интеллектуалды дарындарының Астанаға, біздің университетке жиналып жатқанына қуаныштымыз. Бұл біздің аймақта IT-білім беруді дамытудағы маңызды орталық екенімізді тағы да дәлелдейді», — деп атап өтті Astana IT University ректоры Асқар Хикметов.
ICPC — әлемдегі ең ірі және ең беделді бағдарламалау олимпиадаларының бірі. Ол 1977 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл чемпионат студенттерге өз білімдерін дәлелдеуге және командада жұмыс істеу дағдыларын нығайтуға мүмкіндік береді, ал бұл халықаралық технологиялық компанияларда жоғары бағаланады.
Орталық Азиядағы ICPC жарысын ұйымдастырушылары — Спорттық бағдарламалау федерациясы мен Astana IT University. Турнир Freedom Holding Corp., «Freedom Шапағат» қоры және Kcell/activ қолдауымен өтті. Қазақстанда ICPC жартылай финалының өтуі елдің Орталық Азиядағы IT-хаб ретіндегі позициясын нығайтып, технология саласындағы таланттарды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.